Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Атыраудың бұрынғы әкімі Шакир Кейкинге қатысты қылмыстық іс тоқтатылды

экс-әкім
Фото: gov.kz

Атырау қаласының бұрынғы әкімі Шакир Кейкинге қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды. Тергеу нәтижесінде оның алаяқтық іске қатысы жоқ екені анықталды. Әкімнің бұрынғы орынбасары Мейіржан Мұқасовқа да осындай шешім қабылданды. Ал іс бойынша тағы екі күдікті сот алдында жауап беруі мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Ақ Жайық” басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Адвокат Нұрлан Жолболовтың айтуынша, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Атырау облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі тергеуді төрт-бес ай бойы жүргізген. Нәтижесінде құқық қорғау органдары экс-әкімнің басқа қатысушылардың алаяқтық әрекеттеріне қатысы жоқ деген қорытындыға келген.

Жолболовтың сөзінше, Шакир Кейкин мен оның бұрынғы орынбасары Мейіржан Мұқасовқа қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылған. Тергеуге қадағалау жүргізген прокуратура бұл шешімнің заңдылығын тексеріп, тергеу қорытындысымен келіскен.

Тағы екі күдікті сотқа тартылуы мүмкін

Ал іс бойынша қалған екі күдіктіге қатысты материалдар сотқа жолдауға дайындалып жатыр. Оларға алаяқтық жасады деген айып тағылған.

Күдіктілердің бірі – Бейбіт Мағзұмов. Ол “Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету” ЖШС бас директорының орынбасары қызметін атқарған. Екінші күдіктінің есімі – Әнуар Күншіғарoв.

Бір қызығы, екеуі де әр жылдары кәріз жүйесіне қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін “BM SERVICE STROI” ЖШС-ін басқарған.

Істің мән-жайы

Айта кетейік, биыл 1 маусым күні Атырау қаласы әкімдігінің басшылығына қатысты тергеу әрекеттері жүріп жатқаны хабарланған еді. Сол кезде жоғары лауазымды шенеуніктер ұсталды деген ақпарат тараған. Десе де олардың қорғаушылары бұл мәліметті жоққа шығарды.

Кейін Шәкір Кейкиннен Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің жауап алғаны, содан соң оның үйіне қайтқаны белгілі болды. Ведомство сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын растағанымен, істің егжей-тегжейін жарияламады.

Шәкір Кейкин 2023 жылдың шілдесінен бері Атырау қаласын басқарған. Биыл қыркүйекте ол өз өтінішімен қызметінен кетті.

Әкім орынбасары пара алды деген күдікке ілінген

Осы жазда құқық қорғау органдарының назарына Атырау әкімінің тағы бір орынбасары Тілек Махуов та іліккен. Ол аса ірі мөлшерде пара алды деген күдікпен ұсталған.

Мәліметке сәйкес, шенеунікке қаланың кәріз желілерін күрделі жөндеу жобасына өзгеріс енгізуге көмектескені үшін 100 миллион теңге берілген болуы мүмкін.

Әкімдік басшылығына қатысты бірнеше қылмыстық істің қатар шығуы олардың арасында байланыс бар ма деген сауал туғызған. 

“Істің мән-жайын білмейтін әрі оның мәнін түсінбейтін адамдар бұл әрекеттерді бір-бірімен байланыстырады. Алайда аталған үш адамға қатысты құқық қорғау органдарының күдіктері бір-бірімен байланысты емес”, – деді адвокат.

41 миллион теңгеден асатын мемлекеттік келісімшарт

Бұл істің тағы бір назар аударарлық тұсы бар. Іске қатысты тергеу басталған кезде  шамамен 40 миллион теңге жымқырылғаны айтылған. 

Кейін басылым Бейбіт Мағзұмовтың атына тіркелген “ВМ SERVICE” жеке кәсіпкерлігі ассенизаторлық техниканы жалға беру бойынша мемлекеттік келісімшартты конкурссыз алғанын анықтаған. Келісімшарттың құны өзгертілген соң 41 миллион теңгеден сәл асқан.

Басылым мәліметінше, жеке кәсіпкерлік 2024 жылы 31 қаңтарда тіркеліп, келесі күні  жалғыз мемлекеттік келісімшартын алған.

Бұл мемлекеттік сатып алудың қылмыстық іске қатысы бар-жоғы белгісіз. 

Мемлекеттік келісімшарттың құны 41 миллион теңгеден асқан. Бұл сома тергеу туралы алғашқы хабарларда айтылған 40 миллион теңгеге жақын. Алайда бұл екі деректің өзара байланысы бар-жоғы әзірге белгісіз.

Іс сотқа жеткенде, күдіктілердің нақты не үшін айыпталып отырғаны және оған қандай дәлелдер бар екені белгілі болуы мүмкін.

Еске сала кетсек, Шәкір Кейкін 14 қыркүйекте Атырау қаласының әкімі қызметінен кетті. Оның кету себебі ресми түрде жарияланбады. Ол қаланы 2023 жылдың шілдесінен бастап басқарды. Орнын босатуға орынбасарларға қатысты қылмыстық істер себеп болған. Шілде айында ҰҚК қызметкерлері әкімнің орынбасары Тілек Махуовты ұстады. Ол 100 млн теңге пара алды деген күдікке ілінді. Тағы бір орынбасары Мейіржан Мұқасовтан сыбайлас жемқорлық ісі бойынша жауап алынып, кейін босатылды. Бұрынғы әкімнің өзін де жауап алуға шақырды, бірақ оған ешқандай айып тағылмады.

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 14 Қазан, 2026 15:09