Ресейдегі газ құбырында болған жарылыс Қазақстанға әсер ете ме: Энергетика министрлігі мәлімдеме жасады
Қазақстанның энергетика министрлігі Ресей аумағындағы "Орта Азия – Орталық" магистральдық газ құбырында болған жарылысқа қатысты ақпаратқа түсініктеме берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Газ құбырындағы жарылыс Ресейдің Пензенская облысында болған.
Жағдайға қатысты мәлімдеме жасаған энергетика министрлігі Қазақстанға Ресейден газ жеткізу қолданыстағы келісімшарттарға сәйкес қалыпты режимде жалғасып жатқанын атап өтті. Қазақстан аумағы арқылы Өзбекстанға газ транзиті де жоспарға сай жүргізілуде.

Энергетика министрлігінің мәліметінше, Қазақстанның газ тасымалдау жүйесінің жұмысында ешқандай ауытқу тіркелмеген.
"Аталған оқиға Қазақстан тұтынушыларын газбен қамтамасыз етуге әсер етпейді. "Газпром" жария акционерлік қоғамынан диспетчерлік арналар арқылы газ жеткізу режимін өзгерту туралы өтінім түскен жоқ", – делінген министрлік хабарламасында.
Еске салсақ, бұған дейін Қара теңіздегі Каспий құбыр консорциумының (КТК) теңіз терминалы маңында екі мұнай танкеріне шабуыл жасалып, мұнай жөнелту уақытша тоқтатылғаны туралы жазған едік. Шабуылға ұшыраған танкерлер арасында қазақстандық "Теңізшевройл" ЖШС-ның (Chevron компаниясы) мұнайы тиелген NISSOS SIFNOS танкері де болған.