"Scopus-қа мақала шығару үшін 1,5 миллион теңге сұрайды": Қазақстандық ғалымдар ғылымдағы әділетсіздіктерге наразы
Scopus журналында мақала жариялау үшін 2 миллион теңге сұрау, базадан шығып қалған басылымдар және диплом алу жолындағы миллиардтаған шығын. Бұл – бүгінгі қазақстандық докторантурада жиі кездесетін жайт.Қазақстанда ғылыми жарияланымдарға қойылатын қатаң талаптар ғылым сапасын арттыра ма, әлде докторанттарды әуре-сарсаңға сала ма? Бұл туралы Stan.kz тілшісі зерттеп көрді.
Статистика не дейді: қорғау көрсеткіші неге төмен?
Ресми деректерге сүйенсек, қазір Қазақстан бойынша докторантурада 7 600-ден 9 500-ге дейін докторант білім алуда, ал жыл сайын олардың қатарын 4 000-ға жуық жаңа магистрант толықтырады. Алайда осы қаншама еңбек пен мемлекеттік гранттың қайтарымы көңіл көншітпейді.
Статистикаға сәйкес, оқуға түскен докторанттардың тек 30–40%-ы ғана 3 жылдық оқу мерзімі ішінде немесе оны бітіргеннен кейінгі алғашқы жылдары диссертациясын сәтті қорғай алады. Ал қалған 60–70%-ы жылдар бойы қорғай алмай жүр немесе ғылыми дәрежесіз оқуды аяқтауға мәжбүр.
Отандық ғылымдағы бұл тығырықтың ең басты себебі — Scopus және Web of Science сияқты халықаралық рецензияланатын журналдарда мақала жариялаудың тым күрделілігі мен бюрократиясы.
"Бір жарым жыл уақытым бір мақаланың соңында далаға кетті"
Әлеуметтік желіде өз ренішін білдірген докторанттардың бірі гуманитарлық бағыт бойынша халықаралық басылымдарда мақала шығарудың машақаты туралы айтты.
"Докторанттарға Scopus-ты міндеттеген соң, мемлекет жүйені де, оның ережелерін де қайта қарауы керек. Өйткені гуманитарлық бағытта Scopus журналына мақала шығару тікелей ақша мен танысқа тіреліп тұр. Мен, мысалы, өз мақаламды Тува журналына жолдадым. Зерттеуді жазып, оны академиялық орыс тіліне аудардым. Ғылыми жетекшім екеуміз мәтінді 7-8 ай бойы түзеп, күзедік. 10 ай еңбектеніп, екі бірдей рецензенттің сынынан зорға өттім. Енді шығады деп отырғанда: "Мақалаңыз журналдың тақырыптық бағытына сай келмейді" деген жауаппен қабылдамады. Бір жарым жылдай уақытым бір ғана мақаланың соңында далаға кетті, қатты өкінемін. Енді бұл мақаланы Тувадан басқа жерге қайта жіберуге де келмейді. Өйткені арнайы осы журналға арнап жазған едім", — деді ол.
Тағы бір докторанттың айтуынша, оның қатарластарының кейбірі арнайы компанияларға жүгініп, кемінде 1,5 миллион теңге төлеп, мақалаларын бір жыл ішінде жариялаған.
"Қатарластарымның арнайы компанияларға жүгініп, кемінде 1,5 миллион теңге төлеу арқылы мақаласын 1 жылдың ішінде шығарып алғанын көріп жүрмін. Оларды қызғанып тұрған жоқпын, бірақ бұл — ғылымдағы әділетсіздік. Мен де scopus шығаратындардан сұрастырып көрсем, 1-1,5 жыл аралығында 1,5 миллионға шығарамыз деп жатыр. Ал одан ерте шығаруды қаласам, 2,5 миллионның үстінде төлеуім керек екен. Мен әуелі Scopus-қа мақала жазуды өзім үйрендім, жаздым, жолдадым. Соңында белгісіз себептермен қабылданбады деген жауап келгенде жетекшім екеуміз аң-таң болдық. Өйткені жетекшім бұл мақаланың сапасын орташадан жоғары деп бағалаған еді. Мақала сапалы болса да, бір кішкентай техникалық қателік үшін қабылдаудан бастартуы — әділетсіздік. Кафедрадағы оқытушылардан "өзім шығара алам ба?" деп сұрасаң, "қиын ғой" деген қысқа жауаппен құтылады. Сонда біздегі ғылымның сиқы осы ма?", — деді жас ғалым.
Тағы бір желі қолданушысы бұл жүйенің артында қаржылық мүдде тұрғандай әсер қалдыратынын ашына айтты.
"Бұларға ұлттық ғылым маңызды емес. Скопус базасымен бөлісетін бірдеңесі бар сияқты", — деді желі қолданушысы.
Ал енді бір пікір білдіруші мұндай қатаң талаптың тек біздің елге ғана тән екенін және өзге мемлекеттердің ғылыми саясаты мүлдем өзгеше екенін алға тартты.
"Скопусты қатаң талаппен Қазақстанда ғана сұрайды. Ал басқа елдер шетелдік базаға байланбай, керісінше өздерінің отандық журналдарының мәртебесін көтеруге еңбектеніп жүр", — деді.
Енді бір қолданушы оқуды бітіргенге дейінгі кезеңде кететін орасан зор шығынды меңзеп:
"Көріп жүрміз ғой, оқып бітіргендерден. Докторантураны бітіргенше 7-8 миллион теңге ақша кетеді", — деді.
Докторанттарға қандай жарияланым талаптары қойылады?
Қазақстанда докторлық дәреже алу үшін диссертация қорғаумен қатар ғылыми жарияланымдарға қатысты талаптарды да орындау қажет. Бұл талаптар Ғылым және жоғары білім министрінің 2011 жылғы 31 наурыздағы №127 бұйрығымен бекітілген Дәрежелерді беру қағидаларында көрсетілген. Нақты талап докторанттың ғылыми бағытына және қолданыстағы нормаларға байланысты белгіленеді.
Қағидаларда халықаралық рецензияланатын журналдарда мақала жариялау қарастырылған. Атап айтқанда, Scopus базасындағы CiteScore процентилі кемінде 25 болатын журналда немесе Web of Science Core Collection жүйесіндегі тиісті басылымда мақала жариялау нұсқаларының бірі ретінде көрсетілген. Сонымен қатар, ҒЖБССҚК тізіміндегі журналдарда кепілдік берілген 3 мақала жариялау және халықаралық ғылыми-практикалық конференциялардың жинақтарына материалдар шығару сияқты балама талаптар бар.
Жарияланым талаптарының мақсаты — докторанттың зерттеу нәтижелерін ғылыми ортаға ұсынуы, халықаралық ғылыми стандарттармен жұмыс істеуі және зерттеуін кең аудиторияға танытуы.
Алайда талапты орындаудың өзі де оңай емес. Докторант тақырыбына сәйкес журнал таңдап, зерттеуін басылымның талаптарына сай әзірлеп, рецензиялау үдерісінен өтуі керек. Бұл жұмыс уақытты, ғылыми дайындықты және кей жағдайда қаржыны талап етеді.
Сондықтан ғылыми жарияланымға қойылатын талапты бағалағанда оның мақсатын ғана емес, докторанттардың оны орындауға қолжетімді мүмкіндіктерін де ескеру қажет. Егер жарияланым міндетті шартқа айналып, оның орындалуы автордың қаржылық жағдайына тәуелді болып қалса, талаптың тиімділігі туралы сұрақ туындайды.
Шетелде де докторанттардан Scopus талап етіле ме?
Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, шетелдік жоғары оқу орындарында ғылыми жарияланым талабы болғанымен, Scopus базасы барлығына бірдей міндетті шарт емес.
Мәселен, Польша, Германия және Ұлыбританияда (Оксфорд) ғылыми басылымдардан өзге халықаралық конференция материалдары, монография тараулары немесе сапалы зерттеулер жинағы есепке алынады. Ал Норвегияда (Осло) мақала жарияламай-ақ, монография жазу арқылы қорғауға мүмкіндік бар. Түркия сияқты елдерде (Ыстамбұл Атлас ун-ті) шетелдік базалармен қатар өздерінің ұлттық TR Dizin базасындағы журналдарына басымдық беріледі.
Яғни, дамыған елдерде басты назар жарияланым саны мен Scopus сияқты коммерциялық базаларға емес, ғылыми жұмыстың мазмұны мен ЖОО-ның ішкі сапа стандарттарына аударылады.
"Талапты орындаудың соңы формализмге ұласты"
PhD Асылтай Тасболаттың пікірінше, ғылыми жарияланымдарға қойылатын талаптар докторанттың шынайы зерттеу нәтижесін көрсетуі керек. Ал мақала тек диплом алу немесе есеп беру үшін жарияланса, оның ғылымға қосатын үлесі күмәнді болады.
"Scopus-та мақала жариялау мәселесі докторанттың тақырыбымен байланысты болса әрі жетекшісі екеуі ашқан ғылыми жаңалыққа негізделсе, нәтиже берер еді деп санаймын. Мамандық шифры сәйкес келсе болды, біреуі ақшасын төлеп, біреуі мақала жазып, енді бірі жетекшінің немесе беделді адамның атын қосып, жарияланымға ілесіп алатын мақалалар этикадан жұрдай деп есептеймін. Мұны реттеудің механизмі жоқ. Талап болғасын соны қалай да орындаудың соңы формализм мен науқаншылдыққа ұласты", — деді ол.
Ғалымның айтуынша, қазір академиялық ортада белгілі бір мамандық бойынша Scopus-қа мақала жариялау ұсыныстары мен бағалары ашық жазылатын жағдайлар кездеседі.
"Қазір академиялық ортаның кез келген WhatsApp тобында қосыламын деушілер болса, мына мамандық бойынша Scopus-қа мақала жарияланғалы жатыр, бағасы мынандай дегенді ашық жаза беретін болған. Мұндай формализмнен гөрі, әр PhD, доцент пен профессордың жеке монографиясының болуы, оған ғылыми ортаның баға бергені жөн болар еді", — деді Асылтай Тасболат.
Ол осы жағдайды түсіндіру үшін әзілге құрылған бір оқиғаны да мысалға келтірді. Оның айтуынша, мақала жазған докторантқа жетекшісі қосылып, кейін кафедра мен деканат өкілдері де авторлар құрамына кірген. Ақырында, редакция талабына байланысты мақалада төрт адамның аты қалып, зерттеуді жазған докторанттың өзі авторлар қатарынан шығарылып қалған.
Бұл — ғалым келтірген әзілден құралған мысал. Дегенмен ол авторлық үлес, академиялық адалдық және ғылыми еңбекті бағалау мәселелеріне назар аудартады.
"Scopus пен Web of Science бізге мұқтаж емес, біз оларға мұқтажбыз"
Ғалым Талғат Жолдасұлы жаратылыстану және гуманитарлық бағыттағы журналдардың саны мен мүмкіндіктері әртүрлі екенін айтып, екі салаға бірдей талап қоюдың әділетсіздігіне тоқталды.
"Ең үлкен мәселе — Scopus базасындағы Q1, Q2 деңгейіндегі журналдарға қатысты қатаң талаптар. Өйткені жаратылыстану бағытында журнал өте көп болғанымен, гуманитарлық салада басылымдар аз. Сондықтан бұл екі түрлі бағытқа бірдей талап қоюға мүлде болмайды", — деді ол.
Сонымен бірге, ғалым докторанттарға жүктелетін мақалалардың шектен тыс көптігіне назар аударып, басты назарды санға емес, сапаға аудару қажеттігін жеткізді.
"Бізде 3 ККСОН, 1 Scopus мақаласын шығару керек деген міндетті талап бар. Ал дамыған шетелдік жоғары оқу орындарында мұндай сан қуалаушылық жоқ. Біздегі талаптардың процентилі тым жоғары. Мойындау керек, оны тіпті жетекшілердің өзі жаза алмай жатады. Сондықтан мақала санына емес, мазмұны мен сапасына мән беретін уақыт жетті", — деді ол.
Scopus сатыла ма?
Stan.kz редакциясы ғылыми мақаланы жазып, жариялауға көмектесетінін мәлімдеген қазақстандық компаниялардың біріне хабарласып, мұндай қызметтің бар-жоғын, бағасын және жариялау мерзімін анықтап көрді.
Компания өкілі не деді?
Редакция хабарласқан компания өкілі ғылыми мақала жазу және оны Scopus базасына кіретін журналда жариялауға көмектесу қызметтерін ұсынатынын айтты. Компания өкілі алдымен зерттеушінің ғылыми бағыты мен мақаланың түрін, сондай-ақ жарияланатын журналдың квартилін нақтылады. Редакция журналдың бірінші квартиліне (Q1) мақала жариялауға қызығушылық танытқанын жеткізді.

Компания өкілінің айтуынша, ғылыми мақаланы жазу қызметі 1000 АҚШ долларын құрайды (451 340 теңге). Ал мақаланы Q1 санатындағы журналда жариялаудың қызмет құны 1700 АҚШ долларына (766 700 теңгеге) дейін жетеді. Қоса есептегенде 2700 доллар (1 217 700 теңге) шығады.
Компания өкілі мақаланы жазуға бір-екі ай қажет екенін, ал жариялау мерзімі журналдың жұмысына байланысты 10–15 ай аралығында болуы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, нақты мерзімді алдын ала белгілеу мүмкін емес, өйткені ол журналдың мақаланы қабылдауына байланысты.
Сонымен қатар компания өкілі тапсырыс берушімен келісімшарт арқылы жұмыс істейтіндерін мәлімдеді.
"Екі жарым жылдан бері бір мақала шықпады"
Тағы бір компанияға жүгінген әлеуметтік желі қолданушысы ғылыми мақаласын жариялау үшін компанияға жүгінгенін айтады. Ол компанияға докторантурада оқып жүрген кезінде өтініш білдірген. Алайда мақаланың жарық көруі созылып кетіп, көздеген нәтижеге қол жеткізе алмады.
"Мен докторантура оқып жүріп, екінші бөпемді босанып отырып қалып, осы компанияға жүгінген едім. Екі жарым жылдан бері әлі бір мақала шығармады. Шығарғанының өзі Scopus-тан түсіп қалып, қайта екінші мақала жазды. Не ол мақаладан хат-хабар жоқ. Не істерімді білмеймін, талай сөзге келдік. Докторантура аяқтадым, Scopus жоқ, қорғай алмай отырмын", – деп жазды ол.
Докторанттың айтуынша, алғашқы мақала басқа санаттағы журналға қателесіп жіберілген. Кейін журнал Scopus базасынан шығып қалғандықтан, мақала индекстелмей, жарамсыз болған. Осыдан кейін компания мақала авторына жаңадан мақала дайындап беретінін айтқан.
"Топтағы 3 қыз осы компанияға сеніп қалған едік. Бірінші бізге ескертпей басқа физика категориясына шығарып жіберген, ол журнал кейін Scopus-тан түсіп қалып, индексация болмай жатып, сонымен жарамсыз болды да, қайта жазып береміз деді. Сонымен жүрміз енді. Журналдарға жолдап қойған, не рецензия жоқ, не басқа жоқ, күтіп жүрміз", – деп түсіндірді докторант.
Желі қолданушысы компаниямен жасалған келісімшарттың талаптарына да күмән келтірген. Оның пікірінше, құжатта компанияның мүддесі басым көрсетілген. Сондай-ақ ол мұндай жағдайда сотқа жүгіну мүмкіндігін қарастырып отырғанын аңғартқан.
"Келісімшарттарын оқысам, тек өздерінің мүддесін қорғайтын дүниелерді жазыпты. Сотқа жүгінсем, қалай болатынын тағы білмеймін", — деп түйіндеді сөзін.
Scopus талабы ғалымның қабілетін анықтай ма? Ғылым министрлігінің ұстанымы
Қазақстандық ғылыми ортада докторанттарға Scopus және Web of Science халықаралық базаларында мақала жариялауды міндеттеу мәселесі қызу талқылануда. Бір тарап бұл талапты отандық ғылымды әлемдік деңгейге шығаратын жалғыз сүзгі десе, екінші тарап оны зерттеушінің шынайы қабілетін анықтамайтын, керісінше коммерциялану мен бюрократияға жол ашатын жасанды бөгет ретінде көреді.
Осы орайда, Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми позициясы мен саладағы негізгі уәждер сарапқа салынды.
Министрліктің ұстанымы: "Халықаралық стандарттан бас тартуға болмайды"
Ғылым және жоғары білім министрлігі (соның ішінде Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті — КОКСНВО) бұл талапты алып тастауға немесе одан мүлде бас тартуға болмайды деген ұстанымда. Министрліктің негізгі уәждері төмендегідей:
-
Әлемдік интеграция және бәсекеге қабілеттілік: Mинистрлік өкілдерінің пікірінше, Scopus пен Web of Science — жаһандық ғылыми қоғамдастықтың мойындаған бағалау құралы. Егер отандық ғалымдар бұл базаларға шықпаса, Қазақстан ғылымы тұйықталып, әлемдік даму көшінен артта қалады.
-
Сапаны бақылау және "халтураның" алдын алу: Тәуелсіз халықаралық рецензенттердің сүзгісі болмаса, ішкі диссертациялық кеңестер мен отандық журналдарда академизмнен ажыраған, сапасыз, көшірілген (плагиат) еңбектердің көбейіп кету қаупі жоғары.
-
Икемді нормативтер енгізу: Ресми мекеме сындарға жауап ретінде соңғы жылдары корғайтын докторанттар үшін балама жолдарды қарастырғанын алға тартады. Соның ішінде Q1-Q2 процентилі жоғары журналдарда жалғыз мақаласы бар докторанттарға жеңілдіктер беру немесе монография тараулары мен патенттерді есепке алу сияқты икемділіктер ұсынылған.
Ғылым және жоғары білім министрлігі Scopus талабын "ғалымның біліктілігін әлемдік деңгейде айқындайтын негізгі сапалық индикатор" ретінде қорғайды. Дегенмен, сарапшылар мен ғылыми орта бұл жүйе коммерциялық бөгетке айналып кетпеуі үшін, оны сан қуалаушылықтан арылтып, әр ғылым саласының (әсіресе гуманитарлық бағыттың) ерекшелігін ескеретін әділ тетіктерге көшіру қажеттігін баса айтуда.
"Scopus-қа мақала шығару үшін 1,5 миллион теңге сұрайды": Қазақстандық ғалымдар ғылымдағы әділетсіздіктерге наразы