Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жедел жәрдем қызметі жаңа тәртіппен жұмыс істейді

денсаулық
Фото: Видеодан скрин

Қазақстанда жедел жәрдем көрсету қағидаларына енгізілген өзгерістер күшіне енді. Енді науқастар жедел жәрдем көлігінің қай жерде келе жатқанын бақылай алады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Жаңашылдықтар шақыртуларды шұғыл деңгейіне қарай бөлуге, медицина қызметкерлерінің жабдықталуына және арнайы көліктердің қозғалысын геолокация арқылы бақылауға қатысты.

Бұдан былай шақыртудың төртінші санаты “шұғыл жағдай” деп аталады. Бұл санатқа науқастың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төнбейтін жағдайлар жатады.
Сонымен қатар жедел жәрдем бригадасының науқасқа жету уақыты өзгеріссіз қалады. Бірінші санаттағы шақыртуға медицина қызметкерлері 10 минутқа дейін, екінші санатқа 15 минутқа дейін, үшінші санатқа 30 минутқа дейін, ал шұғыл жағдайларға 60 минутқа дейін жетуі тиіс.

Бұдан бөлек, жедел жәрдем дәрігерлері бейнетіркегіш жетондармен жабдықталады.
Ал Ақтөбе мен Шымкентте жедел жәрдем көліктерінің қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылау жүйесі сынақтан өтіп жатыр. Ол такси қызметтеріндегі көлікті картадан бақылау жүйесі сияқты жұмыс істейді. Алдағы уақытта жобаны Қазақстанның басқа өңірлерінде де енгізу жоспарланып отыр.

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 14 Қазан, 2026 08:32