Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тупак Шакурды өлтірле деп айыпталған Дуэйн "Киффи Ди" Дэвис 40 жылға сотталды

Тупак Шакур өлім сот сотталушы
Фото: Getty Images/Reuters

Сейсенбі күні Лас-Вегас соты 1996 жылы рэпер Тупак Шакурды өлтіру ісі бойынша 63 жастағы Дуэйн "Киффи Ди" Дэвисті 40 жылға бас бостандығынан айырды. Тамыз айының соңында алқабилер оны кінәлі деп таныған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі ВВС басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Судья Карли Кирни үкімді жариялау кезінде сотталушыға адамды өмірінен айыруға құқығы жоғын айтты.

“Үш жыл бойы сізден бір сөздің әртүрлі нұсқасын естіп келемін. “Иә, мен бұған қатыстым. Бірақ қазір мен басқа адаммын. Өткен өмірімді артта қалдырдым. Комптоннан кеттім. Қазір немеремнің атасымын” дейсіз. Сіздің адамды отбасынан тартып алуға құқығыңыз жоқ. Оның өмірін, бүкіл болашағын қиып, содан кейін ештеңе болмағандай кете алмайсыз", – деді судья айыпталушыға қарап.

Осылайша оны 40 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. 

АҚШ-та Тупак Шакурдың өліміне қатысты көп жыл бойы ашылмай келген атышулы істердің бірі бойынша сот процесі аяқталды. 1996 жылғы 7 қыркүйекте белгісіз біреу Лас-Вегаста рэпер Тупак Шакур мен музыкалық магнат Мэрион "Шуг" Найт клубқа бара жатқан кезде өтіп бара жатқан көліктен оқ атқан. Музыкант алған жарақатынан 13 қыркүйекте қайтыс болды. Ал "Шуг" Найт аман қалды.

Дуэйн "Киффи Ди" Дэвис – Тупак Шакурдың өліміне қатысты жауапқа тартылған жалғыз адам. Прокурорлар басқа адамдарға айып тағуға жеткілікті негіз жоқ екенін мәлімдеді. Рэперге оқ атылған көлікте болған деген болжам бар тағы үш ер адам да қайтыс болған.

Дэвис сол кезде South Side Compton Crips қылмыстық тобының жетекшілерінің бірі болған. Ал "Шуг" Найт пен Тупак келісімшарт бойынша жұмыс істеген Death Row Records музыкалық лейблі қарсылас Mob Piru Bloods тобымен байланысты болған.

2019 жылы "Киффи Ди" рэпердің өлімі туралы баяндаған мемуар кітабын шығарды. Оның жазуынша, Тупак Шакур Дуэйн Дэвистің жиені Орландо Андерсонмен төбелескен. Осыдан кейін South Side Compton Crips тобының мүшесі болған Дэвис бұл оқиғаны жазасыз қалдырмау туралы шешім қабылдаған.

"Киффи Ди" музыкантқа оқ атылған көлікте өзі де болғанын және кісі өлтіруге қолданылған тапаншаны өзі бергенін айтты. 

Дэвис 2023 жылы тұтқындалды. Ол өзінің мемуар кітабындағы мәлімдемелерінен бас тартуға тырысып, кітапты ақша мен атақ үшін шығарғанын және онда нақты не жазылғанын білмегенін алға тартты. Сотта оның қорғаушылары да осы ұстанымды қолдады.

"Сіз оқып отырған кітап – нақты деректерге емес, ойдан шығарылған оқиғаларға негізделген шығарма. Алайда мемлекет мұны мойындау деп қабылдағаныңызды қалайды", – деді "Киффи Ди" Дэвистің адвокаты Майкл Санфт.

Соған қарамастан, алқабилер Дэвисті қару қолдану арқылы бірінші дәрежелі кісі өлтіргені үшін кінәлі деп таныды. Бұл бап бойынша ең жоғары жаза – шартты түрде мерзімінен бұрын босату құқығынсыз өмір бойына бас бостандығынан айыру.

Еске салайық, былтыр 17 қыркүйекте рэпер әрі продюсер Puff Daddy (P.Diddy деген атпен белгілі) рэкет, сексуалды құлдық пен сауда және жеңгетайлық үшін қамауға алынып, Голливудта үлкен шу шыққан еді. Рэпердің ұйымдастырған кештерінде танымал поп-жұлдыздардың болғаны да белгілі, желіде фотолар пайда болған.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 14 Қазан, 2026 12:50