"Шығыны табысынан көп": Депутат Қазақстанда күнкөріс минимумын көтеруді ұсынды
Құрылтай отырысында депутат Асхат Рахымжанов Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы жүргізген сауалнамаға қатысқан көптеген отбасының ай сайынғы шығыны табысынан көп екенін мәлімдеді. Осыған байланысты партия күнкөріс минимумын көтеруді ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Депутаттың айтуынша, экономиканың жыл сайын 5%-дан астам өсуі қарапайым отбасылардың тұрмыс деңгейіне де әсер етуі керек.
“Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы бойынша, экономика жыл сайын 5%-дан астам өседі. Алайда социал-демократ ретінде біз басты сұрақты қоюымыз керек: бұл экономикалық өсім әр отбасы үшін нені білдіреді? Жалпыұлттық социал-демократиялық партия өз сауалнамасын жүргізді. Сауалнамаға қатысқан отбасылардың едәуір бөлігінің ай сайынғы шығыны табысынан асып түседі. Әрине, бұл бүкіл елді қамтитын статистика емес. Дегенмен, бұл – назар аударуды қажет ететін маңызды белгі, оны елемеуге болмайды”, – деді Асхат Рахымжанов.
Депутатт күнкөріс минимумын көтеру қажет деп санайтынын айтты.
“Бұл өзгеріс күнкөріс минимумының көрсеткішінен ғана көрініс таппауы керек. Ол әлеуметтік стандарттар мен мемлекеттік қолдау жүйесінде де ескерілуі тиіс. Экономиканың тұрақтылығы жалпы ішкі өнімнің өсу қарқынымен ғана өлшенбейді. Ол әр отбасының тұрмысы қаншалықты тұрақты екеніне де байланысты”, – деді депутат.
Айта кетейік, бұған дейін Құрылтайда шоты бұғатталған қазақстандықтарға күнкөрісіне ақша қалдыру мәселесі көтерілгені туралы жазған едік.
Қазақстандық әженің үйін жөндеуге келген еріктілер шатырдан 8 пакет ақша тауып алған: Кейуана оны қайыр тілеп жинаған
