Қазақстанда ең жоғары жалақы төленетін мамандықтар аталды
Ұлттық статистика бюросы Қазақстанда ең жоғары жалақы төленетін мамандықтар тізімін жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ұлттық статистика бюросының жыл сайынғы іріктемелі зерттеу қорытындысы бойынша, Қазақстанда айына 300 мың теңгеден жоғары жалақы алатын қызметкерлердің үлесі артқан.
Сәуір айында жүргізілген зерттеуде қосымша ақылар, үстемеақылар, сыйақылар, салықтар және зейнетақы аударымдары ескерілген. Зерттеу нәтижесі бойынша ұйымдар мен кәсіпорындардағы қызметкерлердің жалпы саны 3,3 миллионнан асқан. Оның ішінде ерлердің үлесі – 48,1% (1,6 миллион адам), ал әйелдер – 51,9% (1,7 миллион адам) құрады.
Зерттеу қорытындысына сәйкес, биыл 300 мың теңгеден жоғары жалақы алатын қызметкерлердің үлесі 53,7%-дан 58,4%-ға дейін өскен. Ал 100 мың теңгеге дейін жалақы алатындардың үлесі 3,3%-дан 2,3%-ға дейін төмендеді. Айына 100–300 мың теңге табатын қызметкерлердің үлесі де 43%-дан 39,3%-ға азайған.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, орташа айлық атаулы жалақы кәсіптердің тоғыз ірілендірілген тобының барлығында өскен.
2025 жылмен салыстырғанда ең жоғары өсім өнеркәсіп, құрылыс, көлік және басқа да сабақтас салалардағы жұмысшылар арасында тіркелген. Олардың жалақысы 13,1%-ға артқан. Өндірістік жабдық операторларының, құрастырушылар мен жүргізушілердің жалақысы 10,4%-ға өскен.
Жалпы, өндіріс, көлік, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету салаларын қоса алғанда, барлық кәсіп бойынша атаулы жалақының оң динамикасы байқалған.

2026 жылы жекелеген кәсіптер мен лауазымдар бойынша есептелген орташа айлық жалақы мынадай болды:
- Ұйым басшылары – 1,1 миллион теңге;
- инженерлер – 702 мың теңге;
- еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі инженерлер – 645 мың теңге;
- инженер-технологтер – 617 мың теңге;
- инженер-энергетиктер – 615 мың теңге;
- дәрігерлер – 491,4 мың теңге;
- бухгалтерлер – 398,6 мың теңге;
- фармацевтер – 347,7 мың теңге;
- автокөлік жүргізушілері – 328,1 мың теңге;
- техниктер – 314,7 мың теңге;
- фельдшерлер – 313,6 мың теңге;
- медбикелер – 264,6 мың теңге;
- аспаздар – 192,6 мың теңге;
- күзетшілер – 174,2 мың теңге.
Айта кетейік, орташа айлық атаулы жалақы барлық есептелген жалақы сомасын қызметкерлер санына бөлу арқылы анықталады.
Еске салсақ, бұған дейін Қазақстанда мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы қашан көтерілетіні айтылған еді.
"Scopus-қа мақала шығару үшін 1,5 миллион теңге сұрайды": Қазақстандық ғалымдар ғылымдағы әділетсіздіктерге наразы