Қазақстанда мәслихат депутаттарының сайлауына жеті партия қатысатын болды
Қазақстанда мәслихат депутаттарын сайлауға жеті саяси партия қатысады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұл туралы Орталық сайлау комиссиясының отырысында айтылды.
Сайлауға қатысуға рұқсат алған партиялардың қатарында:
- "Ақ жол";
- "Ауыл";
- "Әділет";
- Жалпыұлттық социал-демократиялық партия;
- "Байтақ";
- Қазақстан халық партиясы;
- Respublica партиясы бар.
Ал Amanat партиясы Орталық сайлау комиссиясына ресми хат жолдап, сайлауға қатыспау туралы шешім қабылдағанын хабарлаған. Бұған дейін партия жаңа "Әділет" партиясымен біріктірілген еді.
Мәслихат депутаттарын сайлау аралас жүйе бойынша өтпек.
Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Әсел Жанәбілованың айтуынша, кандидаттар партиялық тізім арқылы да, бірмандатты сайлау округтері бойынша да ұсынылады. Саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктер кандидат ұсына алады. Азаматтардың өзін-өзі ұсынуына да мүмкіндік бар.
Мәслихат депутаты болуға Қазақстанның 20 жасқа толған және заңнама талаптарына сәйкес келетін азаматтары үміткер бола алады. Дегенмен бір адам бір ғана мәслихаттың депутаты болуға құқылы.
Қазақстанда мәслихат депутаттарын сайлау 29 қарашада өтеді деп жоспарланған. Орталық сайлау комиссиясы сайлау науқанының негізгі кезеңдері көрсетілген күнтізбелік жоспар жобасын ұсынды.
ОСК төрағасының орынбасары Мұхтар Ерманның айтуынша, кандидаттарды ұсыну және өзін-өзі ұсыну кезеңі 14 қазанда басталып, 27 қазан сағат 18:00-де аяқталады. Партиялық тізімдер мен кандидаттарды тіркеу 1 қараша сағат 18:00-ге дейін жалғасады.
Үгіт-насихат жұмыстары 1 қараша сағат 18:00-де басталып, 28 қараша сағат 00:00-де аяқталады. Ал 28 қараша – тыныштық күні. Сайлау учаскелерінде дауыс беру сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өтеді.
Сайлаушылар тізімі дауыс беру күніне 15 күн қалғанда, яғни 13 қарашадан бастап танысу үшін ұсынылады. Мәслихат депутаттарын сайлау қорытындылары бес күн ішінде шығарылады.

Сайлауға қатысу үшін кандидаттар мен партиялар белгіленген мөлшерде жарна төлеуі керек. Партиялар партиялық тізімге енгізілген әр кандидат үшін бес ең төменгі жалақы (2026 жылы 425 000 теңге) көлемінде жарна аударады. Бірмандатты округтер бойынша ұсынылған кандидаттарға да осындай талап қойылады. Жарна кандидаттың заң талаптарына сәйкестігі тексерілгеннен кейін, оны тіркеуге дейін төленеді.
Төленген ақшаның қайтарылуы сайлау нәтижесіне байланысты. Егер саяси партия сайлаушылардың кемінде 5%-ның дауысын жинаса, сайлау жарнасын төлеуден босатылады. Ал 3–5% аралығында дауыс алған партияға белгіленген жарнаның 50%-ы, 1–3% аралығында дауыс жинаған партияға 70%-ы төленеді.
Бірмандатты округтерден түскен кандидаттарға қатысты ереже өзгеше. Егер кандидат дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың кемінде 5%-ның дауысын алса, өзі төлеген жарна толық қайтарылады. Ал қайтарылмайтын қаражат республикалық бюджетке аударылады.
Еске салсақ, 12 қазанда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы жарлыққа қол қойған еді. Барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2026 жылғы 29 қарашаға белгіленді.