"Ол да үйде отырады": Марқұм Мадинаның анасы қызының отбасылық өмірі туралы айтты
Марқұм Мадина Рашидқызының анасы қызының жұмысқа орналасуына қатысты құдағиымен болған әңгімені айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның сөзінше, қызы диплом алғаннан кейін мамандығы бойынша еңбек етсе деген тілегі болған. Алайда құдағиы бұл ұсынысты қолдамаған.
“Диплом алғаннан кейін жұмысқа кіргізейікші деп құдағиыма айттым. Ол: “Мен 20 жыл үйде отырдым, ол да отырады” деді”, – деп еске алды Мадинаның анасы.
Оның айтуынша, құдағиы өзінің жас кезіндегі тұрмысын мысалға келтіріп, келініне ондай ауыр жұмыс істетпейтінін айтқан.
"Мен кезінде таңғы бесте тұрып, жер аударатын едім. Оған ондай жұмыс істетіп жатқан жоқпын", – деді.
"Қызымның өзіне айтпасам да, ішімнен: “Қызым-ау, қайдан ғана мұндай отбасына тап болдың?” – деп ойлайтынмын", – деді анасы.

Сондай-ақ ол қызына сыйлаған алтын әшекейлердің тұрмыстық қажеттіліктерге жұмсалғанын жеткізді. Айтуынша, әшекейлер бірде несие төлеу үшін, бірде кір жуғыш машина және басқа заттар алу үшін сатылған.
Анасының сөзінше, қызы тұрған үйдегі тоңазытқыш та істемеген. Мадина туған күніне орай жаңа тоңазытқышқа тапсырыс берілгенін айтып, оның жеткізілуін күтіп жүрген.
Тергеу туралы не белгілі
Жамбыл облысының Полиция департаменті бұған дейін өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу дерегі бойынша соталды тергеу басталғанын мәлімдеген.
Құқық қорғау органдары болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп жатқанын айтты.
Тергеу мүддесіне байланысты полиция басқа ақпаратты жарияламады.
Еске салайық, 17 тамызда Жамбыл облысының Мерке ауылында 19 жастағы Мадина Рашидқызымен қоштасу рәсімі өтті. Жас келіншектің артында сегіз айлық сәбиі қалды. Алдын ала мәлімет бойынша Мадина отбасындағы жанжалдардан кейін өзіне қол жұмсаған. Алайда марқұмның жақындары осы нұсқаға сенбейтінін айтып отыр. Қоштасу рәсіміне журналистер де қатысып, марқұмның күйеуінің туыстары болмағанын байқаған.
Туыстарының айтуынша, Мадинаның қайын жұрты қоштасуға келмеген. Бұған дейін Мадинаның құрбысы қыздың отбасындағы жанжалдар туралы айтып, күйеуінен таяқ жегенін мәлімдеген. Құрбысы оның денесіндегі көгерген жерлерді көргенін және жарақаттарының фотосуреттерін алғанын айтқан. Жақындарының сөзінше, соңғы жанжал балаға алынған тәттіге байланысты болған. Мадина "Барни" тәттісін жегені үшін күйеуінің оны ұрғанын айтқан деген ақпарат тараған. Осыдан кейін жас келіншек күйеуінен кетіп, ажырасуды жоспарлаған. Оқиға бойынша Жамбыл облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғап, адамды суицидке жеткізу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастаған. Қазір қажетті тергеу амалдары жүргізіліп, оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, тергеу жалғасып жатыр.
"Біз славян қазақтарымыз": Қазақстандық әке жеті баласына қазақ тілі мен домбыра үйретіп жүр