Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

3-сынып оқушыларына ертегіні ЖИ көмегімен жазу тапсырылған: Қазақстандық оған алаңдаушылық білдірді

оқушы
Фото: Threads

Қазақстандық 3-сынып оқушыларына жасанды интеллект көмегімен ертегі құрастыру тапсырылғанына наразы болды. Оның пікірінше, бастауыш сыныптан бастап балаларға шығармашылық жұмысты жасанды зиятқа орындатып үйрету, олардың өз бетінше ойлануына кері әсер етуі мүмкін. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Желі қолданушысы мән-жайды Threads парақшасында баяндады. Оның сөзінше, 3-сынып оқушыларына этикалық нормаларды сақтамаған бала туралы ертегі құрастыру тапсырылған. Ол үшін балалар жасанды интеллектке ертегі жазуға арналған промпт дайындауы керек болған.

“Масқара, үшінші сынып қой! Балаларға этикалық нормаларды сақтамаған бала туралы ертегі құрастыру үшін Жасанды интеллектке промпт жазу тапсырылыпты. Бұл – Оқу-ағарту министрлігі диктант, мазмұндама және шығарма жазуға басымдық беріп жатқан кезеңде болып отыр. Баланы өз бетінше ойлауға, қиялдауға және жазуға қалай үйретеміз? Бастауыш сыныптың өзінде осы жұмыстың бір бөлігін жасанды интеллектке тапсырып қойсақ”, – деп жазды ол.

Аталған жағдайға “Алматыкітап” баспасы жауап берді. Олар тапсырманың мақсаты оқушының шығармашылық жұмысын жасанды интеллектке орындату емес екенін мәлімдеді.

Баспа мәліметінше, бала алдымен кейіпкерлерді өзі ойлап тауып, оқиғаның желісін анықтауы керек. Содан кейін жасанды зиятқа сұрау құрастырып, алынған нәтижені талдап, оқиғаның қалай өрбуі мүмкін екеніне қатысты өз нұсқасын ұсынады.

“Осылайша, оқушы дайын ертегіні алмайды. Керісінше, цифрлық құралды қолдануды үйреніп, алынған ақпаратты сыни тұрғыдан бағалайды. Оған қоса өзінің шығармашылық идеясын жетілдіреді”, – деп түсіндірді баспа.

Сонымен қатар баспа бұл тапсырманың "Цифрлық сауат және жасанды интеллект" пәнінің мазмұнына сәйкес келетінін айтты. Аталған пән цифрлық технологияларды, интернетті қауіпсіз пайдалануды және цифрлық өнімдер жасауды үйретуге бағытталған.

Шығарма жазу маңызды болып қала ма?

“Алматыкітап баспасы” дәстүрлі оқыту әдістері – диктант, мазмұндама, шығарма және өз бетінше орындалатын жұмыстар – бұрынғыдай маңызды екенін жеткізді. Баспаның пайымынша, жасанды интеллект элементтерін оқу үдерісіне енгізу бұл әдістерді алмастырмайды. Керісінше, балалардың сыни ойлауын және цифрлық дағдыларын дамытуға көмектесуі керек.

Қазіргі мектептің міндеті – балаларды технологиялық прогрестен оқшаулау емес. Мұғалімнің дұрыс бағыт беруімен жаңа технологияларды саналы, қауіпсіз әрі жауапкершілікпен қолдануға үйрету”, – деді “Алматыкітап баспасы”.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстандық оқушыларға теріс басылған оқулық берілгені туралы жазған едік.

Нұрила Жұмаділлә
Сәрсенбі, 14 Қазан, 2026 16:42