Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкенттегі Қайрат Нұртастың концерт ұйымдастырушысы үйқамаққа жіберілді

Қайрат Нұртастың концертіндегі дүрбелең
Фото: Видеодан скриншот / instagram/v_shymkente

Шымкентте Қайрат Нұртастың концертінде болған жаппай кептелістен кейін ұсталған ұйымдастырушы үйқамаққа жіберілді. Сот күдіктіні тергеу изоляторына қамауға алуға негіз жоқ деп тапқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Шымкент қаласының прокуратурасы концерт ұйымдастырушысына қатысты бұлтартпау шарасы таңдалғанын мәлімдеді. Бұған дейін көрермендердің жаппай қысылып қалуына байланысты ұсталған күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалған еді.

“Сот күдіктіні қамауда ұстауға санкция беруден бас тартып, оған үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын таңдады”, – деп хабарлады қала прокуратурасы.

Полиция концертке алаң сыйымдылығынан артық билет сатылғанын анықтаған.

Тәртіп сақшыларының алдын ала мәліметінше, концерт ұйымдастырушылары стадион сыйымдылығынан әлдеқайда көп билет сатқан. Соның салдарынан кіреберісте адам қарасы көбейіп, көрермендер бір-бірін итеріп, жаппай қысылған.

Оқиғадан кейін 1984 жылы туған Л. есімді азамат ұсталған еді.

Қазір дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 306-бабы 2-бөлігімен, яғни қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету фактісі бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.

Бұл бап бойынша кінәсі дәлелденген адамға 5 000 АЕК дейін (2026 жылы 21 миллион 625 мың теңге) айыппұл салынуы мүмкін. Сондай-ақ қоғамдық немесе түзеу жұмыстарына тарту, бес жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру жазасы қарастырылған.

Бұдан бөлек, сот үш жылға дейін белгілі бір қызметпен айналысуға тыйым салуы мүмкін.

Жансақтау бөліміндегі 18 жастағы қыздың жағдайы қалай?

Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы концертте зардап шеккен 18 жастағы қыздың жағдайына қатысты мәлімет берді.

“Науқастың жағдайы өзгеріссіз, тұрақты ауыр”, – деп хабарлады басқарманың баспасөз қызметі.

Еске салайық, 10 қазанда Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда Қайрат Нұртастың концерті өтті. Әншіні тыңдауға жиналған жұрт стадионға кіреберісте бір-бірін итеріп, жаппай кептеліс туындаған. Әлеуметтік желіде адамдардың қысылып, жан-жаққа ұмтылған сәті түсірілген видеолар тарады.

Оқиғадан кейін сегіз адам медициналық көмекке жүгінген. Олардың жетеуі дәрігерлердің тексеруінен соң үйлеріне жіберілсе, 18 жастағы қыз ауруханаға жатқызылды.

Әлеуметтік желіде концерт кезінде адам қаза тапқаны туралы ақпарат та тараған еді. Алайда полиция бұл мәліметті жоққа шығарып, оқиғадан көз жұмғандар жоқ екенін мәлімдеді.

Қылмыстық істің тергелу барысы Шымкент қалалық полиция департаменті басшылығының бақылауында.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 13 Қазан, 2026 17:16