Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда сот орындаушы құмар ойынға үш жылда 140 миллион теңге салған

Онлайн құмар ойын
Фото: istockphoto.com

Алматы облысында 20 жеке сот орындаушы букмекерлік шоттарға 180 миллион теңге салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Ресми мәліметтерге сәйкес, Алматы облысындағы 20 жеке сот орындаушы букмекерлік шоттарға қаражат салып, жүйелі түрде құмар ойын ойнаған. Облыстық прокуратураның хабарлауынша, транзакциялардың жалпы сомасы шамамен 180 миллион теңгеден асады.

"Тергеу нәтижесінде бір сот орындаушы үш жыл ішінде ойын шотына 139 миллион теңге, ал екіншісі 26 миллион теңге аударғаны анықталды. Қоғамдық маңызы бар функцияларды атқаратын адамдардың құмар ойындарға осындай сомадағы ақшамен қатысуы кәсіби этикаға қайшы келеді және адалдық қағидаттарына күмән келтіреді", – делінген Алматы облыстық прокуратурасының мәлімдемесінде.

Тергеу нәтижелері бойынша прокурордың жауап хаттамалары Әділет департаментіне және Жеке сот орындаушыларының аймақтық палатасына ұсынылды. Олар заңмен талап етілетін шараларды қабылдауы тиіс.

Еске салсақ, Түркістан облысында төрт мемлекеттік қызметкер құмар ойын үшін қызметінен кеткен еді. 

Қырмызы Скендір
Бейсенбі, 20 Тамыз, 2026 14:40