Қазақстанның мектеп оқулықтарынан жүздеген қате мен плагиат анықталды

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Қазақстан мектептерінде қолданылып жүрген оқулықтардан 700-ден астам қате мен кемшілік анықталғанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Аида Балаева мектеп оқулықтарын жаңарту төңірегінде туындаған пікірталасқа қатысты түсініктеме берді. Оның айтуынша, қолданыстағы оқулықтардан 700-ден астам қате мен кемшілік анықталғандықтан, оларды кезең-кезеңімен жаңарту жоспарланып отыр.
"Онда техникалық және стильдік кемшіліктер, деректегі қателер, мазмұнға сәйкес келмейтін иллюстрациялар, жекелеген материалдардың оқу бағдарламаларымен үйлеспеуі, сондай-ақ ескірген әдіс-тәсілдер мен тұжырымдамалардың қолданылуы бар. Әсіресе ұлттық мазмұнға лайықтап бейімделмеген материалдардың пайдаланылуы, математика пәніндегі қате анықтамалар мен есеп шығару жолдары, оқу бағдарламасында көзделмеген шығармалардың енгізілуі, сондай-ақ тарихи оқиғаларға қатысты жаңсақ пайымдар ерекше алаңдаушылық туғызып отыр", – деді Балаева желідегі парақшасында.
Аида Балалева осы ретте қолданыстағы бірқатар оқулық белгіленген жаңарту мерзімінен әлдеқайда ұзақ уақыт бойы қайта қаралмағанын да ескеру қажет екенін атап өтті.
"Жекелеген оқу басылымдары тоғыз жылға дейін мазмұндық тұрғыдан елеулі өзгеріссіз қолданылып келеді. Осыған байланысты оқулықтарды уақтылы жаңарту оқушыларды сапалы, өзекті әрі мемлекеттік білім беру стандарттарына сай оқу материалдарымен қамтамасыз ету кезек күттірмейді. Мектеп оқулықтарының сапасы жекелеген баспалардың ғана мәселесі емес екенін де атап өткім келеді. Бұл елдегі білім сапасына, демек балаларымыздың келешегіне тікелей ықпал ететін маңызды мәселе. Оқулық сараптаманың формалды талаптарына ғана сай болып қоймай, мемлекеттің, қоғамның және білім беру жүйесінің бүгінгі сұранысына толық жауап беруге тиіс", – деді министр.
Министрдің сөзінше, бұрын аталған оқулықтарды мақұлдаған Пәндік сараптама комиссиясы шешімдерінің күші жойылады деген сөз емес. Әңгіме түпкі нәтиже үшін ортақ жауапкершілік туралы болып отыр дейді ол.
"Білім саласы формалды көзқарасты көтермейді. Баланың қолына тиетін әрбір оқулық сапалы, мазмұны дәл, дерегі шынайы және уақыт талабына сай болуы керек. Осыған байланысты Оқу-ағарту министрлігі оқулықтарды кезең-кезеңімен жаңартып, мектептерді жаңа оқу басылымдарымен қамтамасыз етуді жоспарлап отыр. Атап айтқанда, 2026 жылғы 30 тамызға дейін 3 және 7-сыныптарға арналған оқулықтар, 2027 жылғы 1 қаңтарға дейін 4 және 9-сынып оқулықтары, ал 2027 жылғы 1 сәуірге дейін 8-сынып оқулықтары жаңартылады", – деді Аида Балаева.
Еске салайық, бұған дейін блогер Мәдина Қуанышбек мектеп бағдарламасы мен оқулықтардың сапасын сынға алған еді. Оның айтуынша, соңғы төрт жылда 11 оқулық ауыстырылып, оған шамамен 60 миллиард теңге жұмсалған. Блогер бастауыш сыныптардағы оқу бағдарламасы балалардың жас ерекшелігіне сай келмейтінін айтып, "бастауышта қайдағы сақтар мен ғұндар" деп пікір білдірді. Сондай-ақ ол қазақ мектептеріндегі көптеген оқушының күрделі мәтіндерді түсінуде қиындық көретінін, білім беру жүйесінде сапа мәселесі өзекті болып тұрғанын айтқан еді.
Мамандар шәйнектегі қақ пен су сапасының байланысын түсіндірді: Шөгінділерге алаңдамауға кеңес берілді
Оқыңыз