Ақтөбеде шіркей қаптады: Тұрғындар көшеге шыққанда беті-басын жауып жүруге мәжбүр
Ақтөбеде шіркей көбейіп, тұрғындардың мазасын қашырды. Көше мен ауланы, су айдындарының маңын қаптаған ұсақ жәндіктер жұрттың көзіне, мұрны мен аузына кіріп, сыртта жүруді қиындатқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Тұрғындар Threads желісінде шіркей үйірінің видеоларын жариялап жатыр. Кадрлардан жәндіктердің ағаштарға, үй қабырғаларына және адамдардың киіміне қонып, қаптап жүргенін көруге болады. Бір видеода олардың көптігі сонша, жауған жаңбырдай көрінеді. Енді бірінде бойжеткен күртесінің күләпарасын көзіне дейін тартып, көзілдірігін ғана ашық қалдырған.
“Бес минутқа сыртқа шығып едім, үйге жалғыз қайтпадым”, – деп әзілдейді ақтөбеліктер.
Дегенмен тұрғындардың көбі шіркейден қорғанудың амалын таппай әлек. Айтуларынша, жәндіктер шаш пен киімге жабысып, бетке үймелейді. Көшеде жүргендер оларды қолымен қағып, қорғануға мәжбүр.
“Ақтөбе, бізге ғана солай көріне ме, әлде шіркейлер қаланы иемденіп алды ма?” – деп жазған желі қолданушыларының бірі.
Пікір қалдырғандар қалада жәндіктерге қарсы дәрілеу жүргізіле ме деп сұрап, жауапты мекемелерді шара қабылдауға шақырған. Кейбірі мұндай жағдайдың бұрын да болғанын айтып, ағаштар мен жасыл желектердің маусым сайын өңделуін қадағалауды сұрайды.
Әкімдік не дейді?
Ақтөбе әкімдігі шіркейдің көбеюін ауа райымен байланыстырды. Қалалық билік жаздың жаңбырлы болуы және одан кейін күннің жылынуы жәндіктердің көбеюіне қолайлы жағдай туғызған деп түсіндірді.
Әкімдік мәліметінше, Астана және Алматы аудандарында жасыл аумақтарды жәндіктерге қарсы дәрілеу кестеге сай жүргізіліп жатыр. Алматы ауданында көшелер мен гүлзарларды өңдеудің сегізінші кезеңі басталған.
“Ахтанов, Шернияз, Қонаев көшелерінде және Кереев гүлзарында екі бригада жұмыс істеп жатыр. Оған үш арнайы техника мен алты маман жұмылдырылған. Өңдеу үшін қауіптіліктің төртінші класына жататын “Аргумент” препараты қолданылады. Дәрілеу түнде, қараңғы түскеннен таң атқанға дейін жүргізіледі”, – делінген әкімдіктің жауабында.
Әкімдік аталған препараттың адамға қауіпсіз екенін хабарлады. Жергілікті биліктің мәліметінше, дәрілеу жұмыстары тағы үш күн жалғасады.
"Біз славян қазақтарымыз": Қазақстандық әке жеті баласына қазақ тілі мен домбыра үйретіп жүр
