Қызы туылғанда інісі мен келінін ата-анасы деп көрсеткен қазақстандық оны өз атына тіркей алмай жүр
Алматы облысының тұрғыны Абай Дәлелхан Қытайдан Қазақстанға уақытша келген қызы Раянаны депортациялап жібере ме деп алаңдайды. Қытайда дүниеге келген Раянаны перзентханадан шығарарда Абай қыздың құжатына ата-анасы ретінде өзінің інісі мен келінін жазған. Қыздың құжатында саналы түрде жасалған қателік пен ер адамның бірінші некесі оның қызымен бірге болуына кедергі болып тұр. Stan.kz редакциясы Абай Дәлелханмен тілдесті.
Абай Дәлелхан 2011 жылы Қытайдан Қазақстанға келіп, 2013 жылы азаматтық алған.
“Негізі Қытайдан үйленіп, некелесіп келгенмін. Қазақстанға келген соң дәм-тұзымыз жараспай, ажырасып кеттік. Қолымызда Қазақстанның мемлекеттік мекемесі берген ажырасқанымыз туралы құжат бар. Кейін 2015 жылы Қытайға барып екінші рет отбасын құрдым. Қазақстанға келіп, тойымызды жасадық. Әйелімнің құжаттарымен біраз қиындықтар туып, босанатын уақыты жақындады. Қытайда әйелді босандыру үшін неке куәлік сұрайды. Баланы неке куәлікті ата-анаға бермейді. Мен неке куәлігім жоқ, ажырасқанымды айттым. Бірақ олар базада менің бірінші әйеліммен некеде тұрғанымды жеткізді. Бірінші әйеліммен некеде емес екенімді дәлелдеу үшін ол Қытайға анықтама алып келуі керек екен. Ол кісімен хабарласуғы тырыстым, бірақ телефонын көтерген жоқ”, – дейді ер адам.

Абайдың айтуынша, толғақ қысып, жаны қысылған сәтте дәрігерлер некеде тұрғанын растайтын құжат сураған. Сондықтан ол әйелі мен сәбиін аман алып қалу үшін перзентханаға інісі мен келінінің куәлігін өткізуге мәжбүр болғанын айтады.
“Қызым Раянаның құжатына әкесі ретінде Несіпқазы деп інімнің аты жазылды. Баланың құжатын жасау кезінде қан сәйкестігін тексерді. Құжаттағы әке-шешесінің қаны мен баланікі сәйкес келмейтін болып шықты. Кейін менің Қытайда жүру мерзімім өтіп кетті. 2017 жылы мен Қазақстанға келіп, әйелім 2019 жылға дейін Қытайда қалды. Бейжің қаласында ДНК сараптамасын жасатты. Өзіміздің Текес аудандық құзырлы органдарына келген кезде олар бізден ақша талап етті. Ондай ақша болмағандықтан әйелім баланы әке-шешеме аманаттап, 2019 жылы Қазақстанға келді. 2020 жылы азаматтық алды. Мұнда да талай мекеменің табалдырығын тоздырдық. Бірақ онымыздан ештеңе шықпады”, – дейді Абай Дәлелхан.
2023 жылы 7 қаңтарда ерлі-зайыпты Tik Tok желісіне шығып, қызын көрмегелі 7 жыл болғанын, сағынғанын айтып, видеоүндеу жариялады. Содан Қытай мемлекеті Раянаға құжат жасап, Қазақстанға баруға рұқсат берген. Визасын аштырып, жеке куәлігін жасап берді. Бірақ Қазақстанға өтер кезде жеке куәлігін алып қалды.
“Қызым Қазақстанға келген соң Алматыда өзімнің, әйелімнің және қызымның ДНҚ қан сараптамасын жасаттық. 2025 жылы Алматы қаласы кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына жүгіндік. Бірақ осы уақытқа дейін еш жауап болмады”, – деп қынжылды Абай Дәлелхан.

Раяна елге 2023 жылы 12 сәуір күні келген. 2028 жылы оның Қазақстанда заңды түрде жүру мерзімі аяқталады. Виза 2017 жылы сәуір айына дейін ғана ұзартылған. Қыздарымен үш жыл бұрын ғана қауышқан ата-ана Раянаны қайтадан Қытайға алып кете ме деп қорқады.
“Қазір виза бермей жатыр. Егер виза ала алмасақ, 2027 жылдың сәуірінде-ақ Раянаны Қызақстаннан шығарып жіберуі мүмкін. Төлқұжатының уақыты – 2028 жылға дейін”, – дейді қыздың әкесі Абай Дәлелхан.
Қазір Раяна 4-сынып оқушысы.
Осы отбасының жағдайына байланысты редакция Ішкі істер министрлігіне ресми сауал жолдады. Ведомство бұл мәселенің жеке қаралатынын жеткізді. Министрліктің мәліметінше, баланың болу мәртебесін реттеу үшін оның заңды өкілдеріне тұратын жері бойынша көші-қон қызметі органдарына қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүгіну қажет. Сол жерде толық әрі егжей-тегжейлі түсініктеме беріледі деп бағыттады ведомство.
“Қазақстан аумағында некені бұзу туралы куәлікті Қытай Халық Республикасының құзыретті органдарына ұсыну үшін заңдастыру немесе апостиль қою мәселесі бойынша азаматтық хал актілерін тіркеу мәселелері жөніндегі құзыретті орган ретінде "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына немесе Әділет министрлігіне жүгіну керек”, – деп мәлімдеді Ішкі істер министрлігі.
Сондай-ақ ведомство Қытайдан келген этникалық қазақтарға виза беруден және Қазақстан Республикасының азаматтығына қабылдаудан бас тарту туралы ақпаратты жоққа шығарды. Құжаттарды қабылдау қолданыстағы заңнамада белгіленген тәртіппен жүзеге асырылатынын атап өтті.
Министрлік биыл ақпан айынан бастап Қазақстан Республикасында иммигранттарға тұрақты тұруға рұқсат беру тәртібінің өзгергенін еске салды.
Қазақстанда тұрақты тұруға рұқсат алу немесе қандас мәртебесін беру не ұзарту үшін шетел азаматтары алдын ала скринингтен өтеді. Сондай-ақ бұл пилоттық жоба аясында:
- Мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтау мақсатында тестілеуден өтеді;
- Сауалнама жүргізіледі;
- Мемлекеттік органдар тарапынан тексеру жүргізіледі;
- Қорытынды әңгімелесу болады.
“Осыған байланысты, қазір Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға визалар (В1 және С1 – этникалық қазақтар үшін) мемлекеттік тілді білу туралы сертификат және скринингтен өткенін растайтын құжат ұсынылғаннан кейін беріледі. Қазақстан Республикасының азаматтығын қабылдау мәселесіне қатысты Конституцияның жаңа редакциясында (13-бап) Қазақстан Республикасында қос азаматтыққа немесе бірнеше азаматтыққа жол бермеу қағидаты нақты көрсетілген. Өзге мемлекеттің азаматты Қазақстан Республикасының азаматы бола алмайды”, – делінген министрлік жауабында.
Сонымен қатар ведомство Қазақстан Республикасының азаматтығын бұрынғыдай жеңілдетілген тәртіппен алу "Қазақстан Республикасының азаматтығы туралы" заңына тиісті өзгерістер енгізілгенге дейін уақытша тоқтатылғанын ескертті. Ал Қазақстан Республикасының азаматтығын жалпы тәртіпте алу қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүргізіліп жатыр. Министрлік оған құжат қабылдауда ешқандай кедергілер жоқ екенін атап өтті.