Ұлттық банк Қазақстандағы базалық мөлшерлемені тағы да төмендетті
4 қыркүйек күні Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемеге қатысты шешімін жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Базалық мөлшерлеме 16,25%-ға дейін төмендеді. Бұған дейін ол 16,75% болған.
Ұлттық банк дерегінше, мұндай шешім елдегі инфляцияның біртіндеп баяулауына байланысты қабылданған. Сонымен қатар реттеуші инфляция тәуекелдерін, ішкі сұранысты және экономиканың қазіргі жағдайын ескерген.
Инфляция баяулап келеді
Қазақстанда жылдық инфляция тамызда 9,8%-ға дейін төмендеді. Ұлттық банк мәліметінше, баға өсімінің баяулауы 11 ай қатарынан жалғасып келеді. Азық-түлік бағасының жылдық өсімі 9,5%-ға дейін түскен. Бұған жеміс-жидек пен көкөністің арзандауы, импорттық тауарлар бағасының төмендеуі әсер еткен.
Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасының өсу қарқыны 11,4%-ға дейін баяулаған. Ұлттық банк мұны теңге бағамының нығаюымен байланыстырады.
Қызмет көрсету саласындағы инфляция да төмендеп, 8,9%-ды болды. Бұған нарықтағы қызметтер бағасының өсу қарқынының баяулауы әсер етті.
Тамыздағы айлық инфляция 0,6% болды. Бұл шілдедегі көрсеткішпен бірдей. Ал маусымдық факторларды есептемегенде айлық инфляция 0,9%-ға жетті.
Халықтың инфляцияға қатысты алаңдаушылығы азайған
Ұлттық банк мәліметінше, халықтың алдағы бір жылдағы инфляцияға қатысты болжамы да төмендеген. Шілдеде бұл көрсеткіш 12,1% болған, ал маусымда 13,4% еді. Демек тұрғындар алдағы уақытта баға өсімі бұрынғыдай жоғары болмайды деп күте бастаған. Бұған қосылған құн салығының өсуі, коммуналдық тарифтер мен азық-түлік бағасының қымбаттауына қатысты алаңдаушылықтың азаюы әсер еткен.
Дегенмен жанар-жағармай бағасының өсуіне қатысты алаңдаушылық күшейген. Ал нарықтағы кәсіби қатысушылар 2026 жылдың соңына қарай инфляция 10% деңгейінде болады деп болжап отыр.
Сыртқы жағдай әлі де тұрақсыз
Ұлттық банк әлемдегі экономикалық жағдайдың да инфляцияға әсер етіп отырғанын айтты. Таяу Шығыстағы қақтығыстар энергия тасымалдаушылардың бағасын жоғары деңгейде ұстап отыр. Бұл Қазақстандағы да инфляциялық қысымды күшейтуі мүмкін.
Әлемде азық-түлік бағасы да біршама өскен. Бұған негізінен дәнді дақылдар мен өсімдік майының қымбаттауы әсер еткен. Сонымен бірге ет бағасы ұзақ уақыттан бері алғаш рет төмендеген.
Ресейде инфляция жоғары деңгейде сақталып отыр. Еуропалық одақта да баға өсімі біршама жеделдеген. Ал АҚШ-та инфляция баяулағанымен, әлі де нысаналы деңгейден жоғары.
2026 жылы инфляция 9-11% болуы мүмкін
Ұлттық банк 2026 жылға арналған инфляция болжамын өзгертпеді. Реттеуші биыл инфляция 9-11% аралығында болады деп күтеді.
Ұлттық банк пікірінше, баға өсімінің баяулауына қатаң ақша-кредит саясаты мен теңге бағамының тұрақтылығы ықпал етеді.
Ал 2027 жылға арналған инфляция болжамы қайта қаралды. Бұған дейін 5,5-7,5% деп болжанса, енді 6,5-8,5% деңгейінде болады деп болжанып отыр. Ұлттық банк бұл өзгерісті сыртқы инфляцияның өсуімен, реттелетін бағалар бойынша болжамның қайта қаралуымен және мемлекеттік шығындардың артуымен түсіндірді.
Ал 2028 жылы инфляцияның 5% нысанасына жақындайтыны болжанып отыр.
Ұлттық банк 2026 жылы Қазақстан экономикасы 4,5-5,5% өседі деген болжамын сақтап қалды. Экономикалық өсімге инвестициялық белсенділіктің жоғары болуы мен халықтың тұрақты тұтынушылық сұранысы әсер етеді.
2027 жылы ішкі сұраныстың өсуіне байланысты экономика шамамен 4,5% өседі деп болжанып отыр.
Ал 2028 жылы экономикалық өсім 4-5%-ға дейін жетуі мүмкін. Бұған салалық және жүйелік реформалар, инвестиция мен мемлекеттік қолдаудың артуы, мұнай өндірісі мен экспортының қалпына келуі ықпал етеді.
Базалық мөлшерлеме тағы төмендей ме?
Ұлттық банк қазіргі инфляция мен халықтың инфляцияға қатысты күтулерінің төмендеуін базалық мөлшерлемені азайтуға мүмкіндік берген негізгі факторлардың бірі деп атады.
Алайда реттеуші базалық мөлшерлемені одан әрі төмендету мүмкіндігі шектеулі екенін ескертті.
Себебі 2027 жылға арналған инфляция болжамы жоғарылады. Ал бағаның қайта өсуіне әсер етуі мүмкін тәуекелдер күшейіп отыр.
Бұдан былай базалық мөлшерлемеге қатысты шешімдер инфляцияның нақты көрсеткіштеріне, халықтың инфляциялық күтулеріне, ішкі сұранысқа, коммуналдық тарифтер мен басқа да реттелетін бағалардың өзгеруіне байланысты қабылданады.
Ұлттық банктің түпкі мақсаты 2028 жылы инфляцияны 5% деңгейіндегі орта мерзімді нысанаға дейін төмендету.
Базалық мөлшерлемеге қатысты келесі шешім 23 қазанда сағат 12:00-де жарияланады.
Экологтар Атырауда егілген лотос экожүйені құртып, өзенді батпаққа айналдырады деп дабыл қақты