Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ермегияевтің компаниясына тиесілі ғимарат қарыздары үшін саудаға шығарылды

«Алматықұрылысқа» тиесілі нысан
Фото: sauda.e-qazyna.kz

Бұрын "Алматықұрылыс" АҚ-ға тиесілі болған Алматыдағы 1,76 миллиард теңгелік коммерциялық нысан аукционға шығарылды. Марков көшесінде орналасқан ғимарат компанияның қарызына байланысты Проблемалық кредиттер қорына өткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұған дейін "Алматықұрылыс" АҚ-ға тиесілі болған коммерциялық нысан қазір Проблемалық кредиттер қорының иелігінде. Компанияның сайтында оның президенті ретінде Амангелді Ермегияев көрсетілген. Ал 2006–2008 жылдары холдингтің бірінші вице-президенті қызметін 2016 жылы сотталған "Астана ЭКСПО-2017" компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ермегиев атқарған.

Сатылымға қойылған нысан Алматының Бостандық ауданындағы Марков көшесінде орналасқан. Аумағы – 781,2 шаршы метр. Ол алты қабатты тұрғын үйдің бірінші қабатында орналасқанымен, техникалық құжатта жертөле қабаты ретінде көрсетілген. Нысанмен бірге 0,0892 гектар жер учаскесінің бөлінбейтін үлесі де сатылады.

«Алматықұрылысқа» тиесілі нысан
Фото: sauda.e-qazyna.kz

Нысанның бастапқы бағасы – 1,76 миллиард теңге. Аукцион 20 қазанда сағат 11:00-де өтеді. Сауда барысында баға төмендетіледі. Қатысушылар 88,18 миллион теңге кепілдік жарна төлеуі керек. Қосылған құн салығы бастапқы бағаға кірмейді. Ол сатып алу-сату келісімшарты жасалған кезде бөлек есептеледі.

 Нысан не себепті сатылымға шығарылды?

Құжаттарға сәйкес, 2022 жылы Проблемалық кредиттер қоры "Алматықұрылыс" АҚ мен "Серт" АҚ-дан 8 миллион доллардан астам қарызды және оған қосылатын 10 % өсімпұлды өндіріп алу үшін атқарушылық іс жүргізуді бастаған. Ол кездегі есеп бойынша, берешек сомасы 4,2 миллиард теңгеден асқан. Бұдан бөлек, 6 миллион теңге және 235,9 миллион теңге көлеміндегі қарыздарға қатысты тағы бір атқарушылық іс қозғалған.

«Алматықұрылысқа» тиесілі нысан
Фото: sauda.e-qazyna.kz

Құжаттарда банктердің мәліметі бойынша, компаниялардың шоттарында қарызды өтеуге жеткілікті ақша болмағаны жазылған. Сол себепті құны 574,25 миллион теңгеге бағаланған коммерциялық нысанды қарыз есебінен өндіріп алу мәселесі көтерілген.

"Алматықұрылыс" мүліктің бағасымен келіскен және оны сот арқылы өндіріп алуға қарсы болмаған. 2025 жылғы желтоқсанда Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты нысанды өндіріп алу туралы шешім шығарған. Кейін мүлік Проблемалық кредиттер қорына беріліп, енді аукционға шығарылды.

Stan.kz
Сейсенбі, 13 Қазан, 2026 16:57