Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыдағы кептеліс қашан азаяды? Урбанист қандай өзгеріс қажет екенін айтты

кептеліс
Фото: 2GIS

Қазақстанның ірі мегаполистерінің бірі, Алматы қаласында кептеліс мәселесі өте ауқымды. Облыстағы ауыл-аймақтан бастап, қаланың ішіне дейін көлік кептелісі болады. Қаланың үлкен көшелерінде кептеліс тіпті киллометрлеп созылып жатыр. Жалпы қала не үшін “бітеліп” жатады? Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі ақпарат таратады.

Алматы тұрғындары қаладағы көлік кептелісіне наразылық білдіріп, жолдағы қозғалыстың күннің әр уақытында қиындап кеткеніне шағымдануда. Әлеуметтік желіде жарияланған жазбаларда таңғы қарбалас уақытпен қатар, сағат 11:00, 14:00 және 16:00 шамасында да жолдарда кептеліс болатыны айтылған. Тұрғындардың бірі Алматыдағы кептелістің қашан аяқталатынын сұрап, жолдағы жағдайға байланысты тіпті баратын жеріне жетуге деген ынтасы жоғалатынын жазған.

оооооо
Фото: Әлеуметтік желіден

Тағы бір жазба авторының айтуынша, қала сыртындағы, соның ішінде Апорт сауда орталығынан Қаскелеңге дейінгі аралықта жол жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оның сөзінше, кейбір учаскелерде асфальт алынып, жолды кеңейту жұмыстары басталған. Соның салдарынан көлік қозғалысы қиындап, жүргізушілердің жолда ұзақ уақыт тұруына тура келеді. Желі қолданушысы жолдағы жағдай жүргізушілерден сабыр сақтап, бір-біріне түсіністік танытуды талап ететінін атап өткен. Қала тұрғындары күнделікті қатынау кезінде уақыт жоғалтып, кептелістің қашан жеңілдейтінін білмей қиналғанын жазды.

Редакциямызға урбанист Марат Балегереев сұхбат берді. Оның сөзінше, Алматыдағы кептелістің ең негізгі себебі – қаланың тартымды болуы. Яғни қала өсіп, халықтың әлеуеті де артып келеді.

Ала жаздай “бітелген” Төле би даңғылы

Урбанист қазіргі уақытта болып жатқан Төле би даңғылындағы кептеліс бойынша да тілге тиек етті. Сөзінше, кез келген құрылыс тұрғындардың қозғалысына қолайсыздық туғызады.

“Қазақстанда отандық құрылыс саласын қалыптастыру процесі жүріп жатыр, бұл жобалаушылар, құрылысшылар, коммуналдық қалалық қызметтер, қаржыландыратын ұйымдар сияқты барлық серіктестердің үйлесімді жұмысын талап етеді. Мұндай ауқымды жұмыстар алғаш рет жүзеге асырылып отыр, сондықтан жүргізушілер тарапынан түсіністік маңызды фактор болады. Шыдамдылық және ақпараттық қамтамасыз ету, айналма бағыттар бойынша жол қозғалысын ұйымдастыру”, – деді урбанист Марат Балгереев.

оооооо
Фото: Бейнероликтен үзінді

Мұқым халық білетіндей, қазіргі уақытта Алматы қаласының Төле би даңғылында BRT салынып жатыр. "Алматыбасжоспар" ғылыми-зерттеу институтының директоры Асхат Сәдуов жаңа Бас жоспарда қандай шешімдер қарастырылғанын және неге қоғамдық көлікке басымдық бермей, кептеліс мәселесін шешу мүмкін еместігін айтқан еді.

Асхат Сәдуовтың айтуынша, жаңа Бас жоспардың негізгі бағытының бірі кептеліс пен экология мәселесін шешудің негізгі құралы ретінде қоғамдық көлікті дамыту болмақ.

Сәтбаев көшесіндегі көлік тұрағының алынып тасталуы

Әкімдіктің алдындағы жолда бұрындары кең көлік тұрағы болған еді, қазіргі уақытта құрылыс жұмыстарынан кейін көлік тұрағы алып тасталынып, орнына гүлзер орнатылған. Салдарынан жүргізушілер көліктерін жол жиектеріне қоюға мәжбүр. Қарбалас уақытта жол жиегінде тұрған көліктен кептеліс туындайды. Марат Балгереевтің пікірінше, қаланың орталық бөлігінде ыңғайлы автотұрақтар құру, жерасты кеңістігін игеру қажет.

“Әкімдік – басты әкімшілік орталық, сондықтан оны тиісті көлемдегі автотұрақ орындарымен қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар, жұмыс уақытынан тыс уақытта қаланың орталық бөлігі де сұранысқа ие болуы және тиісті тұрақ орындарымен қамтамасыз етілуі тиіс”, – деп жауап берді урбанист.

Айналма жолдар

Қаладағы айналма жолдар да кептеліске әкелетіндердің бірі. Бірақ айналма жолсыз да жүруге болады дегенімізді білдірмейді. Ондай жолмен жүріп өтудің де өз әдебі бар. Алайда мегаполистегі айналма жолдың салынуы қаншалықты қисынды екенін урбанист айтты. Сөзінше, көлік жолайрықтарының қаншалықты дұрыс салынғанын бағалағанда, оларды сол кезеңдегі қоғамның даму деңгейімен және құрылыс саласының мүмкіндіктерімен байланысты қарастыру керек. Кез келген құрылыс жобасы сол уақыттағы инженерлердің біліктілігіне, жобалау сапасына және құрылыс саласының даму деңгейіне сай жүзеге асырылады.

“Мысалы, Храпунов әкім болған кезеңде әуежайға апаратын жолайрықтың бірін салуға үш жыл кеткен. Оның өзінде қаржылық және басқа да заңбұзушылықтар болғаны айтылды. Ал қазір біз осындай жолайрықтарды бір жылдың ішінде сала аламыз. Бұл да құрылыс саласының даму деңгейін көрсетеді. Сондықтан жолайрықтарды біржақты түрде "дұрыс" немесе "дұрыс емес" деп бағалауға болмайды. Оларды салынған кезеңнің жағдайын ескере отырып қарастыру қажет”, – деді урбанист.

Марат Балгереев жолайрықтар көлік ағынын реттеуге көмектесетінін айтты. Алайда олар қаладағы онсыз да тапшы жер аумағының көп бөлігін алып жатады. Сондықтан мұндай нысандарды салғанда олардың қандай мақсатқа қызмет ететінін ескеру маңызды.

“Мысалы, әуежайға апаратын жолдар көліктің жылдам әрі кедергісіз қозғалуын қамтамасыз етуі керек. Өйткені жолаушылардың әуежайға уақытында жетуі маңызды. Осы тұрғыдан алғанда, Алматыдағы әуежайға апаратын жолайрықтар өз міндетін атқарып тұр және оларда айтарлықтай мәселе жоқ деп есептеймін”, – деді урбанист.

Дегенмен, Марат Балгереев қаланың бас жоспарына сәйкес, шығыс бағыттағы аумақтарда құрылыс пен даму жалғасқан сайын, бұл жаққа қатынайтын көлік саны да артуы мүмкін. Сондықтан болашақта қосымша жолайрықтар салу немесе қолданыстағыларын қайта жаңғырту қажеттігі туындауы ықтимал екенін тілге тиек етті.

“Алтын Орда” базарындағы кептеліс

Урбанист “Алтын Ордадағы” кептелісті де тілге тиек етті. Оның айтуынша, бұл жер бойынша сұрақтарға жауап беру қиын. 

“Қазіргі жағдайды нақты бір заңдылыққа сүйеніп түсіндіру мүмкін емес. Әдетте қандай да бір нысанды жобалау немесе мәселені шешу үшін белгілі бір заңдылықтар анықталып, соның негізінде есеп жүргізіледі. Ол үшін түрлі көрсеткіштер мен айнымалылар ескеріледі. Ал бұл жағдайда базарға келетін адамдар мен көлік ағынын нақты есептеу өте қиын”, – деді Марат Балгереев.

Пробка Алтын орда
Фото: Бейнероликтен үзінді

Урбанистің пікірінше, "Алтын Орда" базары маңындағы кептелісті шешу үшін тек жол инфрақұрылымын дамыту жеткіліксіз. Базардың жұмысын жүйелеп, көлік кіретін және шығатын жолдарды, автотұрақтарды реттеу қажет. Сонымен қатар балама жолдар салып, жүргізушілерге кептеліс туралы жедел ақпарат беру маңызды. Ал маңдағы жаңа тұрғын үй кешенінің салынуы бұл аумақтағы көлік жүктемесін одан әрі арттыруы мүмкін.

 

Тұрғын үй кешеніндегі олқылық

Алматыдағы тұрғын үй кешендерінде тұрғындардың көлік қою кезінде де мәселе туындап жатады. Тіпті салдарынан жол көлік оқиғасы болатын кездер де бар. Урбанист бұны расымен де үлкен мәселе екенін айтты. 

“Оны шешу үшін тұрғын үй кешендерін жобалау мен салу процесін реттейтін жүйелі әрі сауатты институционалдық шешімдер қажет. Ең алдымен, қаланың бас жоспарына қатысты талаптарды қатаң сақтау керек”, – деді урбанист.

Сөзінше, қазір Алматының бас жоспары бұрынғыдай өзгеріссіз сақталуға тиіс қатаң құжат мәртебесінен айырылған. Ол жиі өзгертіледі. Сондықтан мәселені уақытша шаралармен емес, заңнамалық деңгейде шешу қажет. Бас жоспардың бірнеше жыл сайын өзгертіле беруіне және құрылысқа қатысты шешімдерге жоғарыдан бастап әкімдікке дейінгі деңгейде тікелей араласуға жол бермеу керек. Қазір кейбір шешімдер жүйелі жоспарлауға емес, жекелеген жобаларға басымдық беру арқылы қабылданады. Соның салдарынан жаңа тұрғын үй кешендерінің құрылысы қаланың жалпы көлік инфрақұрылымымен әрдайым үйлестіріле бермейді.

“Әрине, тұрғын үй кешендерін қажетті автотұрақ орындарымен қамтамасыз етуге қатысты заңнамалық талаптар бар. Алайда қаланың жалпы инфрақұрылымы мен жаңа тұрғын үй кешендерін өзара байланыстыра жоспарлау мәселесінде елеулі олқылық бар”, – деді урбанист.

Тұрғын үй кешенін жобалауға тапсырма берілген кезде оған апаратын жолдарға түсетін жүктеме кейде ескерілмей қалады. Соның салдарынан көлік кептелісі кешеннің ішінде емес, оған кіретін және шығатын жолдардың қалалық көлік инфрақұрылымымен түйісетін тұсында пайда болады.

Сөз соңында урбанист Марат Балгереев Алматыдағы кептеліс жағдайын нашар деп бағалауға болмайтынын айтты. Оның айтуынша, қалада қоғамдық көлік те дамып жатыр. Метро, BRT сияқты көлік түрлерін дамыту да жолдардағы жүктемені азайтуға ықпал етеді.

“Алайда соңғы уақытта электрсамокат сияқты балама көлік түрлерін пайдалануға қатысты шектеулер күшейіп келеді. Мысалы, самокатпен тротуарда жүруге тыйым салынса, оны пайдаланудың тиімділігі төмендейді. Өйткені адам самокатпен үйінің кіреберісіне дейін жете алмаса, оны басқа жерде қалдырып, қалған жолды жаяу жүруге мәжбүр болады. Бұл – мәселені шешудің оңтайлы жолы емес”, – деді урбанист.

пробка
Фото: Бейнероликтен үзінді

Урбанист біздің қоғам жаяу жүргіншілер мен самокат пайдаланушылардың тротуарды ортақ пайдалануына әлі толық бейімделмегенін мәлімдеді.Сөзінше, жаяу жүргіншілер тротуарды өз аумағы деп қабылдап, оны басқа қозғалыс құралдарымен бөлісуге әрдайым дайын емес. Бұл белгілі бір деңгейде қоғамдық сана мен мәдениетке байланысты. Дегенмен болашақта жаяу жүргіншілер мен балама көлік түрлерін пайдаланушылардың ортақ кеңістікті өзара құрметпен бөлісуіне жағдай жасау қажет.

Еске сала кетейік, Қазақстанның ірі қалаларында көлік ағынын ақылды жүйе арқылы басқару жоспарланып отыр. Премьер-министр Олжас Бектенов Көлік министрлігі мен әкімдіктерге ең көп жүктеме түсетін жолдарды анықтап, сол жерлерде жаңа жүйені пилоттық режимде іске қосуды тапсырды. Оған екі ай уақыт берілді.

Ислам Әден
Сәрсенбі, 14 Қазан, 2026 15:04