Жолақы төлемейтін жолаушылардың кесірінен автобустар лық толып жатыр: Әкімдіктер кептелістің себебін түсіндірді
Алматы тұрғындары №57 қоғамдық көліктің қарбалас уақытта адамға лық толатынына шағымданды. Олар мән-жайды айтып, әкімдікке де өтініш білдірген. Алайда басқарма маршруттағы 24 автобустың жолаушылар санына жеткілікті екенін айтқан. Тұрғынның сөзінше, бұл есеп жолақысын төлеп мінетін жолаушылар санына ғана негізделген. Ал жолақысын төлемей мінетіндер есепке алынбайды. Сондықтан автобустың нақты қаншалықты толатыны ескерілмей отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Мәселе әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Threads желісінде Рысбек Әлиев есімді қолданушы №57 автобустың қарбалас уақытта шамадан тыс толып кететінін айтты. Ал бұл мәселені шешу үшін дәл осы бағыт қатынайтын қоғамдық көлік санын көбейтуді және қозғалыс аралығын қысқартуды сұрады.
"57-автобустағы адамдардың көптігі туралы e-otinish-ке де, желіге де жаздым. Жауапты орган "адамдардың санына автобус жеткілікті" дейді. Олар жол ақысын төлейтіндердің статистикасы бойынша ғана қорытынды шығарады екен. Ал жол ақысын төлемейтіндердің кесірінен адал азаматтар зардап шегіп отыр. Нәтижесінде кім кінәлі? Өзіміз", – деп жазды алматылық.
Оған қоса тұрғын алматылықтарды қоғамдық көлікте жолақысын уақытында төлеуге шақырды.
“Ағайын, 120 теңге жол ақыны төлесең кедейленіп қалмайсың. Одан автопарктер байып кетпейді. Ақысын төлеп жүрсең жұмысыңа, оқуыңа қысылмай, жұртпен қырылмай емін-еркін жетесің”, – деп жазды ол.

Оған қоса тұрғын Жол қозғалысын ұйымдастыру және жолаушылар көлігі басқармасына өтініш жолдағанын да айтты.
“Тексермесе, жол ақысын төлемей отыра береді”
Тұрғынның шағымын басқа да жолаушылар қолдады. Олар жолақысын төлемейтіндер көбейген сайын, қоғамдық көлікке сұраныс статистикасына әсер ететінін жеткізді.
“Жол ақысын төлеген адам санына байланысты, автобус қажеттілігі шығады. Күніне 1 000 адам мініп, оның 100-і ғана төлесе, сол 100 адамға автобус саны жеткілікті деп есептеледі. Жол ақысы = автобус саны. Жолаушылардың өзіне тікелей қатысты болып тұр бұл мәселе. Өкінішке қарай, көбісі тексермесе, жол ақысын төлемей отыра береді”, – деп жазды бірі.

“Алматы халқы! Автобуста жол ақысын төлеп жүріңіздерші. Көп адам тұрады, бірақ ары кетсе 10-15 жолаушы ғана ақыны төлейді. Міне, төлемеген адамдардың кесірінен артық автобус қоспайды. Себебі төлеген есеп бойынша автобусқа мінетін халық аз деп ойлайды. Басқа-басқа жол ақысын жемеңдер!”.

"Осы дұрыс па? Қоғамдық көлікпен жиі жүремін. Жол ақысын төлемейтіндер өте көп. Студенттер, орта жастағылар, тіпті үлкен кісілер де төлемей отыра береді. Сосын жол ақысын тексеретін бақылаушылар кіріп келгенде, әлгі адамдар жыбырлай бастайды. Бұл – нағыз масылдықтың бір түрі. Сонда олар автобус тегін болуы керек деп ойлай ма? Әлде жол ақысын төлемеу қалыпты жағдайға айналып кеткен бе? Осыдан кейін “біз неге дамымай жатырмыз” деп қызыл кеңірдек боламыз. Өзгелердің еңбегін бағалап, жол ақысын адал төлеуді өзімізден бастауымыз керек".
“Алтын Ордадан таңертең 55-автобусқа отырамын. Ал Алтын Ордадан Абай-Момышұлы метросына дейін жан жақ ауылдан 30-40 шақты жас мінеді. Біреуі ақша төлемейді. Оны ешкім тексермейді. Қарап отырып, ұяласың. Ертең автобусты тоқтатып тастаса, не болады? Жастар неге жол ақысын төлемейді? Метродан бәрі түскен соң келесі аялдамада тексеруші жүреді. Жолақымызды төлеп жүрейік”.

Әкімдік не дейді?
Ал басқарма мәліметінше, қазір №57 бағытта 2026 жылы шығарылған “Yutong” маркалы 24 автобус қатынайды.
“Бұл бағыттағы жылжымалы құрамды жаңарту жұмыстары 2026 жылдың екінші тоқсанынан басталған. Қазір қоғамдық көлікке ауаны кондиционерлеу жүйесі бар. Газбен жүретін жаңа автобустар шығарылып жатыр. Оның үстіне жаңа автобустардың сыйымдылығы жоғары және жолаушыларға жайлы жағдай жасалған”, – делінген жауапта.
Әкімдік №57 бағытындағы автобустар санын көбейту жоспарда жоқ екенін айтты. Оған қоса олардың жүру аралығы әзірге қысқармайтынын жеткізді.
Басқарманың айтуынша, №57 автобусына мінетін жолаушылар санына қарай маршруттағы 24 автобус жеткілікті деп есептелген.
Сонымен қатар мамандар автобустардың тазалығы мен санитариялық жағдайын да үнемі тексеріп тұрады екен. Егер қандай да бір кемшілік анықталса, тасымалдаушы компанияға оны дереу түзету туралы талап қойылады.
Тұрғындар не дейді?
Әлеуметтік желіде басқа алматылықтар да №57 ғана емес, қаладағы қоғамдық көліктің сыйымдылығына қатысты пікір білдірген.
Бір тұрғын автобустардың шағын болғанына шағымданып, қарбалас уақытта жолаушылардың бір-біріне қысылып тұратынын жазды.
“Тым құрығанда көлемін ескеріңіздерші. Тез жүреді, әрине, бірақ ішіне сыймаймыз. Бірінің үстіне бірі мініп алайын деп тұрады. Тұрып қалсаң да бір аяққа тұратын орын жоқ. Автобус ары-бері теңселгенде адамдар бірін-бірі басып жатады”, – деп жазды ол.
Тағы бір тұрғын №57 бағытында өз қыздарының телефоны жоғалғанын айтып, автобустағы қауіпсіздік мәселесін көтерген.
“№57 қоғамдық көлікке үлкен автобус керек. Осы 57-де қыздарым екі Iphone жоғалтты. Табылмады. Жүргізушілер тек жазбаны қосып қояды: сақ болыңыз, ұрылар бар деген. Видео камераның жазбасын көрсетпейді, еш болыспайды. Сосын қатты айдайды. Жазда іші ыстық, салқындатқыш қоспайды. Ал қыста не қатты ыстық, не мүлде суық. Жүргізуші біліктілігін арттырып, үлкен автобустар шығару қажет”, – деді тұрғын.

Мұндай мәселе Шымкентте де бар
Жолақысын төлемеу мәселесі Алматыға ғана тән емес. Шымкентте де оқу жылы басталғалы қоғамдық көліктің қарбалас уақытта лық толатынына тұрғындар шағымданып жатыр.
“Шымкентте автобусқа мінетіндердің көбі неге жол ақысын төлемейді? Қайнар аялдамасына дейін көбісі төлемей түсіп кетеді. Өткенде автобуста бір аяқпен тұрдық. Жүргізуші 12 адам ғана төледі, төлеңіздер деп айтып шаршады. Сөйте тұра неге автобусты көп күтеміз деп ренжиді? Өзімізден бастайық”.
“Шымкенттіктер назарына! Автобусқа кіре салып жол ақысын төлесеңдерші. Аялдамадан дайындап қоя берсеңдерші. 70 теңге төлемесең байып кетпейсің”.

“Біздің Шымкенттіктер автобусқа мінгенде жол ақысын төлеп қашан үйренеді екен. Кондукторды алып тастағанға уже 3-4 жыл болды. Автобуста кемі 25 адам отыр,тексеруші келгенде 20 адам тыпырлайды ғой шіркін! Кірген кезде төлеп қойса болмай ма? Әлде төлемей түсіп кетуді ойлайсыңдар ма? Басқа басқа, жолдың ақысын жеуге болмайды”.
“Шымкентте тұрамын. Байқағаным – көпшілік автобуста жол ақысын төлемейді. Еліміздегі ең арзан жол ақысы бізде емес пе? Бар болғаны 70 теңге. QR және карта арқылы төлеуге болады. QR және карта арқылы төлем жасалса, бұл сол автобустың қаншалықты сұранысқа ие екенін көрсетеді. Ал көпшілік жол ақысын төлемегендіктен, қаладағы автобустар саны азайып кеткен.Қаланың өркендеуі мен өсуі тікелей халықтың қолында. Жол ақысын уақтылы төлеңдер”.
Таңертең оқушылар мен студенттер сабаққа, ал түстен кейін үйіне қатынайды. Алайда автобусты күту бір мәселе болса, оған сыйып мініп кету тағы бір мәселе.
Қала тұрғындарының айтуынша, мәселе әсіресе қала шетіндегі аудандарда байқалады. Себебі ол жақта автобус бағыттары аз, ал балама көлік түрлері көп емес.
Шымкентте мектеп оқушылары мен 70 жастан асқан зейнеткерлер қоғамдық көлікте тегін жүреді. Бірақ олардың сапары да жолаушылар ағынының статистикасында ескерілуі керек.
Тегін жүрген жолаушы да есепке алынуы керек
Мәселен, аялдамада 20 адам автобус күтіп тұр делік. Олардың барлығы автобусқа отырып кетті. Бірақ сол 20 адамның барлығы статистикада көрінбеуі мүмкін.
Себебі жеңілдікпен немесе тегін жүретін жолаушылар жолақы төлемегендіктен, кей жағдайда сапарын валидатор арқылы тіркемейді. Ал дәл осы деректер белгілі бір бағытта қанша адам қатынайтынын және оған қанша автобус қажет екенін анықтауға пайдаланылады.
Сондықтан тұрғындар автобустың адамға лық толғанын айтып шағымданғанымен, ресми статистикада жолаушылар саны төмен болып көрінуі мүмкін.
Шымкент әкімдігі мәліметінше, қазір автобустардың жетіспейтіні немесе шамадан тыс жүктелгені туралы ресми цифрлық негіз жоқ. Жеңілдікпен жүретін жолаушылар да картасын валидаторға тигізіп, сапарын тіркеуі керек. Бұл үшін олардан ақша алынбайды.
Демек Алматы мен Шымкенттегі жағдайдың ұқсастығы – автобусқа сұранысты анықтауда жолаушылардың нақты саны маңызды. Ал жол жүруі тіркелмеген жолаушылар статистикада көрінбесе, маршруттың нақты жүктемесін бағалау қиындайды.
Алматыдағы қымбат капсула үйлер демалушыларды шошытты: Қонақтар қоқыс пен нәжіске шағымданды