Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Анам бүгін келе ме?": Жақынынан айырылған балаға қаралы хабарды қалай жеткізу керек

Фото: pravmir.ru

Қазақта жақыны қайтыс болған адамға қаралы хабарды арнайы жеткізетін естірту дәстүрі бар. Алайда әлі 10 жасқа да толмаған балаға анасының, әкесінің немесе өзіне жақын адамның өмірден өткенін қалай түсіндіру керек? Әлеуметтік желіде бес жастағы қызына анасының қайтыс болғанын айта алмай жүрген әйелдің жазбасы талқыланды. Осы орайда Stan.kz тілшісі балалардың өлімді қабылдау ерекшелігін, жақынынан айырылған балаға қалай қолдау көрсету керегін және қазақтың естірту дәстүрінің мәнін зерделеп көрді.

"Туған күнімде анам келеді деп ойладым": Әйел бес жастағы қызға шындықты айта алмай жүр

Әлеуметтік желіде желі қолданушысы бес жастағы қызға анасының қайтыс болғанын қалай жеткізерін білмей жүргенін жазған. Оның айтуынша, әпкесі жарты жыл бұрын жол апатынан қайтыс болған. Артында бес жастағы қызы қалған. Бала туғалы әкесімен араласпағандықтан, қызына қамқорлық жасау міндеті өзіне жүктелген.

"Жарты жыл бұрын туған әпкем жол апатынан қайтыс болды. Артында бес жастағы қызы қалды. Қыз туғалы әкесін көрмеген. Содан бері оған қамқор болу міндеті маған жүктелді. Әкесі кішкентайынан бастап өміріне араласпағандықтан, әпкем мен қызы бір-бірімен кіндігі байланғандай өмір сүретін. Бір-бірінсіз ұйықтамайтын. Қашан көрсең де, өздерімен-өздері бақытты болып, анда-санда жеген тәттілеріне мәз-мейрам болып отыратын. Әпкем қайтыс болғаннан кейін қызына анаң ұшақпен жұмысқа кетті, жұмысы әлі біткен жоқ деп айтып жүрдім. Бірақ ол анасын қайта-қайта сұрай беретін. Күн сайын: “Анам бүгін келе ме?” – деп сұраулы жүзбен үңілетін. Бір күні, туған күнінде шар, торт, аниматор дайындап, бәрін апарып құттықтамақ болдым. Бірақ ол ренжіп, жылап, ешқайсысын керек қылмады. “Туған күнімде анам келеді деп ойладым”, – деп жылап қалды. Енді оған шындықты қалай жеткізерімді білмеймін", – деп жазған желі қолданушысы.

Осы жазбаның астында пікір қалдырған тағы бір әйел өз тәжірибесін бөліскен. Оның күйеуі жеке көлік тұрағында газға уланып, қайтыс болған. Ол балаларына әкелерінің жүрегі тоқтап қалғанын, көкке ұшып кеткенін айтып түсіндірген.

"Күйеуім гаражда иісті газға уланып, қайтыс болды. Балаларыма әкелерінің жүрегі тоқтап қалғанын, оның көкке ұшып кеткенін, енді аспандағы бұлттардың арасынан сендерді бақылап жүретінін айттым.

Балалар әкесінің қайтыс болғанын әлі білмей жүрген кезде кіші балам түс көріпті. Түсінде әкесін гаражда бір дәу ұрлап кетіп, жеп қойғанын айтыпты. Сосын “гараждағы дәуді қуып шығару керек, ол енді басқа ағаларды жемесін, сондықтан өлтіремін” деп күйзеліске түсіп жүр. Енді балаға гаражда ешқандай дәудің жоқ екенін, газға уланып қайтыс болғанын айтқаным дұрыс па деп ойланып жүрмін", – деген әйел.

Бала өлімді қалай қабылдайды? Жалған үміттің салдары қандай?

Бала қай жаста өлімді қалай қабылдайтыны туралы психолог Маржан Егембердиевадан пікір алып сұрадық. Оның айтуынша, баланың жақынының қайтыс болғанын қалай қабылдайтыны оның жасына, психологиялық дамуына және марқұммен қарым-қатынасына байланысты. 

"Мектепке дейінгі жастағы балалар өлімнің қайтымсыз екенін толық түсіне бермейді. Олар адам біраз уақытқа кетіп, кейін қайта оралады деп ойлауы мүмкін. Сондықтан бес-алты жастағы баланың анасын немесе әкесін күтуі, туған күніне не мерекеге келеді деп үміттенуі осы жастағы балалардың өлімді қабылдау ерекшелігімен байланысты болуы ықтимал. Мұндайда ересектер баланы ауыр хабардан қорғау үшін "анаң жұмыста", "әкең іссапарда", "ол ұзаққа кетті" деген түсіндірулерді қолдануы мүмкін. Алайда мұндай сөздер баланың үмітін үзбей, жақынының қайтып келуін күтуіне себеп болады. Мәселен, анасы туған күніне келмесе, бала оны келесі мерекеде күтеді. Осылайша, әрбір маңызды күн оның көңілін қайта қалдыруы мүмкін", – дейді психолог.

Сондай-ақ баланың өлім туралы түсінігін қалыптастыру үшін шындықты жасына сай, қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізу керегін айтады. Мамандар "ұйықтап қалды", "алысқа кетті", "аспанға ұшып кетті" деген сөздерді өлімнің орнына қолданбауға кеңес береді.

“Кішкентай балалар мұндай сөздерді тура мағынасында қабылдауы мүмкін. Мысалы, "ұйықтап қалды" деген түсіндіруден кейін ұйықтаудан қорқуы, ал "алысқа кетті" деген сөзден кейін жақынының оралуын күтуі ықтимал. Балаға "Анаң қайтыс болды. Ол енді тыныс алмайды, сөйлей алмайды және үйге қайтып келмейді" деп түсіндіруге болады. Егер адам жол апатынан қайтыс болса, апаттың қорқынышты көріністерін егжей-тегжейлі баяндаудың қажеті жоқ. "Анаң жол апатына түсті. Дәрігерлер оны аман алып қала алмады" деп айту жеткілікті”, – дейді маман.

Тағы бір маңызды мәселе – баланың өзін кінәлауына жол бермеу. Кішкентай балалар кейде өздерінің ойы, сөзі немесе әрекеті жақынының өліміне себеп болды деп ойлауы мүмкін. Сондықтан балаға "Сен бұған кінәлі емессің. Бұл сенің әрекетіңнен болған жоқ" деп бірнеше рет айту қажет екенін де қоса кетті психолог.

Балаға қаралы хабарды қалай жеткізу керек?

Баламен өлім туралы сөйлесу үшін арнайы дайындалған дұрыс. Ең алдымен, оны бөтен адамдар жоқ, тыныш жерге шақырып, қасында сенетін ересек адамның болғаны жөн.

Психологтың кеңесіне сүйенсек, мынадай тәсілдерді қолдануға болады:

  • Біріншіден, шындықты жасырмау керек. Бала анасының немесе әкесінің қайтыс болғанын басқа адамдардан кездейсоқ жағдайда естігеннен гөрі, сенетін жақынынан білгені дұрыс. Әсіресе жарты жыл бойы анасының оралуын күтіп жүрген балаға жалған үміт сыйлай беру оны терең күйзеліске түсіреді.
  • Екіншіден, қарапайым сөздерді пайдалану қажет. "Қайтыс болды", "өлді" деген сөздерден қашпай, баланың жасына қарай мағынасын түсіндірген жөн. "Аспанға ұшты", "ұзақ сапарға кетті" деген сөздер діни немесе отбасылық сенім тұрғысынан айтылуы мүмкін, бірақ олар өлімнің биологиялық мағынасын алмастырмауы керек.
  • Үшіншіден, ақпаратты бірден үйіп-төкпей, бөліп айту керек. Алдымен адамның қайтыс болғанын түсіндіріп, баланың реакциясын күткен жөн. Кейін сұрақтарына жауап беруге болады. Балаға қажет болса, әңгімені бірнеше рет жалғастыруға тура келеді.
  • Төртіншіден, баланың сезіміне еркіндік беру керек. Ол жыласа, ашуланса немесе үндемей қалса, оны сөкпеген жөн. "Жылама", "енді үлкен болдың", "мықты болуың керек" деген сөздер баланың сезімін іште сақтауына ықпал етуі мүмкін.
  • Бесіншіден, қауіпсіздік сезімін қалыптастыру қажет. Балаға енді кімнің қамқор болатынын, қайда тұратынын, кімнің оны балабақшаға апаратынын, күнделікті өмірі қалай жалғасатынын түсіндіру маңызды. Жақынынан айырылғаннан кейін тұрақты күтім мен сенімді ересек адамның жанында болуы ерекше мәнге ие.
  • Алтыншыдан, марқұм туралы естеліктерді сақтауға мүмкіндік берген жөн. Анасының суреттерін бірге қарау, ол туралы жақсы естеліктерді айту, сурет салу немесе хат жазу баланың сезімін білдіруіне көмектеседі. Бұл әрекеттерді мәжбүрлеуге болмайды, баланың өзі қалаған кезде жасағаны дұрыс.

Баланы жерлеу рәсіміне қатыстыруға бола ма?
Қазақ дәстүрінде баланы өлім мен жақынын жоғалту жағдайынан оқшауламаған. Этнограф-тарихшы Жанболат Қазанғапов бұрын балалардың жерлеу рәсімдеріне қатысып, өмірдің ауыр сәттерін жастайынан көргенін айтады. Оның сөзінше, бұл баланы өмірдің түрлі сынағына бейімдеудің бір жолы болған.

"Қазақ дәстүрінде баланы жерлеу рәсіміне қатыстыруға шектеу қойылмаған. Халқымыз баланы өмірдің түрлі сынағына жастайынан бейімдеген. Мәселен, сүйекке кіретін кезде ер жетіп қалған баласына әкесі: “Балам, менің орныма барып кір”, – деп үйреткен. Өз басым, жан тапсырайын деп жатқан адамды бесінші сыныпта көрдім. Сол кезде бойымды қорқыныш билеп, бір-екі күн ұйықтай алмадым. Адамның тілі соншалықты ұзарып кететінін, оны алюминий қасықпен кері итеретінін, екі адамның екі жағынан табанын уқалап, жаны қиналмай кетсін деп түрлі жоралғылар жасайтынын сол кезде түсіндік", – дейді этнограф-тарихшы Жанболат Қазанғапов.

Ал психолог Маржан Егембердиеваның айтуынша, баланың жерлеу рәсіміне қатысуы оның өлімнің қайтымсыз екенін түсінуіне және жақынымен қоштасуына көмектесуі мүмкін екенін айтады. Бірақ мұның маңызды шарты бар: балаға рәсімде не болатынын алдын ала түсіндіру керек.

"Мысалы, "Біз анаңмен қоштасу үшін мешітке барамыз. Онда адамдар дұға оқиды, кейбірі жылайды. Кейін оны зиратқа жерлейді" деп түсіндіруге болады. Баланың жанында оны қолдайтын, қажет болса рәсімнен алып шыға алатын сенімді ересек адам болғаны жөн. Баланы міндетті түрде қатыстыру да, мүлдем қатыстырмау да дұрыс шешім бола бермейді. Оның жасын, қалауын, жағдайды түсіну деңгейін ескерген жөн. Егер қатысқысы келмесе, басқа жолмен қоштасуға мүмкіндік беруге болады. Мысалы, сурет салу, гүл қою немесе марқұм туралы естелік айту", – деді Маржан Егембердиева.

Баланың қайғысы қандай белгілермен байқалады?

Жақынынан айырылған баланың мінез-құлқында өзгерістер болуы мүмкін. Кейбірі бұрынғыдан тұйықталып, кейбірі ашуланшақ болып кетеді. Бірі түнде шошып оянса, екіншісі жалғыз қалудан қорқуы мүмкін.

Мынадай өзгерістерге назар аударған жөн:

  • Ұйқысының бұзылуы, түнде шошып оянуы;
  • Бұрын қалыптасқан дағдыларынан кері шегіну, мысалы, төсегіне зәр шығару;
  • Анасы немесе әкесі сияқты жақын адамынан айырылып қалудан қорқу;
  • Балабақшаға немесе мектепке барғысы келмеу;
  • Ашуланшақтық, жылау, тұйықталу;
  • Ойын барысында өлім, қоштасу немесе жоғалту тақырыбын жиі қайталау;
  • Марқұмды еске түсіретін адамдар мен орындардан қашу.

Қазақтың естірту дәстүрі: Жетім балаға кім қамқор болған?

Қазақ халқы қаралы хабарды жеткізудің өзіндік жолын қалыптастырған. Естірту кезінде адамды ауыр хабарға біртіндеп дайындап, қайғылы жағдайды астарлап жеткізген. Этнограф-тарихшы Жанболат Қазанғапов қазақ дүниетанымындағы өлімге қатысты түсініктерге тоқталды.

"Жақын адамынан айырылған жандардың қайғысын білдіру дәстүрін Геродоттың еңбектерінен де кездестіруге болады. Оның жазуынша, адамдар дауыс шығарып, беттерін тырнап, шаштарын жұлып жоқтаған. Қазақ халқы да ежелден өлім туралы хабарды естіртуді парыз санаған. Қазақ дүниетанымында өлімді жас ерекшелігіне қарай төртке бөліп қарастырады. Біріншісі – жеті жасқа дейінгі балалардың өлімі. Кішкентай бала қайтыс болғанда, оның жақындарына дәстүрлі мағынада көңіл айтпай, "шапағаты тисін" деген тілек білдірген. Екіншісі – 33 жасқа дейін өмірден өткен адамдар. Қазақ мұндай жандарды "қыршын кеткен" деп атаған. Үшіншісі – 62 жасқа дейін өмірден өткендер. Оларды қазақ "жетеріне жетпегендер" деп сипаттаған. Төртіншісі – 80 жастан асқан адамдар. Мұндай жасты қазақ тоймен теңестірген", – деді этнограф.

Естірту кезінде қайғылы хабар бірден айтылмаған. Алдымен өмір мен өлім туралы сөз қозғалып, адамды ауыр хабарды қабылдауға дайындаған. Кейін қаралы хабарды астарлап жеткізген.

"Мәселен, "Ақсұңқардың қанаты сынды", "Келмеске кетті" деген тіркестерді қолданған. Жаугершілік заманда қайтыс болған адамның денесі жау қолында қалып қойса, оның қазасын жақындарына білдіру үшін босағасына қамшысын сындырып қойып кеткен", – деді Жанболат Қазанғапов.

Қазақ дәстүрінде ата-анасынан айырылған баланы бүкіл әулет қамқорлығына алып, оның көңіліне ерекше қараған. Ал қайғылы хабарды балаға жеткізуде оның жас ерекшелігі мен психологиялық жағдайы ескерілген.

"Қазақ дәстүрінде кішкентай балаға жақын туыстары, соның ішінде үлкен ата-әжесі, көбіне ер адам қайғылы хабарды жеткізуге тырысқан. Бала шошынып қалмауы үшін оған бірден айтпай, біраз уақыт күткен. Ал ес білген бала жағдайды өзі де түсіне бастаған.
Қазір балалардың дүниетанымы кең. Сондықтан оларға "анаң аспанда ұшып жүр" деген сияқты сөздер айтсақ, мұндай түсіндіруге сене қояды деп ойламаймын. Ерте ме, кеш пе, балаға шындықты айтқан жөн", – дейді этнограф-тарихшы.

Халықаралық тәжірибе: Баланың қайғысын жеңілдетудің қандай әдістері бар?

Балаларға арналған арнайы кітаптар
Ұлыбритания мен АҚШ-та балаларға өлім мен жақынын жоғалту ұғымын түсіндіруге арналған арнайы кітаптар кеңінен қолданылады. Мұндай шығармаларда адамның не себепті қайтыс болатыны, өлімнің қайтымсыз екені және жақынынан айырылған баланың қандай сезімдерді бастан өткеруі мүмкін екені қарапайым тілмен баяндалады.
Кітап оқу баланың түсінбеген сұрақтарын қоюына және өз сезімдерін сөзбен жеткізуіне көмектеседі. Ересек адам шығарманы баламен бірге оқып, оның сұрақтарына асықпай жауап бере алады. 

Қайғыны ойын және шығармашылық арқылы білдіру

Кейбір балалар өз сезімдерін сөзбен жеткізуге қиналады. Сондықтан психологтар сурет салу, қуыршақтармен ойнау, ермексаздан мүсін жасау және оқиға құрастыру сияқты шығармашылық әдістерді пайдаланады.
Мысалы, бала марқұм анасын суретте бейнелеуі немесе онымен байланысты естеліктерін ойын арқылы көрсетуі мүмкін. Мұндай әрекеттер баланың ішкі сезімдерін білдіруіне мүмкіндік береді. Алайда оны марқұм туралы сурет салуға немесе сөйлесуге мәжбүрлеуге болмайды.

Естелік қорапшасы мен альбом жасау
Шетелдік психологиялық қолдау тәжірибесінде қолданылатын тағы бір тәсіл – марқұм туралы естеліктерді сақтайтын арнайы қорапша немесе альбом жасау. Оған адамның фотосуреттерін, хаттарын, бірге түскен суреттерін, сүйікті заттарын немесе баланың өзі жасаған бұйымдарын салуға болады.
Мысалы, анасынан айырылған бала онымен бірге түскен суреттерін жинап, анасы туралы естеліктерін сурет немесе қысқа әңгіме түрінде сақтай алады. Бұл баланың жақынын ұмытпай, ол туралы жақсы естеліктерін сақтауға көмектеседі.

Қолдау топтары мен мамандардың көмегі

АҚШ пен Ұлыбританияда ата-анасынан немесе басқа жақын адамынан айырылған балаларға арналған арнайы психологиялық қолдау бағдарламалары бар. Мұндай топтарда балалар өздері сияқты жақынын жоғалтқан құрдастарымен араласып, сезімдерімен бөлісе алады.
Мысалы, Ұлыбританиядағы Child Bereavement UK ұйымы жақынынан айырылған балалар мен олардың отбасыларына психологиялық қолдау көрсетеді. Ұйым мамандары балалармен жеке жұмыс істеп, ата-аналарға да қайғылы хабарды жеткізу және баланың сезімін қабылдау жолдарын түсіндіреді.

Қазақстанда балаға психологиялық көмекті қайдан алуға болады?

Жақынынан айырылған балаға қолдау көрсету тек отбасының міндеті емес. Қажет болған жағдайда мектеп психологына, балалар психологына немесе психологиялық қолдау орталығына жүгінуге болады.

Қазақстанда отбасы, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша "111" мемлекеттік байланыс орталығы жұмыс істейді. Онда азаматтарға консультациялық, құқықтық, ұйымдастырушылық және психологиялық көмек көрсетіледі. Өтініштер қазақ және орыс тілдерінде тәулік бойы қабылданады. 

Сонымен қатар білім беру ұйымдарындағы психологиялық-педагогикалық қолдау қызметіне жүгінуге болады. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялар мен тиісті түзету кабинеттері арқылы балаларға қолдау көрсететін мемлекеттік қызметтер бар. 

Алайда жақынынан айырылған әр балаға міндетті түрде психологиялық диагноз қойып, емдеу қажет емес. Ең алдымен оның жанында тұрақты қамқор болатын ересек адамның болуы, сұрақтарына жауап беруі және сезімін қабылдауы маңызды.

Ақгүл Айдарбекқызы
Жұма, 13 Қараша, 2026 10:30