Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

КТК маңында дронға қатысты тағы бір оқиға тіркелді: Энергетика министрлігі мәлімдеме жасады

Теңіздегі мұнай бункерлері
Фото: КТК

8 қыркүйекте Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалы маңында ұшқышсыз ұшу аппараттарына қатысты оқиға тіркеліп, мұнай тиеу жұмыстары уақытша тоқтатылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Энергетика министрлігі оқиғаға байланысты ВПУ-3 және ВПУ-2 айлақ құрылғыларында мұнай тиеу операциялары уақытша тоқтатылғанын мәлімдеді.

КҚК-ның жүк тиеу жүйелері мен танкерлерінің жағдайына қажетті тексерулер жүргізілген.

“Қажетті тексерулерден кейін КҚК-ның жүк тиеу жүйелері мен танкерлерінде мұнай тиеу операцияларын одан әрі жүргізуге кедергі келтіретін ақаулар анықталған жоқ. Қоршаған ортаға әсер ету деректері тіркелмеді. Осыдан кейін мұнай тиеу операциялары қайта басталды. Қазіргі уақытта жұмыстар штаттық режимде жүргізіліп жатыр”, – деп хабарлады энергетика министрлігі.

Министрлік қазақстандық мұнай жөнелтушілерден шикізат қабылдауға ешқандай шектеу енгізілмегенін атап өтті.

Еске салсақ, бұған дейін Қара теңіздегі Каспий құбыр консорциумының (КТК) теңіз терминалы маңында екі мұнай танкеріне шабуыл жасалып, мұнай жөнелту уақытша тоқтатылғаны туралы жазған едік. Шабуылға ұшыраған танкерлер арасында қазақстандық "Теңізшевройл" ЖШС-ның (Chevron компаниясы) мұнайы тиелген NISSOS SIFNOS танкері де болған. 

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 09 Қыркүйек, 2026 20:55