“Мәселе мәдениетте емес”: Мамандар Қайрат Нұртастың концертіндегі халық әрекетіне баға берді
Өткен демалыс күндері Шымкентте өткен Қайрат Нұртастың концерті жаппай дүрбелеңге ұласты. Жиналған жұрт бір-бірін итеріп, адамдар қысылып қалып, салдарынан 18 жастағы қыз жансақтау бөліміне түсті. Кейін концерт ұйымдастырушысы қамауға алынды. Полиция мәліметінше, сатылған билеттер саны концерт өтетін орынның сыйымдылығынан едәуір асып кеткен. Неліктен көпшілік жиналған жерде адамдар арасында осындай қауіпті жағдай туындайды және бұған кім жауапты? Stan.kz тілшісі мәселенің психологиялық және әлеуметтік себептерін анықтау үшін психолог пен әлеуметтанушының пікірін білді.

Мұндай дүрбелеңді тек адамдардың тәрбиесімен немесе тұтас бір қаланың мәдениетімен байланыстыру қаншалық орынды?
“Мәселе тек тәрбие мен мәдениетте емес”
Нархоз университетінің қауымдастырылған профессоры Айман Жүсіпова мұндай оқиғаларда қазақстандықтарды мәдениетсіз немесе тәрбие деңгейі төмен деу қате екенін айтады.
Әлеуметтанушы адамның қоғамдық ортадағы әрекетіне бірнеше әлеуметтік фактор ықпал етеді деп санайды. Соның алғашқысы – айналасындағылардың мінез-құлқы.
Егер біреу кезексіз өтіп кетсе, өзгелер де соның әрекетін қайталауы мүмкін. Өйткені кезек күтіп тұрған адам ережені сақтағаны үшін ұтылып жатқандай сезінеді. Ал екінші фактор – бір нәрсе жетпей қалады деген қауіп.
“Тіпті тауар немесе тегін таратылатын заттар бәріне жеткілікті болса да, адамдар оның барлығына жететініне сенімді болмауы мүмкін. Мұндай белгісіздік бәсекені күшейтеді. Үшінші фактор – іс-шараның ұйымдастырылуы. Нақты ережелердің, жеткілікті ақпараттың және адамдар қозғалысын реттеудің болмауы тәртіп бұзуға жағдай жасайды”, – дейді Айман Жүсіпова.
Әлеуметтанушы мұндай жағдайлардың тек Қазақстанда емес, өзге елдерде де кездесетінін атап өтті. Сондықтан бір концертте немесе жаппай өткізілген шарада болған оқиғаға қарап, тұтас қоғамның мәдениетіне баға беру дұрыс емес.
“Мәселен, адамдар банк, әуежай немесе дүкенде кезегін тыныш күтіп тұрады делік. Бірақ кейбір бұқаралық іс-шараларда тәртіп бұзылады. Сонда мәселе шынымен мәдениеттің жоқтығында ма, әлде үйреншікті ережелердің жұмыс істеуіне мүмкіндік бермейтін жағдайларда ма деген сұрақ туындайды. Қоғамның мәдени ерекшеліктері туралы қорытынды жасау үшін жекелеген оқиғалар емес, жүйелі зерттеулер қажет”, – дейді профессор.
“Адамдар өз қозғалысын басқара алмай қалуы мүмкін”
Айман Жүсіпова көпшілік арасында туындайтын дүрбелең мен адам өміріне қауіп төндіретін жаппай қысымды бір-бірінен ажырата білу қажет екенін айтады.
Әлеуметтанушының сөзінше, адамдардың концертке немесе басқа да бұқаралық іс-шараларға көптеп жиналуы өздігінен қауіпті жағдай туғызбайды. Мәселе олардың қозғалысы дұрыс ұйымдастырылмаған кезде күрделене түседі.
“Қауіп адамдардың өте көп бөлігі тар кеңістікке жиналып, олардың қозғалысы дұрыс реттелмеген кезде туындайды. Тобырдың тығыздығы тым жоғары болса, адамдар тәртіп сақтауға тырысқан күннің өзінде қозғалысын басқара алмай қалуы мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайдың себебін тек қатысушылардың мінез-құлқынан немесе мәдениетінен іздеуге болмайды. Көпшіліктің неге жиналғанын және бұл жағдайдың қалайша адам өміріне қауіп төндіретін деңгейге жеткенін бөлек қарастыруымыз керек”, – деп түсіндірді әлеуметтанушы.
Бұл ретте психолог Әлия Шәріпова көпшілік арасында үрейдің тез таралатынына назар аударды. Бір адамның айғайлауы немесе жүгіре бастауы өзгелердің де сол әрекетті қайталауына түрткі болуы мүмкін.
“Әсіресе адам көп, айнала шу, қозғалыс қиын болған кезде қорқыныш күшейеді. Адам асығыс шешім қабылдап, не істеп жатқанын толық түсінбей қалуы мүмкін. Сондықтан мұндай кезде сабыр сақтап, жағдайды бағалауға және қауіпсіздік қызметкерлерінің нұсқауын тыңдауға тырысу керек”, – дейді маман.
Қоғамдық тәртіпке кім жауапты?
Әлеуметтанушы Айман Жүсіпова қоғамдық орындардағы тәртіпті қалыптастыру үшін адамдарды мәдениетті болуға шақырудың өзі жеткіліксіз деп отыр. Өйткені қоғамдық нормалар тек тәрбие арқылы емес, күнделікті тәжірибе арқылы да орнығады.
Мысалы, адам ереженің барлығына бірдей екенін және оның шынымен сақталатынын үнемі байқаса, өзі де сол тәртіпке үйренеді. Ал ереже бұзғандар ешқандай жауапкершілікке тартылмаса, адамдардың белгіленген талаптарға деген сенімі төмендейді.
“Жауапкершілік екі жаққа да ортақ болуы керек. Келушілер белгіленген ережелерді сақтап, айналасындағыларға қауіп төндірмеуге міндетті. Ал ұйымдастырушылар сол ережелерді сақтауға мүмкіндік беретін жағдай жасауы қажет. Атап айтқанда, алаңның сыйымдылығынан артық адам кіргізбеу, кіреберіс пен шығаберісті дұрыс ұйымдастыру және адамдардың қозғалысын реттеу маңызды”, – дейді профессор.
Оның айтуынша, бұл мәселеде отбасы мен білім беру ұйымдарының, мемлекеттік органдар мен қауіпсіздік қызметтерінің де рөлі бар. Бірі адамның қоғамдық ортадағы мінез-құлқын қалыптастырса, енді бірі қауіпсіздік талаптарының орындалуын қамтамасыз етуге тиіс.
Психолог не дейді?
Психолог Әлия Шәріпова көпшілік арасында адамның мінез-құлқы өзгеруі мүмкін екенін түсіндірді.
“Адам күнделікті өмірде сабырлы болғанымен, көпшіліктің арасында асығып, өзін басқаша ұстауы мүмкін. Мысалы, концертке кіре алмай қаламын, орын жетпей қалады деп қорқады. Айналасындағылардың бәрі алға ұмтылғанын көріп, өзі де соларға еріп кетеді. Сол сәтте адам өз әрекетіне емес, көпшіліктің қимылына көбірек мән береді. Бірақ бұл өзгелерді итеруге болады деген сөз емес. Әр адам өз әрекетіне жауапты болуы керек”, – дейді психолог.
Маманның сөзінше, адам белгілі бір мақсатқа жетуге шамадан тыс асыққанда, жанындағы адамдардың қауіпсіздігін екінші орынға ысырып қоюы мүмкін.
“Адам бір нәрсеге қатты асыққанда, кейде жанындағы адамдарды байқамай қалады. Сол кезде басқа адамның құлап қалуы немесе жарақат алуы мүмкін екенін ескермейді. Концертке кірмей қалу – өмірдің соңы емес, ал адамның денсаулығына зиян келсе, оның салдары ауыр болуы мүмкін”, – дейді Әлия Шәріпова.
Көпшілік арасында қысылып қалсаңыз, не істеу керек?
Психолог Әлия Шәріпова адамдар көп жиналатын іс-шараларға барған кезде қауіпсіздік мәселесін алдын ала ойластырған жөн екенін айтады.
“Ең алдымен, өз қауіпсіздігіңізді ойлаңыз. Адамдар қатты итерісіп жатса, қарсы бағытта күшпен өтпеңіз және өзгелерді итермеңіз. Мүмкіндік болса, қауіпсіз бағытқа қарай шығыңыз. Айналаңыздағы адамдардың әрекетіне еріп, ойланбай жүгірмеңіз. Тынысыңызды бірқалыпты ұстауға тырысып, қауіпсіздік қызметкерлерінің нұсқауын тыңдаңыз”, – дейді психолог.
Сондай-ақ маман көпшілік жиналатын орынға кіргенде шығу жолдарын алдын ала байқап алуға, балаларды қараусыз қалдырмауға және өзгенің қауіпсіздігін де ескеруге кеңес берді.
Шымкенттегі концертте не болды?
10 қазанда Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда Қайрат Нұртастың концерті өтті. Алайда көпшілік асыға күткен кеш стадионның кіреберісіндегі жаппай кептеліспен есте қалды. Мыңдаған көрермен бір мезетте ішке кіруге ұмтылып, адамдар бір-бірін итеріп, кейбірі аяқасты болып қалған.
Әлеуметтік желіде тараған видеолардан көпшіліктің айғайлап, бір-бірін қысып жатқанын көруге болады. Концертке барғандар қақпалардың жабылып қалғанын, билеті болса да ішке кіре алмағанын айтып шағымданды. Ал кейбір көрермендер адамдардың бір-бірін екі рет таптап кете жаздағанын жеткізді.
Оқиға салдарынан сегіз адам медициналық көмекке жүгінген. Олардың жетеуі тексеруден кейін үйлеріне жіберілді. Ал 18 жастағы қыз ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді. Туыстарының айтуынша, бойжеткен есінен танып, жүрегі мен бас миы зақымданған. 13 қазанда жарияланған мәлімет бойынша, ол әлі де жансақтау бөлімінде жатыр.
Осы оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. Полиция концертке сатылған билеттер саны алаңның рұқсат етілген сыйымдылығынан едәуір асып кеткенін мәлімдеді. Ұйымдастыруға жауапты 1984 жылы туған азамат ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған еді. Ал бүгін ұйымдастырушы үйқамаққа жіберілгені хабарланды.
Іс Қылмыстық кодекстің 306-бабының 2-бөлігі бойынша тергелді. Бұл бап бойынша бес жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Ал Freedom Афиша өкілдері концерттің ұйымдастырушысы Show Service компаниясы екенін мәлімдеді. Компания өкілдері билет сату қызметі ұйымдастырушы белгілеген квота аясында жүргізілгенін түсіндірді. Ал алаңды дайындау, көрермендерді кіргізу тәртібі мен күзетті ұйымдастыру олардың жауапкершілігіне кірмейді.
Еске салайық, бұған дейін Қайрат Нұртас концертінде зардап шеккен қыз оқиғаны айтып бергені хабарланған еді.