Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық ата-аналар баласына тоз-тозы шығып, парағы жыртылған кітап берілгеніне шағымданды

кітап
Фото: Threads скрин

Әлеуметтік желіде оқулықтағы баспа қателігі мен олардың жағдайы қызу талқыланып жатыр. Бір жағдайға оқушыға теріс күйде басылған кітап берілгені жеткізіледі. Ал екіншісінде, кей мектептерде білім алушыларға жыртық оқулықтар таратылғаны айтылып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

 

Оқулықты теріс басып шығарған

Аталған мәселе Threads желісінде қызу талқыланды. Оқырмандардың бірі жариялаған теріс басылған оқулықты “Алматыкітап баспасы” шығарған. Ал ол 4-сыныпқа арналған “Әдебиеттік оқу” кітабы.

“Күлмейін десем, күлдіресіңдер, жыламайын десем, жылатасыңдар” депті біреу. Неге баспа қателігінен оқушы кітапты теріс аударып ұстауы керек? Артынан алдына парақтаған дұрыс па сонда? Көзге көрініп тұрған ақауымен бұл тираж сатылымға қалай шықты? Мұны мектеп қалай қабылдады?”, – деп жазды қолданушы.

Аталған жағдайға Алматы кітап баспасы жауап берді. Баспа алдымен оқулықтың қай жерден сатып алынғанын анықтау қажет екенін айтты. Оған қоса нарықта олардың өнімінің көшірмелері көп екенін мәлімдеді.

“Себебі жалған көшірме өнімдер өте көп. Баспа барлығын қадағалай алмайды. Министрлік тарапынан да солай. Ресми дүкендерден мұндай өнімдер сирек шығады. Шыққан күннің өзінде, ол типографиялық қателік”, – деп жауап берді баспа өкілі.

“Алматыкітап” оқулықтардың мектептерге және дүкендерге толық жабық қаптамада жеткізілетінін айтты. Сондықтан мұндай ақауды анықтау мүмкін емес екенін түсіндірді. Оған қоса ресми дүкендерден алынбаған контрафакт өнім үшін жауап бере алмайтынын жеткізді. 

Оқушыларға тоз-тозы шыққан кітап таратылған 

Елдегі мектептерде жаңа оқу жылы бастала салып, оқулықтардың жағдайына қатысты шағымдар көбейді. Әлеуметтік желі қолданушылары кей мектептерде оқушыларға жыртық, түптелмеген және әбден тозған кітаптар берілгенін айтып жатыр. 

Threads желісінде .a1seytova есімді қолданушы 5-сынып оқушыларына арналған “Қазақ әдебиеті” оқулығының жағдайын көрсетті. Оның айтуынша, мұғалімдер оқушыларға кітаптарды түптелмеген және жыртық күйінде тапсырған. Оған қоса кітап парақтары түгел емес, дейді. 

“Мынау өте сұмдық! Құрылтайға миллиондаған ақша бөліп, мектеп құралдарына жетпей қалды ма? Сіңіліме бүгін берілген кітаптар. Кітапханашы қайда қарап отыр? Мына кітапты осылай ұстаған балалардың ата-анасы қайда қарап отыр? Бір кітап жыртық болса, оның орнына басқа кітап алғызатын еді ғой, кітапханашы апай? Директордың жаңа оқу жылына дайындығы осы ма? Мектептің ішін сәндей бергенше, сол мектепте білім алатын балалардың кітаптарын неге қадағаламайды? Мына кітап 2017 жылғы баспа. Оқу-ағарту министрі мән бермей ме?”, – деп жазды ол.

Тағы бір Threads қолданушысы Шымкенттегі  №38 мектеп-гимназияда оқушыларға тоз-тозы шыққан оқулық берілгенін айтып, көмек сұраған.

“Мектеп әкімшілігі қайда қарап отыр? Оқулықтарға бөлінген ақша қайда? Директор қайда қарап отыр? Кітапханадағылардың айтуынша, оқушылар бұл оқулықтармен 9 жылдан бері оқып келеді”, – деп жазды қолданушы.

 

Білім басқармасы не дейді?

Шымкент қаласы білім басқармасының мәліметінше, мемлекеттік білім беру ұйымдарын оқулықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жыл сайын жоспарлы түрде жүргізіледі. Бұл жұмыс қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүзеге асырылады.

“2025–2026 оқу жылында жергілікті бюджеттен оқулықтар сатып алуға шамамен 2 миллиард теңге бөлінген. Осы қаражатқа мемлекеттік білім беру ұйымдарын қамтамасыз ету үшін 554 382 дана оқу әдебиеті сатып алынған. Сатып алынған оқулықтар білім беру ұйымдарына уақытылы таратылған. Ал 2026–2027 оқу жылына жергілікті бюджеттен 2 миллиард теңгеден астам қаржы қарастырылған. Бұл қаражат оқу қорын жаңартуға, тозған оқулықтарды ауыстыруға және оқушылардың қажетін өтеуге бағытталған”, – делінген жауапта. 

Білім басқармасының айтуынша, осы мақсатта 11 баспадан шамамен 600 мың дана оқулыққа тапсырыс берілген.

“Қазір тапсырыс берілген оқулықтарды Шымкент қаласына жеткізу жұмыстары жүргізіп жатыр. Олар келген соң тозған оқулықтар кезең-кезеңімен ауыстырылады. Білім беру ұйымдарындағы оқулық тапшылығына қатысты мәселелер белгіленген тәртіппен шешіледі”, – делінген жауапта. 

Ведомство оқулықтармен қамтамасыз ету жұмыстары қолданыстағы заңнамаға сай жүргізілетінін айтты. 

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның мектеп оқулықтарынан жүздеген қате мен плагиат анықталғаны туралы жазған едік. 

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 01 Қыркүйек, 2026 18:10