Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Астанада жолаушы әйелге тиіскен InDrive жүргізушісі 10 тәулікке қамалды

Такси
Фото: istockphoto.com

Астанада inDrive такси қызметінің жүргізушісі жолаушыға интимдік сипаттағы ұсыныстар жасағаны үшін 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Астананың әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының мәліметінше, оқиға 2026 жылдың 11 қазанында таңғы сағат 07:00 шамасында болған. К есімді жүргізуші жолаушы Б-ға әдепсіз әрекеттер жасап, интимдік сипаттағы ұсыныстар айтқан.

Сот оның әрекетін “қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзу” деп бағалады.

Жүргізушінің кінәсі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамамен, полиция инспекторының рапортымен, жәбірленушінің түсініктемесімен және өзінің кінәсін мойындаған түсініктемелерімен дәлелденген.

Істі қарау кезінде сот жауаптылықты жеңілдететін екі мән-жай ретінде жүргізушінің кінәсін мойындауын және құқық бұзушылықты алғаш рет жасауын ескерді. Ал жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Сот қаулысымен жүргізушіге 10 тәулік әкімшілік қамауға алу жазасы тағайындалды.

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандықтар InDrive жүргізушілерінің "Яндекстегі" ақау кезінде жолақыны негізсіз қымбаттатқанына шағымданғаны туралы жазған едік. 

 

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 13 Қазан, 2026 20:33