Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қолынан сүйіп, денесін ұстаған": Алматыда 15 жастағы қыз такси жүргізушісінің әрекетінен шошып қалған

такси
Фото: pexels.com

Жақында әлеуметтік желіде 15 жастағы қыздың таксиде басынан өткерген жағдайы туралы жазба тараған еді. Оқиға Алматы қаласында болған. Жасөспірімнің туысының сөзінше, мектепке бара жатқан қызға такси жүргізушісі жеке өміріне қатысты сұрақтар қойып, кейін әңгімесін сексуалдық сипаттағы ұсыныстарға бұрған. Сондай-ақ қыз жүргізушінің өзіне рұқсатсыз қол тигізгенін айтқан. Оқиғадан кейін отбасы полицияға арыз түсірген. Алайда кейін туыстары істің қаралу барысына да қатысты бірқатар мәселе көтерді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқиға туралы Threads желісінде @danaazizkhanova есімді қолданушы жазды. Оның айтуынша, 15 жастағы қыз таксимен мектепке бара жатқан. Жолда жүргізуші одан кіммен бірге тұратынын сұрап, жеке өмірі туралы әңгіме бастаған. Жазба авторы ер адамның кейін қызға еркелетіп сөйлеп, кептеліс басталғанда "екеуінің арасында махаббат болады" деген мазмұнда сөз айтқанын жеткізді. Сондай-ақ жүргізуші оған гүл сыйлап, күн сайын мектепке апарып-әкелуді ұсынған.

тредс 1
Фото: скриншот

Жазбаның жалғасында автор жүргізушінің қызға ешкімге айтпай кездесуді ұсынғанын мәлімдеді. Оның сөзінше, ер адам жасөспірімнің "ересек болып қалғанын" айтып, араларындағы кездесуді құпия ұстауға болатынын жеткізген. Автор мұны жай әзіл немесе орынсыз сөз емес, кәмелетке толмаған балаға бағытталған сексуалдық сипаттағы әрекет деп бағалады. Осыдан кейін отбасы полицияға арыз түсірген.

тредс 2
Фото: скриншот

Алайда қыздың туысы полицияға жүгінгеннен кейін болған жағдайға да наразылық білдірді. Оның жазуынша, құқық қорғау органдарында жасөспірімнен сол күні қалай киінгені, иығы ашық болған-болмағаны, көлікте қалай отырғаны сұралған. Сондай-ақ "өзің тым ашық сөйлеген жоқсың ба?" және "өзің арандатқан болуың мүмкін бе?" деген мазмұнда сұрақтар қойылғанын мәлімдеді.

тредс 3
Фото: скриншот

Жазба авторы полицияға көліктің мәліметін берген кезде тағы бір жайтты білгенін айтады. Оның сөзінше, ақ түсті Toyota Corolla туралы ақпаратты естіген полиция бөлімінің басшысы жүргізушіні бірден таныған және бұған дейін де оның үстінен арыз түскенін айтқан. Автор алдыңғы арыздың қандай жағдайға байланысты жазылғанын білмейтінін және оған қатысты қорытынды жасамайтынын атап өткен. Дегенмен ол бұған дейін полиция назарына іліккен адамның жолаушы тасымалдауын жалғастыруы қалай мүмкін болғанын сұрайды.

тредс 4
Фото: скриншот

 

Отбасы такси қызметіне де шағымданған. Автордың жазуынша, сервистің қолдау қызметі жүргізушінің бұдан былай осы платформа арқылы жұмыс істей алмауы үшін оны бұғаттайтынын хабарлаған. Алайда қыздың туысы мұндай шара жеткілікті ме деген мәселе көтерді. Ол бір сервисте бұғатталған жүргізушінің басқа платформада жолаушы тасымалдауын жалғастыруына не кедергі болатынын және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін қандай тетіктер барын сұрады.

Іске Human Rights Lawyers қоры араласты

Оқиға жария болғаннан кейін қыздың тәтесі Human Rights Lawyers қорынан көмек сұраған. Алдымен оған заңгерлер кеңес беріп, кейін қордың адвокаты іске араласқан. Қазір ол 15 жастағы қыздың құқығын қорғап жүр. Бұл туралы редакцияға қор басшысы Ләззат Рақышева айтты.

Рақышева
Фото: Ләззат Рақышеваның жеке мұрағатынан

Қор өкілдерін қыздың оқиғадан кейінгі жағдайы ерекше  алаңдатқан. Рақышеваның айтуынша, жасөспірім мектепке жеткенде жылап, болған жағдайды сынып жетекшісіне айтып берген. Кейін мектеп психологына барған.

Психолог қыздың қатты қобалжып, қорқып тұрғанын байқайды. Оқиғадан кейін оның өзін қауіпсіз сезінуі қиындап, ер адамдардан қорқа бастаған және ұйқысы бұзылған. Болған жағдай ойына қайта-қайта оралып, қоғамдық орындарда және көлікте өзін бұрынғыдай еркін сезіне алмай қалған.

"Маман бұл белгілерді қыздың өзін қатты күйзеліске түсірген оқиғадан кейінгі стресс деп бағалады. Бұл қорытынды құқық бұзушылық болғанын немесе нақты адамның кінәсін дәлелдемейді. Бірақ оқиғадан кейін баланың психологиялық жағдайы едәуір өзгергенін көрсетеді", – деді қор өкілі.

"Өзің арандатқан шығарсың?"

Қор өкілдерінің айтуынша, полицияда қызға қойылған кейбір сұрақтар да мәселе тудырып отыр. Оларға жеткен мәлімет бойынша, жасөспірім болған жағдайды бірнеше рет қайталап айтып беруге мәжбүр болған.

"Оған “Мүмкін, өзің арандатқан шығарсың?”, “Мүмкін, тым ашық сөйлеген шығарсың?”, “Оны видеоға түсірдің бе?”, “Денеңде көгерген жерлер болды ма?” деген сұрақтар қойылғаны айтылды", – деді Рақышева.

Қор мұндай жағдайда баланың жасын ғана емес, сол сәттегі көңіл күйі мен психологиялық жағдайын да ескеру керек деп есептейді. Психолог та болған жайтты қыздан қайта-қайта егжей-тегжейлі сұрай бермеуге кеңес берген.

"Кәмелетке толмаған бала болған жағдай үшін өзін ақтауға немесе өзіне қатысты жасалған әрекетті дәлелдеуге мәжбүр болмауы тиіс. Онымен жүргізілетін барлық әрекетте жасы мен психологиялық жағдайы ескерілуі керек", – деді ол.

Іс әзірге ұсақ бұзақылық ретінде қаралып жатыр

Қазір жүргізушіге қатысты іс әкімшілік құқық бұзушылық, яғни ұсақ бұзақылық ретінде қаралып жатыр. Алайда қыздың адвокаты мұндай құқықтық саралаумен келіспейді.

Қордың мәліметінше, іс материалдарында жүргізушінің 16 жасқа толмаған қызға сексуалдық сипаттағы ұсыныстар айтқаны көрсетілген. Қыз сондай-ақ оның өзіне рұқсатсыз қол тигізгенін айтқан. Осыған байланысты адвокат әкімшілік істі тоқтатып, жүргізушінің әрекетінде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бар-жоғын анықтау үшін материалдарды тиісті органға жіберуді сұраған.

"Біз нақты адамның кінәсін алдын ала айтып отырған жоқпыз. Біздің талабымыз – қыздың жасы, оның түсініктемесі, жүргізушінің айтқан сөздері мен жасаған әрекеттері, оқиғадан кейінгі баланың психологиялық жағдайы және іс бойынша жиналған өзге де дәлелдер толық зерттеліп, әрекетке объективті құқықтық баға берілуі", – деді Ләззат Рақышева.

Адвокат соттан не сұрайды?

Іс сотқа жеткенде адвокат осы мәселені көтерген. Қор басшысының пікірінше, сот әкімшілік хаттамадағы қысқаша мәліметпен шектелмей, қыздың алғашқы түсініктемесін, тәтесінің арызын және іс бойынша жиналған өзге материалдарды да ескеруі керек.

"Егер істің бастапқы материалдарында осындай мәліметтер көрсетілсе, олар құқықтық саралау кезінде назардан тыс қалмауы керек", – деді қор басшысы.

Қор басшысы баланың қауіпсіздігіне қатысты мәселелерге де назар аударуды сұрайды.

"Кәмелетке толмаған баланың қауіпсіздігі бірінші орында болуы керек. Ал құқықтық баға барлық дәлел мен мән-жай жан-жақты зерттелгеннен кейін берілуі қажет", – деді Ләззат Рақышева.

Адвокаттың істі әкімшілік өндіріс аясында қарауды тоқтатып, жүргізушінің әрекетіне қылмыстық заң тұрғысынан баға беру туралы өтініші бойынша әзірге түпкілікті шешім шықпаған. Алда іс бойынша сот отырысы өтеді. Stan.kz соттағы жағдайды бақылап, оның қорытындысын кейінірек жариялайды.
 

Қарлығаш Асқарова
Бейсенбі, 17 Қыркүйек, 2026 17:13