Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық ер адам ҰҚК қызметкерінің жалған куәлігі арқылы жезөкшеден ақша бопсалап келген

ҰҚК куәлігі
Фото: Видеодан скрин

Семейде ҰҚК қызметкері мен адвокаттың жалған қызметтік куәлігін пайдаланып, адамдарды бопсалаған ер адам сотталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Абай облыстық сотының мәліметінше, Семей қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында бопсалау және құқық қорғау органы қызметкерінің шенін өз бетінше иемдену бабы бойынша айып тағылған сотталушыға қатысты қылмыстық іс қаралды.

Сотталушының ҰҚК қызметкерінің қызметтік куәлігінің муляжын және адвокат куәлігін сатып алғаны анықталды.

Күдікті 2025 жылдың қазан айында Telegram-арна арқылы интимдік қызмет көрсететін әйелмен танысып, Семей қаласында кездесу туралы келісім жасаған.

Кездесу барысында ол жалған куәлік көрсетіп, өзін ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының қызметкері ретінде таныстырған. Әйелді арнайы есепке қойып, ұстап әкетемін деп қорқытқан және әйелден ақша беруін талап еткен.

Жәбірленуші талаптармен келісіп, күдіктіге ақша берген. Кейін ол әйелден ақшаны тұрақты түрде беріп отыруын талап етіп, сұралған соманы да арттырған. 

Осы оқиғалардан кейін ер адамды полиция қызметкерлері ұстады.

Сот барысында сотталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді.

Жәбірленушілер келтірілген залалдың өтелгенін хабарлап, айыпталушыны бас бостандығынан айырмауды сұрады.

Сот ер адамның әрекеттері жүйелі сипатта болғанын, қорқыту, психологиялық қысым көрсету және мемлекеттік билік белгілерін пайдаланумен қатар жүргенін, бұл құқық қорғау органдарының беделіне нұқсан келтіретінін атап өтті.

Сот сотталушының әрекеттерін бопсалау және билік өкілінің атағын өз бетінше иемдену баптары бойынша саралады.

Жаза тағайындау кезінде сот айыпталушының кінәсін мойындауын, өкініш білдіруін, келтірілген зиянның өтелуін және кәмелетке толмаған балаларының болуын ескерді. Алайда жасалған қылмыстардың қоғамдық қауіптілігі жоғары екенін де атап өтті.

Қылмыстар жиынтығы бойынша, жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, сотталушыға 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда көлігіне жалған мемлекеттік нөмір таққан жүргізушілерді түрмеге қамау ұсынылған еді.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 06 Мамыр, 2026 22:34