Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда жол ережелерін бұзған видеоларымен танылған блогер Назар Ролланға іздеу жарияланды

Назар Роллан
Фото: instagram.com/nazarrollan

Алматы көшелерінде жол ережелерін бұзған видеоларымен танылған қазақстандық блогер Назар Ролланға іздеу жарияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Блогер туралы ақпарат құқық қорғау органдарының іздеу жарияланған адамдарға арналған порталында пайда болған. Ол "Қылмыс жасағаны үшін іздеуде жүрген адамдар" бөлімінде орналастырылған.

Назар Роллан
Фото: qamqor.gov.kz

Порталдағы мәліметке сәйкес, Назар Роллан 1998 жылы 14 қаңтарда туған, қазір 28 жаста. Оған қатысты іздеу ісі бүгін тіркелген. Іздеу жұмыстарын Алматы қаласы полиция департаментінің Алмалы аудандық полиция басқармасы жүргізуде.

Журналист Михаил Козачков өзінің Telegram арнасында блогердің төбелеске қатысты қылмыстық іс бойынша күдікті деп танылғаны туралы ақпарат жариялады. 

Козачковтың мәліметінше, Назар Ролланды жауап беруге шақырғанымен, ол полицияға келмеген. Тергеу әрекеттерінен жалтаруына байланысты оған іздеу жарияланған.

Михаил Козачков блогердің шетелге шығып кеткенін, Қазақстан аумағында емес екенін алға тартты.

Еске салсақ, бұған дейін атышулы блогер Қайсар Қамза Вьетнамнан Қазақстанға экстрадицияланғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 14 Қазан, 2026 22:57