ҰҚК қызметкері танысын көлік алып беремін деп алдап, ақшаны құмар ойынға салып жіберген
Ұлттық қауіпсіздік комитеті (ҰҚК) шекара қызметінің Атырау облысы бойынша департаментінде әскери қызметкері алаяқ бабымен жауапқа тартылды. Көршісінің ақшасын алдап алған шекарашыға сот 2 жыл 8 ай бас бостандығын шектеу жазасы тағайындады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ақтөбе гарнизонының әскери сотында шекарашыға қатысты қылмыстық кодекстің “алаяқтық” бабымен қозғалған қылмыстық іс жеделдетілген тәртіппен қаралды. 4,5 миллион теңгені танысынан алдап алған шекарашы кінәлі деп танылды.
“Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 1 -тармағы бойынша кінәлі деп танылсын. Оған 4 жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жазасын тағайындалсын. 2026 жылғы рақымшылық туралы заңға сәйкес жаза үштен бір бөлігіне қысқартылсын. Түпкілікті 2 жыл 8 ай бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалсын”, – деді судья Валиева.
Сотталушы 30 жаста. Атырау облысының тумасы. Ол осыған дейін ҰҚК шекара қызметінің Атырау облысы бойынша департаментінде атыс орнының бастығы лауазымында келісімшарт бойынша әскери қызмет атқарған. Әскери атағы "қатардағы жауынгер".
Іс материалдарына сүйенсек, 2025 жылдың мамыр айында шекарашы бала кезінен таныс көршісінің автокөлік іздеп жүргенін біледі. Әскери қызметкер ретіндегі беделін пайдаланып, банкте сыныптасым отыр деп сендіріп, банкте кепілде тұрған BMW X5 көлігін нарықтан төмен бағаға алып беруге уәде еткен.

Ол жәбірленушінің сеніміне кіріп, өзін банк қызметкері ретінде таныстыру үшін басқа танысының WhatsApp аккаунтын пайдаланған. Жәбірленушіге интернеттен алынған BMW X5 көлігінің суреттері мен видеоларын жібереді.
Кейін көліктің айыппұлы, нотариус қызметі, техникалық құжаттары және басқа да рәсімдер үшін ақша қажет деген сылтаумен жәбірленушіден қаражатты кезең-кезеңімен алып отырады.
Жалпы жәбірленуші 4,5 миллион теңге аударған. Оның ішінде ақша бірнеше адамның банк шоттарына жібертіп, кейін өзі алған. Сот анықтағандай, қаражаттың бір бөлігін онлайн ойындар мен бәс тігулерге, сондай-ақ жеке қажеттіліктеріне жұмсап жіберген. Ал көлік іс жүзінде болмаған.
Сотта шекарашы кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін айтты.
Оған ішімдік ішіп ойын-сауық құратын жерлерге (мейрамхана, дәмхана, букмекерлік кеңселерге, түнгі және компьютерлік клубтарға) баруға болмайды. Оны бақылау тұрғылықты жері бойынша пробация қызметіне жүктелді.
Еске салсақ, бұған дейін қол астындағылардан ақша жинап келген шекара бөлімшесінің бастығы сотталғаны туралы жазған едік.
Қазақстандық ер адам қолына бұрауыш тығып алып, көз жұмды: Туыстары дәрігерлердің салғырттығына шағымданды