"Алма бағына 430 миллион теңге": Шымкентте шенеунік өз адамдарын тартып субсидия мен бюджет қаражатын жымқырған

Шымкентте шенеунік өз адамдарын тартып, алма бағын өсіруге бөлінген 430 миллион теңге қаражатты жымқырған. Ол жалған құжаттар толтырып, орындалмаған жұмыстарды орындалды деп көрсеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры" АҚ азаматтарды "Интенсивті алма бақтарын дайын күйінде тапсыру" бағдарламасымен қаржыландырады. Бағдарламаның негізгі мақсаты – дайын инфрақұрылымы бар ауыл шаруашылығы жерлерін кәсіпкерлік субъектілеріне жалға беру болған.
Қаржылық мониторинг агенттігі мәліметінше, қордың бұрынғы басшысы Ж.Д.Омаров өзіне жақын адамдар мен өзі бақылаған ұйымдарды, соның ішінде Green Mart Kazakhstan компаниясын пайдаланып, мемлекет ақшасын заңсыз жымқыру схемасын ұйымдастырған.
“Тауарлар мен жұмыстарды сатып алу ережелер бұзылып, негізінен бір ғана жеткізушіден алынған. Яғни, бәсеке болмаған. Соның салдарынан жабдықтар, материалдар және құрылыс жұмыстарының бағасы әдейі қымбаттатылған. Ал кейбір жұмыстар мүлде жасалмаған. Соған қарамастан, бәрі "орындалды" деп көрсететін жалған құжаттар жасалып, сол құжаттардың негізінде бюджеттен ақша аударылып отырған. Нәтижесінде мемлекетке 430 миллион теңгеден астам сомаға залал келтірілген”, – делінген хабарламада.
Ведомство бұдан бөлек, мемлекеттен агроөнеркәсіпті қолдауға берілетін инвестициялық субсидияларды заңсыз алу фактілерін де анықтаған.
“Ол үшін арнайы ауыл шаруашылығы кооперативтері құрылған. Сол кооперативтер арқылы алма бақтарын дамытуға және шығындарды өтеуге арналған субсидия алуға өтінімдер берілген. Нәтижесінде олардың шоттарына жалпы сомасы 327 миллион теңгеден астам бюджет қаражаты аударылған. Алайда нақтысында көрсетілген мақсаттарға қаражаттың шамамен 20%-ы ғана жұмсалып, қалған бөлігі 250 миллион теңгеден астам қаржы сенімді адамдар арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылып, мақсатсыз пайдаланылған”, – делінген хабарламада.
ОқыңызСот санкциясымен жалпы ауданы 108 гектар болатын құны 1 миллиард теңгеден асатын жер участкелеріне тыйым салынды. Күдікті Ж.Д.Омаров қамауға алынып, қылмыстық іс сотқа жолданды.
Аталған факт бойынша Қордың бұрынғы басқарушы директоры М.К.Искаков мен "Green Mart Kazakhstan" ЖШС-ның басшысы Р.Б.Сазынбек 4 автокөлік тәркілеумен бірге 8 жылға бас бостандығынан айырылған.
"Сені сүйемін деп ашық айта беремін": Желі жұлдызына айналған зейнеткер жұп махаббат хикаяларын бөлісті