Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қарызын төлетіп, аяқ киім мен сөмке алдырған: Қол астындағылардан ақша жинап келген шекара бөлімшесінің бастығы сотталды

Қолы кісенделген сарбаз
Фото: depositphotos.com

Ақтөбе гарнизонының әскери соты Батыс Қазақстан облысындағы "Тасмола" шекара бөлімшесінің бастығы Сұлтан Қонаровқа қатысты істі қарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Шекара бөлімшесінің бастығына қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып тағылған.

Іс материалдарына сәйкес, айыпталушы шамамен 20 келісімшарт бойынша қызмет ететін әскери қызметкерден жөндеу жұмыстарына деген сылтаумен әрқайсысынан 15 мың теңгеден жинаған. Қаражат қатардағы жауынгерлердің бірінің телефон нөміріне аударылған.

Осы қаражат есебінен Сұлтан Қонаров 20 мың теңге көлеміндегі қарызының бір бөлігін өтеп, дүкендерден тұрмыстық тауарлар сатып алған. Бұдан бөлек, ол шекара бекеті аумағында орналасқан өзінің модульдік үйіне пластик терезелерге тапсырыс берген. Қалған 60 мың теңгені қолма-қол ақша түрінде алған.

Сонымен қатар бөлімше бастығының демалыстан келген қарамағындағы әскери қызметкерлерден түрлі заттар әкелуді сұрағаны белгілі болды. Әскери қызметкерлер оған аяқ киім мен сөмкелер сатып алып берген, ал демалысқа берілетін қаражаттың бір бөлігін ол иемденіп отырған.

Уақыт өте келе заңсыз жиналатын қаражат көлемі 15 мың теңгеден 100–150 мың теңгеге дейін өскен. Кейбір әскерилер оның дүкендердегі қарыздарын төлеген, ал аударымдардың бір бөлігі оның жұбайының нөміріне жіберілген.

Сотта айыпталушы өз кінәсін мойындамай, өзіне қарсы істі оның міндетін уақытша атқарған әскери қызметкер ұйымдастырды деп мәлімдеді.

Ақтөбе гарнизонының әскери сотының үкімімен Сұлтан Қонаров кінәлі деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ оған әскери және мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге өмір бойына тыйым салынды. Сондай-ақ барлық ақшаны қайтаруға міндеттелді.

Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбеде мемлекеттік пәтерлерді таныстарына заңсыз таратып берген шенеунік 6 жылға сотталғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 14 Мамыр, 2026 20:59