Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандықтардың шетелге сапары неліктен бақыланады – Қаржы министрлігі түсіндірді

сапар
Фото: magnific.com

Қаржы министрлігі қазақстандықтардың шетелге сапары туралы мәліметтердің не үшін жиналатынын түсіндірді. Министрлік мұндай жүйе адамдарды бақылауға арналмаған дейді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Жаппай тексерудің орнына “ақылды” бақылау

Қазақстандықтардың шетелге сапары туралы мәліметтердің мемлекеттік жүйеге енгізілуі қоғамда қызу талқыланып жатыр. Осыған байланысты Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мемлекет азаматтардың жеке өмірін бақыламайтынын, тек экономикалық деректерді талдайтынын айтты.

Шенеуніктің айтуынша, деректер Халықаралық әуе көлігі қауымдастығының (IATA) және Дүниежүзілік сауда ұйымының стандарттарына сәйкес автоматты түрде жиналады. Бұл ақпарат кеден қызметіне жолаушылардың шетелге қаншалықты жиі қатынайтынын анықтауға мүмкіндік береді. Егер азамат шетелге тым жиі ұшып, багаж салмағына қатысты лимиттерді тұрақты түрде асыратын болса, алгоритмдер оны коммерциялық мақсатта тауар тасымалдауы мүмкін адам ретінде белгілейді. 

Жасанды интеллектіні енгізу шекарадағы адам факторын барынша азайтуға бағытталған. Бұрынғыдай жаппай немесе кездейсоқ тексерулердің орнына кеден қызметкерлері цифрлық жүйе күмәнді деп таныған азаматтарды ғана тексереді.

Smart Data Finance жүйесі нені қамтиды?

Азаматтар “бақылау” деп атап жүрген жүйе Қаржы министрлігінің Smart Data Finance (SDF) атты ауқымды ІТ-платформасының бір бөлігі саналады.

Тәуелсіз дереккөздердің мәліметінше, бұл Big Data жүйесі 74-тен астам ақпарат көзінен алынған мәліметтерді біріктіреді. Олардың қатарында шекара қызметінің деректері, АХАТ базалары, бақылау-кассалық машиналардың чектері, букмекерлік кеңселер туралы ақпарат және банк операциялары бар.

Бұған дейін Ержан Біржанов Smart Data Finance жүйесінің мүмкіндіктері туралы айтып, ведомствода елдің әрбір тұрғынына, оның ішінде жұбайы мен кәмелетке толмаған балаларына қатысты цифрлық досье қалыптасқанын мәлімдеген еді.

Жүйе төмендегі мәліметтерді көре алады:

  • ұшу күні мен бағытын;
  • тіркелген багаждың бар-жоғын және оның салмағын;
  • азаматпен бірге билет брондаған жолаушылардың деректерін;
  • еңбек қызметінің тарихын және күнделікті сатып алулар бойынша орташа шығын көлемін.

Неліктен биыл әуе билеттері ерекше назарға ілігіп отыр?

Тәуелсіз салық кеңесшілерінің айтуынша, әуе сапарларына қатысты бақылаудың күшеюі салық реформасының бағытының өзгеруімен байланысты.

Бастапқыда 2025-2026 жылдары Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялаудың соңғы кезеңі аяқталды. Барлық азамат 270.00 нысаны бойынша декларация тапсырады деп жоспарланды. Алайда билік бұл тәсілді қайта қарап, шетелде активтері жоқ және ірі бизнеске қатысы жоқ азаматтарды жыл сайын декларация тапсыру міндетінен босатты.

Дегенмен бұл жеңілдіктің де өз салдары бар. Азаматтарды қағаз жүзіндегі есептіліктен босатқан мемлекет бақылау функциясын автоматтандырылған жүйелерге жүктеді.

Салық қауіпсіздігі саласындағы сарапшылардың айтуынша, енді Мемлекеттік кірістер комитеті азаматтардың шығынын қашықтан бағалайды. Егер адамның ресми табысы төмен немесе мүлде болмаса, бірақ ол қымбат бизнес-класс билеттерін сатып алып, люкс санатындағы демалыс орындарына жиі барса, оған қоса тұрақты түрде көп жүк тасымалдайтын болса азамат автоматты түрде камералдық бақылауға алынады. 

Демек азаматтың заңды табысы мен нақты шығындарының арасында айтарлықтай айырмашылық анықталған жағдайда салық органдары оны бақылауға алады. 

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда шетелден қаржыландырылатын ұйымдар мен азаматтардың тізімі жарияланғаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Бейсенбі, 04 Маусым, 2026 12:25