Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қызылордада 14 жастағы қыз ауруханада көз жұмды: Ата-анасы дәрігерлерді айыптады

марқұм
Фото: Видеодан скрин

Қызылордада 14 жастағы Кәмшат Сераш балалар ауруханасында көз жұмды. Қайғыдан қан жұтқан отбасы дәрігерлер қыздың жағдайын бастапқыда дұрыс бағаламай, миына қан құйылғанын дер кезінде анықтамағанын айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі  Информбюро арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Марқұмның жақындарының сөзінше, дәрігерлер басы ауырып, құсып келген жеткіншекті асқазан ауруынан емдеген. Есінен танып қалған соң ғана қан тамырларындағы ақау белгілі болған. Енді ата-анасы қызының өліміне кінәлілердің заң алдында жауап бергенін қалайды.

Кәмшаттың бөлмесінде оның суреттері мен естеліктері қалған. Отбасының тұңғышы болған қыз бос уақытында сурет салғанды жақсы көрген. Сабақты жақсы оқып, өнерге де жақын болған жеткіншектің ата-анасы қызының болашағынан көп үміт күткен. Алайда екі жарым айдан бері оның бөлмесі бос тұр.

Отбасының айтуынша, жағдай шілде айында басталған. Кәмшаттың басы қатты ауырып, қайта-қайта құса берген соң, ата-анасы оны жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізіпті. Бірақ дәрігерлер жасөспірімнің асқазанында кінәрат бар деп болжап, соған байланысты ем жүргізген. Сол түні қыздың жағдайы күрт нашарлап, есінен танып қалған. Ол жансақтау бөлімінде бір апта жатса да, есін жимастан қайтыс болған.

Кейін отбасы қызының өліміне асқазан ауруы емес, миына көп мөлшерде қан құйылуы себеп болғанын білген. Әкесі дәрігерлер баланың жағдайына сай тексеру жүргізбей, уақыт жоғалтты деп есептейді.

“Неврология бөліміне жатқызылуы керек баланы гастроэнтерология бөліміне орналастырған. Ешқандай аппаратпен тексермеген. Қан көп мөлшерде құйылып, жағдайы үшінші сатыға жеткен кезде де құсуға қарсы дәрілер берген. Оның бәрі кері әсер етіп, инсультін асқындырып жіберген. Менің ойымша, бұл жерде балалар ауруханасының педиатр дәрігері кінәлі. Диагнозды дұрыс қоймаған”, – дейді қыздың әкесі Талғатбек Жұмабек. 

Кәмшаттың ата-анасы қызына уақытында дұрыс диагноз қойылып, қажет  медициналық көмек көрсетілгенде, жағдай басқаша болуы мүмкін еді деп санайды. Олар дәрігерлердің әрекетіне қатысты сұрақтарына нақты жауап алғысы келеді. Алайда аурухана өкілдері бұл оқиға бойынша әзірге мардымды түсініктеме бермеген.

Отбасы қызының қазасына жауапты адамдардың жазалануын талап етіп, тиісті органдарға жүгініп жүр. Ата-анасы үшін ендігі басты мақсат – Кәмшаттың өліміне қатысты жағдайдың жан-жақты тексеріліп, кінәлілердің анықталуы.

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 14 Қазан, 2026 08:10