КТК терминалындағы дрон шабуылы: Энергетика министрлігі қазақстандық мұнай экспортына қатысты жаңа мәлімдеме жасады
Энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумы (КТК) мұнай қабылдауды уақытша шектегендіктен, қазақстандық мұнайдың жаңа бағыттар арқылы жөнелтіліп жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Энергетика министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, шілде айында мұнай көлемінің бір бөлігі басқа бағыттарға, оның ішінде Ақтау портына, Атасу – Алашанькоу бағытына, сондай-ақ Атырау – Самара бағытына қайта жөнелтілген.
"Қосымша экспорт бағыттары ретінде Баку – Тбилиси – Джейхан жүйесі арқылы тасымалдау, Каспий теңізі арқылы Әзірбайжан аумағымен тасымалдау, сондай-ақ Баку – Супса бағыты қарастырылып жатыр", – делінген министрлік хабарламасында.
Сондай-ақ Баку – Тбилиси – Джейхан жүйесі арқылы жылына шамамен 1,2 миллион тонна көлемінде қазақстандық мұнай тасымалданып жатқаны атап өтілді. Сонымен қатар Әзірбайжан билігі қазақстандық мұнайды қабылдау көлемін жылына 2,2 миллион тоннаға дейін арттыруға дайын екенін білдірді.
Еске салсақ, бұған дейін Қара теңіздегі Каспий құбыр консорциумының (КТК) теңіз терминалы маңында екі мұнай танкеріне шабуыл жасалып, мұнай жөнелту уақытша тоқтатылғаны туралы жазған едік. Шабуылға ұшыраған танкерлер арасында қазақстандық "Теңізшевройл" ЖШС-ның (Chevron компаниясы) мұнайы тиелген NISSOS SIFNOS танкері де болған.
Жүргізушілер Алматы әуежайында жолаушыларды түсіргені үшін салынған айыппұлдарға шағымданды: Полиция не дейді?