Астанаға ұшып келген жолаушының ұшақта 1,6 миллион теңге ақшасын ұрлап кеткен
Астана әуежайында көлік полицейлері ірі көлемде ақша ұрлаған шетелдік күдіктіні ұстады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Астана әуежайындағы көліктегі полиция басқармасына 41 жастағы елорда тұрғыны арызданған. Ол Чунцин – Бейжің – Астана бағыты бойынша транзиттік рейспен Астанаға ұшып келгеннен кейін өзінің 3600 доллар (1,6 миллион теңге) көлеміндегі ақшасының жоғалғанын байқап, оқиғаның мән-жайын анықтауға көмектесуді сұраған.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде көлік полицейлері күдіктіні анықтап, ұстады. Күдікті арызданушымен бір рейсте ұшып келген және оның артында отырған шетел азаматы болып шықты.
“Күдікті елорда қонақүйлерінің бірінде ұсталды. Тінту барысында одан түрлі валютадағы ақша қаражаты, оның ішінде ұрланған 3600 АҚШ доллары толық көлемде тәркіленді. Ұсталған азамат өз кінәсін мойындады. Қазіргі уақытта ол қамауға алынды”, – деді көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Ұрланған қаражат заңды иесіне толық көлемде қайтарылды.
Көлік полицейлері жолаушыларды әуе сапарлары кезінде жеке заттары мен ақша қаражатына мұқият болуға шақырды.
Еске салсақ, бұған дейін ресейлік әйел Air Astana рейсінде ақшасын ұрлап кеткенін мәлімдеген еді.
"Scopus-қа мақала шығару үшін 1,5 миллион теңге сұрайды": Қазақстандық ғалымдар докторантурадағы талаптарға наразы
