Шетелге ұшқан қазақстандықтың багажынан құны 3 миллион теңгеден асатын зергерлік бұйымы ұрланған: Мұндай жағдайда тап болмас үшін не істеу керек
Шетелге ұшқан қазақстандықтар әуежайда багажынан ақша, техника мен зергерлік бұйымдары жоғалғанын айтып, дабыл қақты. Кейбірі чемодандарының құлыптары сындырылып, ішіндегі заттардың ақтарылғанын айтса, енді бірі қымбат бұйымдары мен ақшасынан айырылғанын жазған. Тіпті бір жолаушы багажға тапсырған чемоданынан құны 4 миллион теңгеге жуық зергерлік бұйымдарының жоғалғанын мәлімдеді. Мұндай жағдайда кім жауап береді, жолаушы жоғалған затын қалай дәлелдейді және шығынды өтеу үшін қайда жүгіну керек? Stan.kz тілшісі маманнан сұрап көрді.
“Құны 4 миллионға жуық алқа мен сақиналарым жоғалды”
Желі қолданушыларының бірінің оқиғасы Варшава әуежайында болған. Жолаушы құны 7 000 еуро тұратын (3 миллион 700 мың теңгеден аса) зергерлік бұйымдарын жоғалтқан.
“Ұшар алдында зергерлік бұйымдарым гауһар тасты сақиналарым мен алқам қол жүгімнің ішінде болған. Тіркеу кезінде әуежай қызметкері қол жүгімді өзіммен бірге ұшақ салонына алып кіретінімді немесе багажға тапсыратынымды сұрады. Мен ештеңе болмайды деп ойлап, ұшақта жеңіл жүру үшін қол жүгімді багажға тапсыруға шешім қабылдадым. Варшава – Кутаиси бағытындағы рейстен кейін үш чемоданымның да ашылғанын, құлпының зақымдалғанын және ішіндегі заттардың ақтарылып қалғанын байқадым. Ал Қазақстанға келгеннен кейін жаңағы қымбат бұйымдарымның жоғалғанын білдім”, – деді ол.
Ол өзге жолаушыларды заттарына мұқият болуға шақырды. Себебі кейін мәселесін шешу қиындық тудырған.
“Қазір мен Қазақстандамын. Сондықтан бұл мәселені сол жерде болып, тікелей қолға алуға мүмкіндігім өте шектеулі. Дегенмен осы жағдайды көпшілікке айтуды маңызды деп санаймын. Бұл туралы басқа жолаушылар да білгенін қалаймын. Егер сізге қол жүгін багажға тапсыру ұсынылса, әсіресе оның ішінде бағалы заттар, зергерлік бұйымдар, ақша немесе техника болса, келісер алдында жақсылап ойланыңыз. Сондай-ақ багажды алған бойда міндетті түрде тексеріңіз. Әсіресе құлыптарының зақымдалғанын немесе чемоданның ашылғанын білдіретін іздердің бар-жоғын мұқият қараңыздар”, – деп қосты ол.
“Құлпын сындырып, чемоданды қопарады”
Желі қолданушылары жолда чемодандарды шынымен ашып қарайтынын алға тартты. Айтуларынша жүктерінің құлпы сынып, ашылып қалғанын бірнеше рет байқаған.
“LOT-пен ұшқан сайын багажымның ашылғанын байқаймын. Бірақ чемоданыма ешқашан бағалы зат салмаймын. Барлық зергерлік бұйымдарым мен құжаттарым әрдайым өзімде болады. Сондықтан олардың чемоданнан нақты не іздейтінін түсінбеймін. Бұл жолы Варшавадан Астанаға ұшып келдім. Чемоданымның Варшавада ашылғаны анық болды. Өйткені Астанадағылар тексеру жүргізілмегенін растады. Қысқасы, мұқият ақтарғандары сонша, тіпті заттарымның арасынан біреудің жапсырмалы тырнағын тауып алдым”;
“Бірде күйеуім ескерместен жаңа iPhone-ды қорабымен бірге сөмкеге салып, оны багажға өткізіп жіберген еді. Ұшып келгенде телефонның жоқ екенін байқадық. Өкінішке қарай, адамдардың бәрі бірдей адал емес, ұрлық жасайтындар бар. Сондықтан барлық бағалы заттарды өзіңізбен бірге алып жүрген дұрыс”;
“Зергерлік бұйымдары бар чемоданды ешқашан багажға тапсырмаңыз. Ешқашан. Бұл мен үшін студент кезімде үлкен сабақ болды. Зергерлік бұйымдарым салынған қобдишаны багажға салып жіберген едім, ештеңе болмайды деп ойладым. Біреу чемоданымды ішіндегі барлық заттарыммен және зергерлік бұйымдарыммен қоса алып кеткен. Содан бері бағалы заттарымның бәрін үнемі өзіммен бірге алып жүремін”;
“Меніңше, бұл оларда қалыпты жағдайға айналып кеткен сияқты. Қызымның чемоданынан Варшава әуежайында қомақты ақша жоғалып кетті. Иә, әрине, ақшаны өзімізбен бірге алып жүруіміз керек еді. Бірақ жағдай солай болды. Ақша жоқ болып шықты. Әрі аз ақша емес еді”;
“Менің де басымнан сондай жағдай өтті. LOT әуе компаниясымен күйеуіме сыйлыққа алып бара жатқан сағатымды ұрлап кетті. Бірақ ешкім бұл мәселені анықтап, тексеруге тырысқан жоқ. Әуежайға бес рет шағым жаздым, барған елдегі полицияға да, әуе компаниясына да жүгіндім. Ал алған жауабым біреу-ақ болды: "Жоғалған заттар үшін жауапкершілік көтермейміз және әуежайлардағы ұрлықпен күресуді жалғастырып жатырмыз". Чемоданым ашылғандықтан, жоғалғанын бірден байқадым. Бірақ чемоданның өзі үшін де маған ешқандай өтемақы төлеген жоқ”, – деп қорытты ол.
“Мұндай жағдайда кім жауап береді: Жолаушыларға кеңес”
"Ұлттық тұтынушылар лигасының" президенті, заңгер Светлана Романовская жолаушылардың чемодан мен бағалы заттарын жоғалтуы көп кездесетін әрі күрделі мәселе екенін алға тартты. Айтуынша, мұндай жағдайда жауаптыларға арыз-шағым түсіру үшін де көп дәлел қажет болады.
“Қалай болғанда да, бұл заттардың құнын бағалап, олардың нақты қанша тұратынын және қаншалықты құнды екенін анықтау үшін міндетті түрде дәлел қажет. Яғни, мұндай жағдайды дәлелдеу өте қиын. Барлық әуежайлардан бейнежазбаларды сұратып, багаждың ашылған-ашылмағанын және оның қалай тасымалданғанын тексеру қажет. Мұндай жазбалар әуежайларда сақталуы тиіс. Сондықтан бұл мәселеге туркомпанияның тікелей қатысы жоқ. Әуе компаниясының жауапкершілігі жүк ұшақ бортында болған кезеңге қатысты. Менің білуімше, жүк жеткізілгеннен кейін багаж бөлімі мөрленіп, оған бөгде адамдар кіре алмайды. Тек жануарлар тасымалданған жағдайда ғана ерекшелік болуы мүмкін, өйткені олар да ұшақтың арнайы бөлек бөлімінде тасымалданады. Сондықтан әр жағдайды жеке қарастырып, ең алдымен қолда бар дәлелдемелерді мұқият зерделеу қажет. Қандай да бір шешім де сол дәлелдерге сүйене отырып қабылдануы тиіс”, – деді маман.
Осы тұста сарапшы жолаушылар үшін ең қауіпсіз әрі дұрыс шешім багажды сақтандыру екенін ескертіп, өз кеңестерін айтты.
“Біріншіден, оны мөрлетіп, арнайы пластикалық пломба немесе бекіткіш орнатып қойған жөн. Екіншіден, чемоданды арнайы қорғаныш қаппен қаптаған дұрыс. Оны өзіңізбен бірге алып жүруге немесе ұшатын әуежайдан сатып алуға болады. Кей жағдайда қонақүйден де алуға мүмкіндік бар. Багажды алдын ала сақтандырып қойған дұрыс. Егер чемодан немесе оның ішіндегі заттар жоғалса, ал багаж мүлде қайтарылмаса, сақтандыру компаниясы сіз дәлелдей алған шығын көлеміне қарай өтемақы төлейді.
Жалпы, мұндай жағдайда сіз билет сатып алған елдің заңдары қолданылады. Яғни жолаушы мен әуе компаниясы арасындағы шарт қай елде жасалса, сол елдің заңнамасына сүйенуге болады. Егер сол елдің заңдары тұтынушының құқығын қорғауға көбірек мүмкіндік берсе, мәселе сол заңдар аясында қаралады. Егер сізге өтемақы төленіп, бірақ оның мөлшерін жеткіліксіз деп санасаңыз, шарт жасалған елде бұл шешімге сотқа дейінгі тәртіппен немесе сот арқылы шағымдануға болады”, – деп қосты ол.
Маман осы тұста талап-арызды тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы арқылы берген тиімдірек екенін алға тартты. Себебі мұндай жағдайда шағымданушы мемлекеттік баж салығын төлеуден босатылады.
“Ал жеке тұлға сотқа өз бетінше жүгінген жағдайда, материалдық залалдың даулы сомасының 1%-ын, ал моральдық зиян бойынша жарты АЕК мөлшерінде мемлекеттік баж төлеуі қажет. Ең бастысы – жоғалған заттардың сізге тиесілі екенін және олардың нақты болғанын дәлелдейтін құжаттар мен басқа да айғақтардың болуы. Сондықтан әуежайға келген кезде чемоданыңыздағы барлық заттардың тізімін алдын ала жасап алған дұрыс. Оны әуе компаниясының өкіліне көрсетіп, оның қатысуымен рәсімдеп, қолы мен мөрін қойдыруға болады. Ал баратын әуежайға келген соң, сол жерден де әуе компаниясының немесе әуежайдың өкілін шақырған дұрыс. Оның көзінше чемоданды ашып, алдын ала жасалған тізім бойынша барлық заттың орнында әрі бүлінбегенін тексересіз. Сонымен қатар, багажды видеоға, фотоға түсіріп алған жөн. Себебі фото, видео және аудиожазбалар сотта дәлел ретінде қарастырылуы мүмкін. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңға сәйкес, мұндай материалдарды дәлел ретінде пайдалануға болады. Жалпы, әрекет ету алгоритмі осындай”, – деп қорытты заңгер.
Еске салсақ, бұған дейін Қаржы министрлігі енді қазақстандықтардың әуе сапарларын қадағалайтынын хабарлаған едік. Ведомство мұның не үшін қажет екенін де түсіндірді.
Шетелге ұшқан қазақстандықтың багажынан құны 3 миллион теңгеден асатын зергерлік бұйымы ұрланған: Мұндай жағдайда тап болмас үшін не істеу керек
