Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысында еріктілер қирауға шақ тұрған үйдің шатырынан 5 миллион теңге тапты

ақша кейуана
Фото: Видеодан скрин

Ақшаны көрген еріктілер бірден полицияға хабарласып, табылған олжаны органдағыларға табыстаған. Іздестіре келе мүлік жөндеуге мүқтаж үйдің иесіне тиесілі болып шықты. Кейуана садақадан жинаған миллиондарды құлауға шақ тұрған үйінің төбесінде сақтаған екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қазығұрт ауданындағы жалғызбасты әйелдің баспанасын жөндейміз келген еріктілер екі күн бұрын күтпеген жерден дорба-дорба ақша тапты. Шатырды бүтіндеуге шыққан жігіттер үйілген затты әуелі қоқыс деп ойлаған. Алайда арасында уыс-уыс тиын мен бума-бума ақшаны көріп ес жия алмай қалдық дейді.

"Бір-екі сумдар бар. Өзбекстанның ақшасы. Садақа сұрап жүрген кезде сол жаққа барып қалды ма?! Апам қанша жыл дуана болғам деп айтты. Ақшаның тең жартысы тиын. 8 пакет ақша шыққан болса, 8 пакеттің ішінде қаншама 100-50 теңгелік бар. Ал бірақ ақша одан көп", – дейді ерікті Бекзат Рахым. 

Ақша толы шатыр астында 58 жастағы Қазығұрт ауданының тұрғыны паналаған. Денсаулығында кінәраты бар келіншек көшеде қайыр тілеп күн көрген дейді жігіттер. Есін бірде біліп, бірде қасына адам жолатпайтын тұрғынның бұл ақшаны ұмытып кеткен болуы да мүмкін.

ақша кейуана (1)
Фото: Видеодан скрин
“30-40 миллион емес. Ол жерде бір 5-6 ақ млн-дай. Бірақ тиындар. 200-1000 теңгеліктер. 2000-10000 теңгеліктер. Біреу беріп кеткен. Апа жинайды екен ғой. Тиыннан көп нәрсе жоқ. Апам бірде біледі, бірде білмейді. Апа менікі деп тұр. Өзімнің жинаған ақшам деп айтып тұр. Қайыр тілеп сұрап алдым деп тұр. Апа мешітте, теміржол вокзалында, базарда жүрген екен. Қазығұрт ауданының өзінде жүреді екен", – дейді ерікті Құдірет Тұрғанбек.

Еріктілер тапқан мүлікке қол ұшын тигізбей полицияға хабарладық дейді. Сөйтіп қыруар қаржыны құзырлы орган өкілдеріне табыстаған.

“Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері тексеру барысында 5 миллион теңгеден астам ақша бар бірнеше пакет тапты. Үй иесінің айтуынша, ол бұл қаражатты жылдар бойы жинаған. Қажетті іс-шаралар өткізіліп, барлық жағдайлар анықталғаннан кейін ақша заңды иесіне қайтарылады”, – дейді Қазығұрт аудандық полиция басқармасы бөлімінің тергеушісі Сағыдат Бухаров.

Полиция мәліметінше 5 млн теңге жалғызбасты әйелге тиесілі. Оны енді тұрғынның өзіне қайтармақ. Айта кетейік, шатырынан ақша табылған келіншектің үйін еріктілер қазір асарлатып жөндеп жатыр. 

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 14 Қазан, 2026 08:01