Жалақысы аз бола тұра, қымбат пәтер алған қазақстандықтар салық органдарының тексерісіне ілігеді
Қазақстанда салық органдары адамның ресми табысын өзі сатып алған мүлікпен салыстыра алады. Мысалы, айына 300 мың теңге жалақы алатын адам 100 миллион теңгеге пәтер сатып алса, мамандар одан мұндай қомақты ақшаны қайдан алғанын сұрауы мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қаржы вице-министрі Әсет Тұрысов салық органдары қазақстандықтардың табысы мен сатып алған мүлкі туралы ақпаратты қалай салыстыратынын түсіндірді. Оның сөзінше, мәліметтерді жинауға Smart Data Finance жүйесі қолданылады.
Үкіметтегі брифингте журналист айына 300 мың теңге жалақы алатын адамның 100 миллион теңгеге пәтер сатып алғанын мысалға келтірді.
Тұрысовтың айтуынша, жүйе 80 дереккөзден ақпарат жинайды. Олардың ішінде азаматтардың үйі, көлігі мен жер учаскесі туралы мәліметтер бар.
Егер адамның ресми табысы мен сатып алған мүлкінің құны арасында үлкен айырмашылық болса, салық органдары одан ақшаны қайдан алғанын түсіндіруді сұрауы мүмкін.
“Мысалы, адамның жалақыдан басқа табыс көзі жоқ делік. Бірақ соған қарамастан ол пәтер, үй сатып алып, бес-алты көлік иеленсе, бұл мүлікті қандай қаражатқа алғаны туралы сұрақ туындайды. Сонымен бірге азаматтың жалақыдан бөлек табысы болуы мүмкін. Мысалы, ол мүлкін сатқан, мұра алған немесе басқа жолмен ақша тапқан болуы ықтимал. Мұндай жағдайда сол қаражаттың қайдан келгенін растайтын мәліметтерді ұсынуға болады. Егер бұл табысқа салық төлеу қажет болса, азамат оны заңға сәйкес төлеуі тиіс”, – деді вице-министр.
Салық органдары азаматтардың банк шоттары мен аударымдарын түгел көре ала ма?
Әсет Тұрысовтың айтуынша, Smart Data Finance жүйесі салық органдарына банк операцияларын толық бақылауға мүмкіндік бермейді. Өйткені банк құпиясы туралы заң талаптары сақталуы тиіс. Ақша аударымдары туралы мәліметтерді заңда көзделген белгілі бір жағдайларда ғана алуға болады.
Вице-министр салық органдары тексеруді бастайтын нақты сома немесе жалақы мөлшері белгіленбегенін айтты.