Алматыда психикалық денсаулық орталығынан екі пациент қашып кеткен: Полиция мәлімдеме жасады
Алматы полициясы Психикалық денсаулық орталығынан әртүрлі күндері шығып кеткен Нелли Шахрай мен Денис Антипинді іздестіріп жатыр. Полиция мәліметінше, екі жағдай бір-бірімен байланысты емес. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Lider.kz еріктілер ұйымы Instagram парақшасында Алматыдағы Психикалық денсаулық орталығынан қашып кеткен Денис Антипин мен Нелли Шахрайға қатысты іздеу жариялады.
Нелли Шахрай 16 сәуір күні сағат 09:00 шамасында Алматының Бостандық ауданындағы Психикалық денсаулық орталығынан шығып кеткен.
"Бойы – 167 см, дене бітімі орташа, көзі қоңыр, шашы қарақоңыр, арасында ақ шаштары бар, ұзын. Бетінде бөртпелер бар. Үстінде қою көк түсті велюр кофта, күлгін шалбар, көк резеңке аяқ киім болған. Бағдардан адасқан. Психикалық ауытқуы бар", – делінген іздеу хабарламасында.
Еріктілердің мәліметінше, Денис Антипин аталған Психикалық денсаулық орталығынан 13 мамыр күні қашып кеткен.
Ер адамның бойы 180 см, дене бітімі орташа, шашы қарақоңыр, арасында ақ шаштары бар, көзі қоңыр. Сол көзінің маңында меңі бар. Үстінде қара түсті кеудеше, ақ футболка, қара шалбар және қара сланцы болған.
"Қала мен облыс тұрғындарынан іздеудегі адамдардың суреттеріне мұқият қарап, түр-тұлғасын есте сақтауды сұраймыз. Көшелерге, аулаларға, кіреберістерге, аялдамаларға, базарларға, вокзалдарға, қоғамдық көлікке және адам көп жиналатын басқа да орындарға назар аударыңыздар. Ұқсас адамдарды байқап қалсаңыздар, оларды өз бетіңізше ұстауға немесе жанжалға түсуге тырыспаңыздар. Ақпаратты іздеу хабарламасында көрсетілген телефон нөмірлеріне немесе полицияға 102 нөмірі арқылы хабарлаңыздар", – делінген еріктілер хабарламасында.
Алматы полиция департаменті әлеуметтік желілерде тараған ақпарат медициналық мекемеден екі пациенттің жоғалуына қатысты екі бөлек жағдай екенін мәлімдеді.
"Ер адам мен әйел медициналық мекемеден әртүрлі күндері кеткен және бір-бірімен байланысты емес. Екі дерек бойынша да Бостандық аудандық полиция басқармасы іздестіру істерін қозғады. Қазіргі уақытта азаматтардың жүрген жерін анықтап, оларды медициналық мекемеге қайтаруға бағытталған жедел және іздестіру іс-шараларының кешені жүргізіліп жатыр", – деп мәлімдеді полиция.
Еске салайық, бұған дейін Алматы облысы Ақтас ауылындағы психиатриялық ауруханада мәжбүрлі ем алып жатқан атышулы қылмыскер Николай Жұмағалиевтің сұхбаты жарияланған еді. Ол ауруханадағы жағдайға, соның ішінде жеке кеңістіктің тапшылығы мен серуендеуге қойылған шектеулерге шағымданған. Осыдан кейін әлеуметтік желіде мекемеде науқастарға күш қолданылғаны туралы ақпарат тараған. Алайда Денсаулық сақтау министрлігі жүргізген тексеріс барысында бұл деректер расталмаған.
"Қырғызстан өзі алға шығу үшін осылай жасады": Сарапшылар көшпенділер ойыны нәтижесіне қатысты пікір білдірді
