Белгілі рэпер Тупак Шакурдың өліміне қатысты 30 жылдан соң алқабилер үкім шығарды
Америкалық рэпер Тупак Шакурдың 1996 жылғы өліміне қатысты 30 жылға жуық уақыттан кейін сот үкімі шықты. Лас-Вегастағы алқабилер рэперді өлтіруді ұйымдастырды деп айыпталған Дуэйн "Кеффи Ди" Дэвисті кінәлі деп таныды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Hollywoodreporter.com порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Дуэйн "Кеффи Ди" Дэвис Тупак Шакурдың өліміне қатысты сот процесінде кінәлі деп танылды. Лас-Вегастағы алқабилер 31 тамызда осындай шешім шығарды. Аты аңызға айналған рэпер Тупак Шакур 30 жыл бұрын қаза тапқаннан бері оның өліміне қатысты іс бойынша шығарылған алғашқы сот үкімі.
Сот процесі Шакур 1996 жылы Лас-Вегаста көлікте келе жатқан кезде атыс салдарынан қаза тапқаннан кейін тура 30 жыл өткен соң басталды.
Бастапқыда сот процесі бір айға созылады деп күтілген. Алайда алқабилер екі апта бойы куәгерлердің жауабын тыңдап, кейін тараптардың қорытынды сөздеріне көшті. Прокуратура сотқа полиция қызметкерлері мен тергеушілерді қоса алғанда, жиырмадан астам куәгер шақырды.
Бұған дейін South Side Compton Crips көше тобының жетекшілерінің бірі болған Дэвис 2023 жылы қамауға алынып, Тупак Шакурды өлтіруге қатысты айып тағылды. Алайда тергеу барысында Дэвис рэперге тікелей оқ атқан адам ретінде қарастырылмады. Прокуратура оны кісі өлтіруді ұйымдастырған негізгі тұлға деп санады.
Тергеу нұсқасына сәйкес, оқиғаға Дэвистің жиені Орландо Андерсонның Тупак Шакурмен Лас-Вегаста болған жанжалы себеп болған. Тупак Шакурдың өлімі ұзақ жылдар бойы поп-мәдениет тарихындағы ең атышулы ашылмаған қылмыстардың бірі болып келді. Дэвистің бұл іске қатысы бар екені туралы ақпарат бұрыннан белгілі еді.
Дэвис бұған дейін берген сұхбаттарында Тупакқа жасалған шабуыл кезінде қолданылған қаруды өзі бергенін айтқан. Сондай-ақ ол 2019 жылы жарық көрген мемуарында да осыған ұқсас мәлімдемелер жасаған.
Мәлімдемелер прокуратура үшін маңызды дәлелдердің біріне айналды. Алайда Дэвистің қорғаушылары оның сөздеріне күмән келтірді. Олар Дэвис бұл оқиға туралы шындықты айтпағанын және кітаптарын көбірек сату үшін осындай мәлімдемелер жасағанын алға тартты. Соттың алғашқы отырысында қорғаушы тарап Дэвистің бұрынғы мәлімдемелерін "бос сөз" деп атады. Қорғаушылардың айтуынша, Дэвис сол кезде айтқан сөздері үшін ешқашан қылмыстық жауапкершілікке тартылмаған. Себебі, олардың пікірінше, тергеушілер оның шындыққа жанаспайтын мәлімет бергенін білген.
Тупак Шакурдың өлімі ұзақ уақыт бойы АҚШ-тағы көше бандалары арасындағы қақтығыстармен және 1990-жылдардағы хип-хоп индустриясындағы Шығыс пен Батыс жағалауы арасындағы текетіреспен байланысты болды.
Шакур өнер көрсеткен Death Row Records лейблін Мэрион "Шуг" Найт басқарған. Ол рэпер атылған түні Тупак отырған көлікті өзі жүргізіп келе жатқан.
Death Row Records-тың Bloods көше тобымен байланысы болғаны айтылған. Ал оның басты бәсекелесі Шон "Дидди" Комбс негізін қалаған Bad Boy Records лейблі еді. Бұл лейблдің Crips тобымен байланысы болған деген болжам айтылған. Бұған дейін Дэвис Шон "Дидди" Комбс Тупак Шакурды өлтіруге 1 миллион доллар ұсынғанын мәлімдеген. Алайда Комбс бұл айыптауды ұзақ уақыт бойы жоққа шығарып келеді.
Комбс қазір жезөкшелікке байланысты қылмыстық іс бойынша түрмеде отыр.
Былтыр қазан айында Нью-Йоркте Шон Комбсқа үкім шығарылды. Музыкант адамдарды жезөкшелікпен айналысу үшін тасымалдады деген айыппен 50 айға бас бостандығынан айырылды.
Кейінірек БАҚ-та P. Diddy-ді түрмеде өлтірмек болды деген ақпарат тарады – тұтқындардың бірі оның тамағына қолдан жасалған пышақ тақаған.
Еске салайық, былтыр 17 қыркүйекте рэпер әрі продюсер Puff Daddy (P.Diddy деген атпен белгілі) рэкет, сексуалды құлдық пен сауда және жеңгетайлық үшін қамауға алынып, Голливудта үлкен шу шыққан еді. Рэпердің ұйымдастырған кештерінде танымал поп-жұлдыздардың болғаны да белгілі, желіде фотолар пайда болған.
Пойызда қызға қол жүгірткен ер адамның үстінен екі бап бойынша әкімшілік іс қозғалды
