Блогер Қайсар Қамза Вьетнамнан Қазақстанға экстрадицияланды
Блогер Қайсар Қамза Вьетнамнан Қазақстанға экстрадицияланды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Блогердің Қазақстанға жеткізілгенін бас прокуратура растады.
“Бас прокуратурасы мен қаржылық мониторинг агенттігінің қызметкерлері Қазақстанның Вьетнам Социалистік Республикасындағы Елшілігінің қолдауымен аталған елден Қазақстан Республикасының азаматын экстрадициялады”, – делінген хабарламада.
Прокуратура күдіктінің 2026 маусым айында ішкі істер министрлігінің Интерпол ұлттық орталық бюросының сауалы бойынша Вьетнам аумағында ұсталғанын атап өтті.
Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті 2025 жылдың қаңтарында әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі ауқымды аудиториясын пайдалана отырып, сыйақы үшін заңсыз интернет-казино жарнамасын жасаған және Қазақстан азаматтарын құмар ойындарына қатысуға тартқан.
“Интернет-казиноны насихаттағаны үшін оның криптовалюталық әмиянына 200 мың доллар түскен”, – делінген хабарламада.
Бас прокуратураның мәліметінше, қазір ұйымдасқан топтың Қазақстан аумағында заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру және жүргізу қызметіне қатысты тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
“Жалпы, қылмыстық топтың қатысушылары 2021 жылдан бастап 2025 жылды қоса есептеген мерзімде Қазақстанда бірнеше заңсыз онлайн-казиноның қызметін ұйымдастырып, төлем терминалдары арқылы 106 млрд теңгеден астам қаражатты заңсыз иемденген”, – делінген хабарламада.
Прокуратура қылмыстық топтың 9 сыбайлас қатысушысы қамауға алынғанын атап өтті.
“Қазір күдікті тергеу изоляторында күзетпен қамауға алынды”, – делінген хабарламада.
Прокуратураның мәліметінше, күдіктіге айып тағылған бап бойынша мүлкi тәркiленiп, жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындау көзделген.
Еске салсақ, 2026 жылдың 11 қаңтарында қаржылық мониторинг агенттігінің қазақстандық блогер Қайсар Қамзаға іздеу жариялағаны белгілі болды. Кейін блогер бұл ақпаратқа Instagram Stories арқылы жауап беріп, дастархан басында отырған суретін жариялап, “Бәрі дұрыс” деп қысқа жазба қалдырған.
14 қаңтарда Қаржылық мониторинг агенттігі Қайсар Қамзаның заңсыз ойын бизнесіне жәрдемдесті деген күдікпен халықаралық іздеуге жарияланғанын мәлімдеген еді.
Қазақстандық ер адам үйлену тойының орнына екі әпкесіне үй, қарындасына көлік сыйлады (видео)
