Алматыда екі ер адам жедел жәрдем қызметкерлерін пышақпен қорқытқан (видео)
Алматыда жедел жәрдем бригадасы шақырту кезінде медицина қызметкерлеріне пышақпен қоқан-лоққы жасалғанын айтып, полицияға шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Алматы полиция департаментінің мәліметінше, полицейлер Қазыбек би мен Бәрібаев көшелерінің қиылысында екі ер адамды ұстаған. Патрульдік полиция қызметкерлері бұл жерге жедел жәрдем бригадасынан оқиға туралы хабарлама түскеннен кейін барған.
Медицина қызметкерлері екі ер адамға шақырту бойынша барған. Алайда кейін ер адамдар жедел жәрдем қызметкерлерін пышақпен қорқыта бастаған.
"Алдын ала мәлімет бойынша, күдіктілер есірткіге мас күйде болған. Ұсталғандардың өздері медицина қызметкерлері келгенге дейін синтетикалық есірткі қолданғандарын мойындады. Қуанышымызға орай, жедел жәрдем қызметкерлерінің ешқайсысы зардап шеккен жоқ", – делінген полиция хабарламасында.
Полиция мәліметінше, ұсталғандар полиция бөлімшесіне жеткізілген.

Қазір оқиғаның барлық мән-жайы, пышақтың қайдан алынғаны, сондай-ақ оны сақтау және алып жүру мақсаты анықталып жатыр. Полиция әр қатысушының әрекетіне құқықтық баға берілетінін атап өтті.
Еске салсақ, бұған дейін Алматы полициясы қаладағы психикалық денсаулық орталығынан қашып кеткен екі науқас: Нелли Шахрай мен Денис Антипинді іздестіріп жатқаны туралы жазған едік.
"Қырғызстан өзі алға шығу үшін осылай жасады": Сарапшылар көшпенділер ойыны нәтижесіне қатысты пікір білдірді