Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тойға барып, уланып қалған қазақстандық мейрамхана иесінен 220 мың теңге өндіріп алды

тамақтан улану өтемақы
Фото: depositphotos.com

Ақтөбе облысында мейрамханада тамақтан уланып, ауруханаға түскен әйел кәсіп иесін сотқа беріп, 220 мың теңге қаражат өндіріп алды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Диапазон" басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Оқиға жазда Қандыағаш қаласында "Тұмар" мейрамханасында болған. Мұнда той мен садақаға барған 188 адам тамақтан уланып қалған. Олардың 177-сі ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға түскен.

Жәбірленушілердің бірі сотқа жүгініп, емделуге кеткен шығынын өтетіп, моральдық зиян үшін өтемақы алуға шешім қабылдаған. Себебі ол тойға барып, тамақтан уланып, ауруханаға түскен.

Мұғалжар аудандық сотының мәліметінше, мейрамхана иесі талапты ішінара ғана мойындаған. Ол дәрі-дәрмек пен емделу шығынын өтеуге келіскенімен, моральдық зиян үшін өтемақы төлеуден бас тартқан.

Алайда сот басқа шешім шығарды. Мейрамхана иесінен әйелдің емделуіне кеткен 22 725 теңге және моральдық зиян үшін 200 000 теңге өндірілді.

Еске салайық, бұған дейін Қандыағаш қаласындағы “Тұмар” мейрамханасында өткен тойдан кейін 100-ден аса адам ауруханаға түскен болатын. Бұдан соң жаппай уланудан кейін қылмыстық іс қозғалды. Аталған факті бойынша (санитарлық қағидаларды немесе гигиеналық нормативтерді бұзу) белгілерімен қылмыстық кодекстің 304-бабы бойынша сотқа дейінгі тергелді. 

Гүлсезім Мұхатай
Сейсенбі, 13 Қазан, 2026 11:20