Шошқа тұмауы адамға несімен қауіпті және жұқтырған жағдайда не істеу керек
Қазақстанның екі өңірінде шошқа тұмауының 5 жағдайы тіркелді. Денсаулық сақтау министрлігі аурудың белгілері мен сақтану шаралары туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстан Республикасында тұмау бойынша тұрақты эпидемиологиялық және зертханалық мониторинг жүргізіліп жатыр.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап A(H1N1)pdm09 тұмауының зертханалық жолмен расталған 5 жағдайы:
- Астана қаласында – 3 жағдай;
- Маңғыстау облысында – 2 жағдай тіркелді.
Қазір елдегі эпидемиологиялық жағдай бақылауда. Респираторлық вирустардың айналымына мониторинг жүргізу жалғасып жатыр.
Шошқа тұмауының белгілері қандай?
A(H1N1)pdm09 тұмауы – жедел респираторлық ауруды тудыратын А тұмауы вирусының қосалқы типтерінің бірі.
Негізгі белгілері:
- Дене температурасының кенеттен жоғарылауы,
- Бас ауруы, қалтырау, айқын әлсіздік,
- Бұлшықеттер мен буындардың ауыруы,
- Жөтел, тамақ ауруы және мұрыннан су ағу.
Сондай-ақ аурудың негізгі белгілерінің бірі – көз алмасын қозғалтқанда ауырсынудың болуы. Катаральды белгілер, яғни мұрыннан су ағу, тамақтың ауыруы, жөтел әрдайым байқала бермейді. Алайда ағзаның улану белгілері COVID-19 кезіндегіден әлдеқайда айқын болады.
Шошқа тұмауының негізгі қаупі – вирустық пневмонияның дамуы. Ол аурудың алғашқы белгілері пайда болғаннан кейін 3-5 күн ішінде басталуы мүмкін. Негізгі белгілері:
- Дене қызуының 38-40°C-қа дейін көтерілуі. Қызу түсіретін дәрілер дене қызуын аз уақытқа ғана түсіреді;
- Әлсіздіктің күшеюі;
- Тыныс алудың қиындауы, ентігу, ауа жетпеу сезімі;
- Кеуденің тереңінен шығатын қатты жөтел. Бұл кезде қақырық аз бөлінеді;
- Жөтелгенде күшейетін кеуде тұсының ауыруы;
- Қақырықта қанның байқалуы.
Бұл аурудың вирустары жануардан адамға және керісінше, адамнан жануарға беріле алады. Сондықтан қауіп-қатер тобына жұмысы ауру жануарлармен байланысты адамдар жатады.
Вирус негізінен науқас адам жөтелгенде, түшкіргенде және сөйлегенде ауа-тамшы жолы арқылы беріледі.
Жұқтырудың басқа да қауіп факторлары маусымдық жедел респираторлық вирустық инфекциялармен (ЖРВИ) ұқсас. Шошқа тұмауын жұқтыру қаупі мына адамдарда жоғары:
- Вакцина алмаған және вирусқа қарсы профилактикалық ем қабылдамайтын адамдар;
- Ұзақ уақыт психоэмоциялық күйзеліске ұшырағандар;
- Шамадан тыс физикалық жүктемеге түсетіндер;
- Салауатты өмір салтын ұстанбайтын, темекі шегетін, аз қимылдайтын, түнгі ұйқысына мән бермейтін және дұрыс тамақтанбайтын адамдар.
Инфекцияның қалай алдын алады?
Тұмаудың спецификалық профилактикасының негізгі шарасы – вакцинация.
Спецификалық емес профилактикалық шаралар, яғни ағзаның қорғаныс қабілетін сақтауға және инфекцияның таралу қаупін азайту үшін қолды үнемі сабынмен жуып, респираторлық гигиенаны сақтау керек. Үй-жайларды желдетіп, адам көп жиналатын орындарда медициналық маска таққан жөн. Ауру жұқтырған науқас адамдармен байланысты шектеп, ЖРВИ белгілері пайда болған кезде медициналық көмекке уақтылы жүгінген абзал.
Мамандардың айтуынша, жастар бұл ауруды едәуір жеңіл өткереді. Алайда тұмау, COVID-19 немесе басқа да жедел респираторлық вирустық инфекцияларды қоса алғанда, кез келген инфекциялық ауруды вирусқа қарсы препараттармен емдеу қажет.
Шошқа тұмауы кезінде вирустық пневмония және басқа да асқынулар (синусит, отит, жүрек-қантамыр және орталық жүйке жүйелерінің зақымдануы, бактериялық пневмония) денсаулығында ешқандай кінәрат жоқ адамдарда да дамуы мүмкін. Алайда асқыну қаупі мына адамдарда жоғары:
-
65 жастан асқан адамдар;
-
5 жасқа дейінгі балалар;
-
Жүктіліктің екінші және үшінші триместріндегі әйелдер.
Жүргізілген зерттеу нәтижесіне сәйкес, тұмаудан кейін аурудың белгілері тағы үш ай бойы сақталуы мүмкін.
Қай кезде шұғыл түрде дәрігерге қаралу керек?
- Дене қызуының жоғары болуы 3 күннен артық созылса;
- Ентігу немесе тыныс алғанда кеуде тұсының ауыруы пайда болса;
- Еріннің немесе көз айналасының терісі көгере бастаса;
- Ес шатасуы, естен тану немесе құрысу байқалса, бірден дәрігерге қаралған жөн.
Шошқа тұмауы жайлы алғаш рет өткен ғасырдың 30-жылдары айтыла бастады. Бұл ауру 80-жылдарға дейін тек шошқалар үшін қауіпті болған. Бірақ кейін вирус мутацияланғаннан кейін ол адамдарды да зақымдай бастайды
Шошқа тұмауымен ауырған алғашқы адам 1988 жылы АҚШ-та белгіленген: дені сау жүкті әйел пневмониямен ауруханаға түседі. 8 күннен кейін науқас қайтыс болады. Дәрігерлер одан шошқа тұмауын анықтайды. Кейін ол әйелдің шошқалар жәрмеңкесінде болғаны анықталады.
Алғашқы пандемия
XXI ғасырдағы шошқа тұмауының алғашқы пандемиясы басталғанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы құс тұмауының пандемиясына дайындалып жатқан еді. Алайда індетке себеп болған жаңа тұмау вирусы құс емес, XX ғасырдың басындағы испан тұмауы вирусына туыстас шошқа тектес A/H1N1 штамы болып шықты.
Аурудың алғашқы өршуі 2009 жылдың көктемінде Мексика мен АҚШ-та тіркелді. Ал сол жылдың жазына қарай шошқа тұмауы әлемнің 74 еліне тарады. Бір жылдан кейін аурушаңдық деңгейі төмендей бастады. Пандемия кезінде 221 829 адам ауру жұқтырып, 18 449 адам қайтыс болды.
Шошқа тұмауының вирусы бұрынғы вирустардан ерекшеленеді. Ол тек өкпені ғана емес, асқазан-ішек жолдарын да зақымдайды. Сондықтан тыныс алу жүйесіне тән белгілермен қатар іштің ауыруы, құсу және диарея байқалған. Алайда өлімнің негізгі себебі бұрынғыдай тыныс алу жүйесінің асқынулары, атап айтқанда, пневмония мен жедел тыныс алу жеткіліксіздігі болды.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда A(H1N1) деп аталатын шошқа тұмауының бес жағдайы тіркелгені туралы жазған едік. Қазақстанда тұмауға қарсы вакцинация жалғасып жатыр. Қазірдің өзінде 240 мыңнан астам адам екпе алған. Тегін вакцинация үшін 2,1 миллион доза сатып алынған.
Шошқа тұмауы адамға несімен қауіпті және жұқтырған жағдайда не істеу керек
