Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дәрігер бір уақытта бірнеше емханада науқас қабылдаған: Қазақстандық клиникалар МӘМС-тен 200 миллион теңге жымқырған

МӘМС бюджетФото: Stan.kz

Түркістан облысында прокуратура Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінгеі қаражатты заңсыз алып, жұмсаған жекеменшік және мемлекеттік клиникаларды әшкереледі. Олар науқастарды рұқсат қағазынсыз, өтірік емдеп келген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Екі мемлекеттік медициналық мекеме бір-бірімен байланыса отырып жұмыс істеген. Олар формалды түрде үш дәрігерді жұмысқа қабылдап, әйелдер мен балаларға 40 мың стоматологиялық қызмет көрсетілді деген деректі электрондық базаға енгізген. Енді бір жағдайда, бір стоматолог бір күнде бірнеше емханада бір уақытта ондаған пациентті "емдеген" деген.

"Қосымша тексерулер мен науқастардан алынған жауаптар бұл деректердің жалған екенін растады: адамдар бұл дәрігерлерге мүлде бармаған. Тек стоматологиялық қызметтер бойынша жалған жазбалардың жалпы сомасы 203 миллион теңге болды", — деп хабарлады прокуратура.

Арнайы прокурорлар Қылмыстық кодекстің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тергеуді аяқтап, материалдарды сотқа жолдады.

Тағы бір жағдай облыстағы жекеменшік клиникада болған. Онда ешқандай рұқсат құжаттарынсыз инфекционисттен бастап хирург, психиатр сияқты "тар бейінді" мамандардың кеңестері көрсетілген.

“Облыстағы жекеменшік клиникалардың бірінде рұқсат құжаттарынсыз "офтальмолог", "гастроэнтеролог", "аллерголог", "уролог", "психиатр", "гематолог", "генетик", "қан тамырлары хирургы", "нейрохирург", "нефролог", "инфекционист", "невропатолог", "эндокринолог", "хирург", "кардиолог", "фтизиатр", "рентгенолог", "ревматолог", "онколог" мамандарының атынан 28 мыңнан астам консультация көрсетіліп, 91 млн теңге көлемінде қаражат алынған”, – делінген хабарламада.

Бұл факті бойынша Экономикалық тергеу департаменті қылмыстық кодекстің 214-бабы (Заңсыз кәсіпкерлік қызмет) бойынша тергеу жүргізген. Іс тек клиника мемлекетке келтірілген залалды толық өтегеннен кейін ғана ақтамайтын негіздер бойынша тоқтатылған.

Өңірдің денсаулық сақтау жүйесіндегі прокурорлық тексеру әлі де жалғасып жатыр.

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 15 Сәуір, 2026 11:09