Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Маңғыстауда сарбаздың өлімінен кейін командир сотқа тартылып, әскери шенеуніктер қызметінен кетті

Сарбаз өлім командир сот
Фото: freepik.com

Бас әскери прокуратура Ақтау гарнизонына қарасты әскери бөлім командиріне қатысты сот процесі өтетінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Биыл 17 ақпанда Маңғыстау облысындағы "Бейнеу" полигонында өткен жоспарлы атыс жаттығулары кезінде сарбаз Жайғалиев Р. қаза тапқан еді. Әскери бөлім командиріне қызметтік міндеттеріне салғырт қарады деген айып тағылды. Қылмыстық іске қатысты тергеу аяқталды. 

“Тергеу барысында командир жеке құрамды бақылау және қарумен жұмыс істеу тәртібін қамтамасыз етуге қатысты жарғылар мен ведомстволық бұйрықтарда көзделген шараларды қабылдамағаны анықталды. Қайғылы оқиғаға да осы себеп болған. Әскери прокурорлардың тұрақты қадағалауы және жедел-тергеу тобының үйлесімді жұмысы нәтижесінде қысқа мерзімде жеткілікті дәлелдемелер жиналып, бірқатар сот сараптамалары жүргізілді", – делінген хабарламада.

Ведомство мәліметінше, "қылмыстық іс бойынша материалдар істің мәні бойынша қарау үшін сотқа жолданған".

Хабаралмада барлау-шабуыл батальонының командирі, оның орынбасары және рота командирі атқарып отырған қызметтерінен босатылғаны көрсетілген. Сондай-ақ 10 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

 Еске салайық, 17 ақпанда Маңғыстау облысындағы "Бейнеу" полигонында жоспарлы далалық атыс жаттығулары кезінде "Батыс" өңірлік қолбасшылығына қарасты мерзімді әскери қызметкер қарумен жұмыс істеу барысында алған оқ жарақатынын қаза тапты.

"Аталған дерек бойынша Батыс өңірінің әскери-тергеу органдары қылмыстық іс қозғады. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы мен себептері анықталып жатыр", – делінген хабарламада. 

Айым Болатқызы
Сәрсенбі, 13 Мамыр, 2026 11:48