Қазақстандық әйел Instagram-да құмар ойындарын ұйымдастырып, 90 миллион теңгеден астам пайда тапқан
Ақмола облысының тұрғыны Instagram-да құмар ойындарын ұйымдастырғаны үшін сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бас прокуратураның мәліметінше, Ақмола облысының тұрғыны материалдық пайда табу мақсатында Instagram желісінде парақша ашқан.
Ол бір жыл бойы хабарландырулар жариялап, тікелей эфирде құмар ойын ұйымдастырған. Құмар ойындардағы бәс тігулердің мөлшері 100 теңгеден 2100 теңгеге дейін болған.
"Ойын төрт қатысушы арасында өткізілген. Ең жоғары жүлделі карта түскен қатысушы жеңімпаз атанған. Жүлде ойыншылардың барлық бәс тігулерінен жиналған сомадан ұйымдастырушының пайыздық үлесі шегерілгеннен кейін берілген. Қылмыстық жолмен алынған табыстың жалпы сомасы 90,6 миллион теңгеден асқан", – делінген прокуратура хабарламасында.
Сот үкімімен айыпталушы әйел заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырғаны үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылды.
Прокурордың заңсыз алынған табысты өндіріп алу туралы талап-арызы қанағаттандырылды.
Бас прокуратура интернетте арнайы лицензиясыз құмар ойындар мен лотереялар ұйымдастыру қылмыстық құқық бұзушылық болып саналатынын ескертті. Заңсыз ойын бизнесі арқылы, оның ішінде Instagram және TikTok платформаларында табыс табуға әрекет жасағандар қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Мұндай әрекет үшін мүлікті тәркілей отырып, 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Еске салсақ, бұған дейін Түркістан облысында төрт мемлекеттік қызметкер құмар ойын үшін қызметінен кеткені туралы жазған еді.
"Үйді тіреп тұрған жерге құрылыс бастады": Алматыдағы "Три богатыря" тұрғындары баспаналары құлап қала ма деп алаңдаулы
