Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде мемлекеттік пәтерлерді таныстарына заңсыз таратып берген шенеунік 6 жылға сотталды

Жандос Әлімов
Фото: Ақтөбе облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақтөбе облысында шенеунік бюджеттік пәтерлерді таныстары мен туыстарына заңсыз бергені үшін 6 жылға сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Алаяқтық әрекетін прокурорлар мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер берудің заңдылығын тексеру барысында анықтады. 

Тексеру барысында Ақтөбе қаласының тұрғын үй қатынастары бөлімінің бұрынғы басшысы Жандос Әлімов қызметтік өкілеттігін теріс пайдаланып, кезекте тұрмаған адамдарға пәтер беру ісін ұйымдастырғаны анықталды.

Тізімге заңсыз жолдармен 15 азамат енгізілген, олардың арасында шенеуніктің туысы да болған.

Оларға бастапқыда тұруға жарамсыз баспаналар берілген, алайда қысқа уақыттан кейін тұрғын үй комиссиясының заңсыз шешімдер қабылдауы нәтижесінде бұл баспаналар жайлы, абаттандырылған пәтерлерге ауыстырылып отырған.

Пәтерлер берілгеннен кейін жекешелендіріліп, сатылған. Ақтөбе облыстық прокуратурасының мәліметінше, бұл жағдай әрекеттердің пайдакүнемдік мақсатта жасалғанын дәлелдейді.

Ақтөбе қалалық №2 сотының үкімімен Жандос Әлімов 6 жылға бас бостандығынан айырылды.

Еске салсақ, бұған дейін Ақтөбеде шенеунік таныстары мен туыстарына мемлекет есебінен заңсыз пәтер бергені туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 29 Сәуір, 2026 22:56