Қазақстанда мәслихат депутаттарының саны өзгереді: Орталық сайлау комиссиясы жаңа тәртіп бекітті
Қазақстанда облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттардағы депутаттар санын анықтау тәртібі өзгерді. Енді халық саны артқан сайын жергілікті өкілді органдардағы депутаттық орындар да көбейеді. Орталық сайлау комиссиясы тиісті қаулыны 2026 жылғы 2 қазанда қабылдады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жаңа тәртіпке сәйкес, мәслихат депутаттарының саны өңірлер мен қалалардағы тұрғындардың санына қарай белгіленеді. Халқы көп аймақтарда депутаттық мандат саны да артады.
Атап айтқанда, облыстық мәслихаттарда халық саны 300 мыңға дейін болса, кемінде 26 депутат болуға тиіс. Әрбір қосымша 200 мың тұрғынға екі депутаттық орыннан қосылады.
Астана мен республикалық маңызы бар қалаларда халық саны 1,1 миллионға дейін болса, мәслихатта кемінде 30 депутат болады. Ал тұрғындар саны осы межеден асқан жағдайда әрбір қосымша 200 мың адамға екі мандаттан беріледі.
Қалалық мәслихаттарда 50 мыңға дейін тұрғыны бар қалалар үшін кемінде 11 депутаттық орын қарастырылған. Халық саны әрбір 25 мың адамға артқан сайын тағы бір мандат қосылады.
Аудандық мәслихаттарда 15 мыңға дейін тұрғыны бар аудандарда кемінде 10 депутат болуы қажет. Әрбір қосымша 15 мың тұрғынға бір депутаттық орыннан беріледі.
Қай қалада қанша депутат болады?
Орталық сайлау комиссиясының қаулысында бірқатар қала мен аудан мәслихаттарындағы депутаттардың нақты саны да көрсетілген.
Атап айтқанда:
- Ақтөбе қаласында – 30 депутат;
- Тараз қаласында – 28 депутат;
- Семей қаласында – 22 депутат;
- Алатау қаласында – 11 депутат.
Аудандық мәслихаттар арасында ең көп депутаттық орын Алматы облысында қарастырылған. Қарасай, Еңбекшіқазақ және Іле аудандарының әрқайсысында 25 депутаттан болады.
Ал Жамбыл облысының Жамбыл ауданында 13, Абай облысының Үржар ауданында 11 депутаттық орын белгіленген.
Бұдан бөлек, алты ауданда мәслихат депутаттарының саны 10 адам болып бекітілді. Олар – Шығыс Қазақстан облысындағы Күршім, Катонқарағай, Үлкен Нарын және Марқакөл аудандары, сондай-ақ Абай облысындағы Мақаншы мен Жаңасемей аудандары.
Депутаттардың саны қалай есептеледі?
Жаңа ережеге сәйкес, мәслихаттағы депутаттық орындар саны сайлау тағайындалған күнгі халық санына байланысты анықталады. Ол үшін Ұлттық статистика бюросының ресми мәліметтері негізге алынады.
Орталық сайлау комиссиясының қаулысы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енді.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтетіні хабарланған еді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мұны мемлекеттік басқару жүйесіндегі өзгерістердің қорытынды кезеңі деп атады. Сондай-ақ мемлекет басшысы жақын арада Премьер-министрмен және Құрылтай төрағасымен барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесі бойынша консультация өткізетінін мәлімдеді.
Тұтқындарды босату бойынша ел тарихындағы алғашқы операция: Өлім жазасына кесілген қылмыскерлер бүтін автобусты қалай басып алды
