2100 жылға қарай Орталық Азия халқының тең жартысын өзбекстандықтар құрайды
2100 жылға қарай Орталық Азия халқының жартысына жуығын өзбекстандықтар құрайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Energyprom.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
БҰҰ-ның жаңартылған демографиялық болжамына сәйкес, 2100 жылға қарай Орталық Азия халқының саны екі есеге жуық өсіп, 75 миллионнан 149,9 миллион адамға жетеді. Бұл ретте өңір тұрғындарының жартысына жуығы Өзбекстан азаматтары болуы мүмкін.
Қазақстан халқы 33,7 миллион адамға жетуі мүмкін
Сарапшылардың есептеуінше, Қазақстан халқы да алдағы онжылдықтарда тұрақты өседі. Алайда өсім қарқыны өңірдегі кейбір көрші мемлекеттерге қарағанда баяуырақ болады.
Болжам бойынша, 2100 жылға қарай Қазақстан халқы 33,7 миллион адамға жетеді. Бұл 2020 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 75,3%-ға көп.
Ал Қырғызстан халқы ғасыр соңына қарай 11,7 миллион адамға дейін өседі деп болжанып отыр. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 72,4%-дық өсімді білдіреді. Түрікменстан халқы 8,4 миллионға жетіп, 53,2%-ға артады. Ал Тәжікстан халқы екі есеге өсіп, 20,2 миллион адамды құрауы мүмкін.
Өзбекстан халқы 74,4 миллионға жетеді
Орталық Азиядағы халық санының жалпы өсіміне Өзбекстан айтарлықтай үлес қосады деп болжанған.
2020 жылы Өзбекстан тұрғындары өңір халқының 43,9%-ын құраса, 2100 жылға қарай бұл көрсеткіш 49,6%-ға дейін өсуі мүмкін. Ел халқының саны осы кезеңде 33 миллионнан 74,4 миллион адамға дейін артады деп болжанған.
Сарапшылар демографиялық өсімнің ең жоғары қарқыны алдағы онжылдықтарда, атап айтқанда, 2030–2040 жылдарға дейін байқалатынын айтады. Одан кейін халықтың біртіндеп қартаюы мен туу көрсеткішінің төмендеуіне байланысты өсім баяулай бастайды.

Халық санының өсуі қандай мәселелерге әкелуі мүмкін?
БҰҰ сарапшыларының пікірінше, ұзақ мерзімді демографиялық болжамдар мемлекеттерге экономиканы, білім беру мен денсаулық сақтау жүйелерін, сондай-ақ көлік инфрақұрылымын жоспарлауға мүмкіндік береді. Алайда халық санының екі есеге жуық өсуі жаңа нарықтық мүмкіндіктермен қатар, бірқатар күрделі міндеттерді де туындатуы мүмкін.
Біріншіден, инфрақұрылымға түсетін жүктеме артады. Өзбекстанда халық тығыздығы 2024 жылғы бір шаршы шақырымға шаққанда 85,5 адамнан 2100 жылға қарай 174,8 адамға дейін өсуі ықтимал. Бұл ірі қалаларға және өңірдің су ресурстарына түсетін қысымды күшейтуі мүмкін.
Екіншіден, өмір сүру ұзақтығы артады. Болжамға сәйкес, 2100 жылға қарай Өзбекстандағы орташа өмір сүру ұзақтығы 83 жасқа жетеді. Әйелдер арасында бұл көрсеткіш 85 жас, ал ерлер арасында 81 жас болуы мүмкін.
Үшіншіден, халықтың жас құрылымы өзгереді. Өзбекстан тұрғындарының орташа жасы 2030 жылғы 26,5 жастан 2100 жылға қарай 39 жасқа дейін өсуі ықтимал. Жастар үлесінің азаюы туу көрсеткішінің табиғи төмендеуіне және зейнетақы жүйесіне түсетін жүктеменің біртіндеп артуына әкелуі мүмкін.
Еске салсақ, бұған дейін 2026 жылдың 1 ақпандағы жағдай бойынша Қазақстан халқының саны 20,5 миллион адамнан асқаны туралы жазған едік.
"Scopus-қа мақала шығару үшін 1,5 миллион теңге сұрайды": Қазақстандық ғалымдар докторантурадағы талаптарға наразы