Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Instagram-да пәтер ұтып, оны ала алмаған: Қостанайлық әйелге ұйымдастырушылар 7,68 млн теңге төлейтін болды

әйелдің қолында телефон
Фото: depositphotos.com

Қостанай облысы Меңдіқара аудандық соты Instagram әлеуметтік желісінде ұтыс ұйымдастырған клмпанияны жеңіске жеткен әйелге сыйақы төлеуге міндеттеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Сот шешімімен жауапкер компаниядан талап қоюшының пайдасына 7 682 000 теңге өндірілді.

"2025 жылдың шілдесінде "С" жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Instagram желісінде бас жүлдесі пәтер болған байқау жариялаған. Сол жылдың қазан айында У есімді азаматша байқау жеңімпазы деп жарияланған. Әйелдің жеңімпаз атанғаны әлеуметтік желідегі жарияланымдардың скриншоттарымен расталған. Бұл деректі серіктестік те жоққа шығармаған. Алайда компания өкілдері талап арызбен келіспей, әйелдің аккаунты жалған болғанын алға тартқан. Осы себепті байқау қорытындысы жойылып, қайта ұтыс өткізілген. Нәтижесінде бас жүлде басқа қатысушыға берілген", – деп мәлімдеді соттың баспасөз қызметі.

Ал талап қоюшы мен оның өкілі аккаунттың жеке парақша екенін және байқау өткізілгенге дейін ашылғанын мәлімдеген. Олардың айтуынша, компания әйелдің аккаунты жалған екенін дәлелдей алмаған.

Істі қарау барысында аккаунттардың IP-мекенжайлары тексерілмегені, олардың бір адамға тиесілі екені анықталмағаны және әлеуметтік желідегі парақшаны тексеруге арналған техникалық құралдар қолданылмағаны белгілі болды. Осыған байланысты сот жауапкердің аккаунттың жалғандығы туралы уәждерін жеткілікті дәлелденген деп танымады.

"Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 911-бабының 1-бөлігіне сәйкес, белгілі бір жұмысты үздік орындағаны немесе өзге нәтижеге қол жеткізгені үшін ақшалай не басқа нысанда сыйақы беретінін жария түрде хабарлаған тұлға байқау талаптарына сай жеңімпаз деп танылған адам алдындағы міндеттемесін орындауға тиіс", - делінген хабарламада.

Істің мән-жайын, ұсынылған дәлелдерді, сондай-ақ әділдік пен парасаттылық қағидаттарын ескере отырып, сот талап қоюшының талабын қанағаттандыру туралы шешім қабылдады.

Сот шешімімен серіктестіктен әйелдің пайдасына 7 682 000 теңге өндірілді. Сот шешімі заңды күшіне енді.

Еске салсақ, Қазақстандық әйел Instagram-да құмар ойын ұйымдастырып, 90 миллион теңгеден аса пайда тапқан. Ол бір жыл бойы хабарландырулар жариялап, тікелей эфирде құмар ойын ұйымдастырған. Құмар ойындардағы бәс тігулердің мөлшері 100 теңгеден 2100 теңгеге дейін болған.

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 13 Қазан, 2026 22:58